Ата жауымыз Мұқырының есімін әспеттеудеміз. Неге?

3.jpg

 «Қалмақтың тепкісін көп көрген, бостандық үшін көп қырғынға ұшыраған қазақтардың бір бұтағы – Суандар» дейді Талдықорған қаласының тұрғыны  Ғабдолла Байнөсеров өз сөзінде. Бұл тарихи шындық. Атақты Қазыбек бек Тауасарұлының «Түп-тұқияннан өзіме шейін атты әйгілі кітабында, Мұқырыны өлтірген Бағай батыр екенін айта келіп: «Бек аға, - деді жылап жіберіп, - бүкіл Суанды осы Мұқыры мен оның ағайындары қанқақсатып, көрсетпеген қорлығы жоқ еді, құдайдан айналайын, бұл дүниенің қысастығы о дүниеге кетпейді деуші еді, құдай қашан ыңғайын берер екен деп жүруші едім, сәті түсті, өшімді алдым - деп  Бағай шынымен жылап жіберді»- деген жолдар бар. Жауынан кек қайтарған қайсар батырдың, елінің көрген қорлығы үшін жас баладай еңкілдеп жылап жібергені оқыған адамның жүрегін тебірентері анық. Елін сүйген ер осындай-ақ болар. Ал сол қазаққа көрсетпеген қорлығы қалмаған ата жауымыз Мұқырының аты тарихта «Мұқыры ауылы» болып қалып, оның жекпе-жекте басын алған қазақ батырының атаусыз қалғаны ащы да болса шындық. Бұл не? Тарихтың тәлкегі ме, жоқ қазақтардың бишаралығы ма? Мақұл, орысқа бодан болып тұрған жылдары батырларымыздың атын атауға да тыйым салынды. Ұрпақ рухтанып, асқақтап кетеді деп қорықты. Ал тәуелсіздік алып, өткенімізді түгендеп, өшкенімізді жандырып, ұрпағымыздың рухы асқақ болсын деп батырларымызға ескерткіштер тұрғызып жатқан осы уақытта Мұқырының атын алып тастап Бағай батырдың есімін қоюға не тосқауыл болып тұр?

2.jpg

 БАҒАЙ батыр   (1703-1733 жж)

    Бағай батыр аңызға құрылмаған, тарихта болған адам екеніне Қазыбек бектің аталмыш кітабы, Бұқар жырау Қалқаманұлының жырлары, туыстарының бүгінге дейін жеткен әңгімелері куә. Осы деректер бойынша есептегенде Бағай 1703 жылы дүниеге келіп, 1733 жылы қаза болған.

Мұқыры ауылының жастарынан:

- Ауылдарыңа аты берілген Мұқыры деген кім? – деп сұрасақ, бірі «қазақтың батыры шығар» десе, енді бірі «қазақтың ақыны» деп жауап береді.

 Жастарда әрине кінә жоқ. Текелі ойпатының ең көрікті жеріне орналасқан үлкен

ауылға ата жауымыздың атын қойып отырғанымызды олар қайдан білсін.

«Жүзге бөлінгеннің – жүзі күйсін» деп Төле би бабамыз бүгінді болжап айтқан шығар-ау. Әйтпесе:  «Бағайым аз Суаннан,

                                     Ат жалын тартып мінгенде,

                                     Барлық елі қуанған, -

деп көмекей әулие Бұхар жырау айтқандай аз Суаннан шыққан батырдың есімін ұлықтауға неге енжарлық танытып отырмыз? Ел тізгінін ұстаған азаматтар Мұқырының ата жауымыз екенін, оны өлтірген Бағай екенін білмей отыр ма? Руани жаңғыру бағдарламасы аясында бұрынғы аттарын өзгертіп, сол жер үшін қанын төгіп, жанын қиған қазақ батырларына аудан, ауыл аттарын қайтарып беріп жатқанымызда Бағай батыр неге тасада қала береді?                                             

 Бағай батырдың да қайта тірілетін уақыты болды ағайын. Батырға «Мұқыры ауылының» атын қайтарсақ ел мен жер үшін жан қиған ерлеріміздің рухы риза болары хақ.

Мен 2011 жылы «Бағай батыр» атты поэма жазып едім. Сол шығармамдағы Бағай мен Мұқырының жекпе-жегінен үзінді ұсынайын:

...Майданға Бағай жөнеді,

Қалмақтың алып екенін

Соқыр адам да көреді.

Ақырып шықты алдынан –

бой-сойына сенеді.

Бағайдың түрін көргенде

селт еткізді алыпты,

Мұқыры аң-таң қалыпаты.

Бұрынғы талай ұрыста

Байқаған осы баланы

Жанарынан от шашып

Кектене бұға қараған.

Қарасында ызғар бар,

Жолбарыстай жараған...

...Қалмақ енді күйінді,

найзасымен шүйілді.

Қазақ бірақ бұлт етіп,

сол жағына иілді.

Бөлек досы үйреткен,

әдісімен түйілді.

Мұқырының сілтеген,

найзасы ауа қармады.

Серіппедей жас жігіт,

талай жауды түсірген

ойратты оңай алдады.

Енді қалмақ ашынды,

боқтық айтып ашулы,

көпірме сөзбен тасынды.

Бұған Бағай күледі,

Торғауыт тілін білетін.

Күлгеніне Бағайдың

ашуға ойрат мінеді,

қылышын алып қолына,

көздерін қадап тігеді.

Ұмтыла беріп қараса,

ер үстінде қазақ жоқ,

аңтарылып тұр еді,                       

арыны қайда бастапқы?

Шайлығып қалған жүрегі.

Бағай батыр осылай,

кейінге күшін іркеді...

Қалмақты шайтан түртеді,

селт етіп аты үркеді.

Ат бауырынан лып етіп,

Бағай атып шығады.

Алақтап тұрған жауына

алдаспанын  ұрады.

Бұлғаң етіп сол сәтте,

басы бөлек домалап,

Мұқыры аттан құлады.

Атқылаған қара қан,

омырауын жуады,

денесі жерге сұлады...

Әлгіні көріп шұрқырап

Қалмақтар боздап жылады.

Көзінің жасын бұлады,

Сөнгендей болды шырағы...

 Осылай қанқұйлы Мұқырыны жер жастандырған Суан – Бәйтүгей – Жылгелді – Елшібек – Бағай батыр еді. Жасынан қайратты болып өскен жас жігіт, атасы Елтінді батырдың жанына еріп, айқасқа ерте араласты.

Қасқары ұлы Молдабай,

Қара күші мол Бағай.

Бәрің батыр, бәрің бек,

Тұрсың-ау ығай мен сығай, -

деп Бұхар жырау Бағайдың күшті жігіт болғанын жырына қосқан. Амал қанша, Бағай үйленбей, жастай өмірден өткен. Қалай, қашан қайтыс болғаны, сүйегі қай жерде жатқаны белгісіз. «Боздағым» деп осындай жастарды айтады дейді. Ел мен жері үшін он бес жасында атқа қонып, жаумен жағаласып, өмірден ұрпақсыз өткен боздағымыз Бағай батыр тарихтан өз орнын алуға тиіс.

Ғабдулла Байнөсеровтың аталмыш мақаласында айтылған мәселеге аудан жұрты түгелдей қолдау көрсетіп отыр. Ол кісіге туыстарының атынан үлкен рахмет айтамыз.

Елбасымыздың салиқалы саясатын білгірлікпен іске асырып отырған облыс әкімі мен көзі ашық, көкірегі ояу, жүрегінде намыс оты бар ел азаматтары бұл мәселені осылай жерде қалдырмас деп сенеміз.

Исламғали ҮРКІМБАЙҰЛЫ

ақын, Қазақстан Жазушылар және

Журналистер Одағының мүшесі.

 

 

 



Ұқсас тақырыптар