Сәкен – ұлттың жауы емес!

1.jpeg

Сәкентанушы-ғалым Тұрсынбек Кәкішұлы жүйелі жан-жақты зерттеп, жинақтап, музей қорына 100-ден аса құжат өткізді. Зиялыларымызға айтылып, жазылып жатқан жайттарға көзі тірісінде айтып, жазып кеткен қолжазбалары негізінде және музейдегі фактіге негізделген құжаттарды сөйлетуді жөн көрдім. Зерттеуші қауым білгенмен, қарапайым халыққа түсінікті болсын.

Сәкенге жабылған орынсыз жалалар хақында

Сәкен Сейфуллин!

Осы аяулы тұлғамыз – қазақтың трагедиялы перзенті. Ноқталы өмірдің кер арқанын үзіп шығып, өзі сүйген Қызыл үкіметтің қолынан мерт болған, тағдырдың құйқалы бар азабын өз замандастары сықылды тең тартқан азаматтың арамыздан өткеніне 80 жыл болса да, оның тұлғасын күстаналауға, қаралауға деген ниет басылар емес. Сөздің ақиқатын айтсақ, Сәкен Сейфуллин – қазақ дегенде ішер асын жерге қоятын азамат еді ғой. Оның қазақ елі үшін жасаған еңбегі ұшан-теңіз. Сәкентанушы-ғалым Тұрсынбек Кәкішұлы жүйелі жан-жақты зерттеп, жинақтап, музей қорына 100-ден аса құжат өткізді. Зиялыларымызға айтылып, жазылып жатқан жайттарға көзі тірісінде айтып, жазып кеткен қолжазбалары негізінде және музейдегі фактіге негізделген құжаттарды сөйлетуді жөн көрдім. Зерттеуші қауым білгенмен, қарапайым халыққа түсінікті болсын.

«Қып-қызыл коммунист болған Сәкен қай жерде, қашан өз ұлтына, қазаққа жаны ашыпты, ұлтжандылығын көрсетіпті, жіліктің майлы басын интернационализм туы астында отырып қалай ыңғайлапты» дегенге келер болсақ, Сәкен ыңғайы келген тұста қазаққа бұра білгендігін талай іс-қимылынан анық көреміз. «Ойпырмай», қу НЭП, қойдың ғой жеп» деп жаңа экономика саясатына қарсы шығуы жалпылық сипатта болса, онда жер-жердегі мекемелер һәм Қазақстанның бас мекемелері қолындағы барлық қаражаттың қақ жартысын /50 процентін/ оқу ісіне жұмсау керек!» деп бұйрық беруі, партия мен өкімет тұлан тұтып жатқанда Ахмет Байтұрсыновтың елу жылдығының салтанатты жиналысын өзі ашып, екі мақала жазуы, «Алаш көсемін ардақтап жатырсың» деп әсіре төңкерісшілдердің шаптыққандарына пысқырып та қарамай, «Ахмет Байтұрсынұлы ұлтын шын сүйетін, шын ұлтшыл» деп газетке жазып, құрмет көрсетуінің өзі Сәкеннің түпкі пиғылынана хабар берсе керек»... Мемлекет билігі қолына тигенде 1923 жылы 15 ақпанда «Қазақты қазақ дейік, қатені түзетейік» деп мақала жазды.«Басқа жұрттан бұрын өзімізді өзіміз «киргиз» дейміз. Бұл біздің әлсіздігімізді көрсетеді» деп алады да, Қазақстан орталық өкіметі «киргиз» дегенді қойып, «қазақ» деген есімді қолдану керек деп ұсыныс жасапты. Қазақ тілінде жазылған ойлар республиканың басшыларына қалай аударылып жеткізілгенін құдай білсін, үкімет басшылығының ұсынысына дереу құлақ асқан партия, кеңес органдары болмай, әйтеуір Орта Азиядағы жер бөлінісінің дүмпуімен 1925 жылдың жазында, Y съезде әрең дегенде тарихи атымызға ие болдық-ау. Соны көтерген Сәкеннен басқа кім болды осы кезде? Біреудің еңбегін біреуге ойланбай, білмей таңа салатындардың осыдан хабары бар ма екен?»... 1923 жылы 9 маусымда «Кеңсе істерін қазақ тілінде жүргізу керек» деген атақты мақаласы жарияланды... 1923 жылдың 22 қарашасында Орталық Атқару комитетінің дектерін қабылдатты. Кеңседегі істерді қазақ тілінде 1924 жылдың 1 шілдесінен басталатын болды. Совнарком тарапынан бұйрық беріп, қолынан келгеннің бәрін жасады... Сәкеннен кейін үкімет басына келген Н.Нұрмақов тұсында мекемелерді жергіліктендіру науқаны жайындағы аз-мұз талпыныс аштық әлегіне ұшырады... деп жазады (Тұрсынбек Кәкішұлы. «Аңыз адам», 2015жылы мамыр)

Екінші бір жала, «Сәкен Кеңес Одағының ұлтсыздандыру идеологиясы мен саяси террорынан қазақ халқын сақтандырған алаш азаматтарының жазған еңбектерін өртеп, оқу бағдарламасынан алып тастады»-дегенге келер болсақ, мүлдем шындыққа жанаспайды. Бұл жерде құжаттарды сөйлетейік; С.Сейфуллинді толғандырған көп мәселелердің бірі де, бірегейі қазақ әдебиетінің мәселесі, оқулықтың жетіспеушілігі. Жазылған әдебиеттердің көркемдік жайы, қоғамдағы өзектілігі болатын. Осы мәселе жөнінде, келесі деректен көз жеткізуге болады; 1922-1928 жылдарда біраз еңбектердің баспадан шығуына өзі ұйтқы болды. Қазақ әдебиетіне байланысты оқулықтарды, оқу әдістемелік құралдар жасау барысында үлкен еңбек етті. Омбы мұрағатынан алынған мына құжатта С.Сейфуллиннің жетекшілігімен баспадан шыққан оқулықтар деген тізім көрсетілген. Атап айтсақ, тізімде Ахмет Байтұрсыновтың «Қырғыз әлипбиін үйренудегі әдістемелік нұсқа», «Әліпби», 1 және 5 басым, «Тіл құрал» 1-бөлім(фонетика), 2 бөлім (этимология), 3 бөлім (синтаксис) оқулығынан бастап, М.Әуезов «Қорғансыздың күні», «Еңлік-кебек», Ж.Аймауытов «Балқия», М.Жұмабаев «Педагогика» 1-басылым, Струминский «Ағарту саласына арналған» тағы басқа авторлар еңбектері енген. Ол кезде «киргиз» деп аталғандықтан ұлтымыздың атауы, архив деректерінде сол атаумен сақталған( 47 еңбек киргиз тілінде деп көрсетілген). Бұл еңбектер оқу-ағарту саласын дамытуда қосқан үлесінің бір мысалы ғана. Тізіммен толық және басқа да ғылыми еңбектері жайлы Астана қаласындағы С.Сейфуллин музейінің педагогика залынан және музей қорынан табуға болады.

1929 жылы «Еңбекші қазақ» газетіне (қазіргі «Егемен Қазақстан» газеті) қазақ халқының ауыз және жазба әдебиеті үлгілерін жинауға қол ұшын беру жөнінде халыққа жолдау жібереді. Жиналған материалдар нәтижесінде, Қызылорда қаласында С.Сейфуллин, І.Жансүгіров, Ә.Мәметова, Б.Майлин авторлығымен «Әдебиет тану оқу құралы» атты 5 сынып оқушыларына арналған оқулық-хрестоматия жарық көреді. Оқулық алты бөлімнен тұрды. 30 дана болып шыққан.

Оқу орындарының жатақханасына барып, ішетін тағамдарының құнарлылығына дейін қадағалаған. Мәскеуге, Петерборға қазақ жастарын жібертіп, қаржылай көмек көрсетіп отырған.Оған С.Сейфуллиннің өз сөзін келтірейін:« Елдің атқа мінген бастықтары оқу ісіне қарамай кетсе, ел балалары оқусыз жүрсе, атқа мінген ел адамдарының мойнына қазақтың келешек жас буынның мың лағнеті артылады. Көңілінде азырақ адамдықтың саңлауы бар әр қазақтың, әр азаматтың бір көзі оқу ісінде болып, соған қолынан келген жәрдемін тигізіп отыруы мойнына артылған зор парыз.Ісіңмен, күшіңмен, тіліңмен болса да оқу ісіне жәрдем қылмасаң, кейінгі жас буынның қолы жағаңда кетеді». «Еңбекші қазақ» газеті, 1923 жыл.

«1938 жылы 18 ғинуарда түрмеде отырып, Алашордашыларға қарсы өлең жазған» деген жала тағы бар, бұл кезді тарихқа үңілсек, архив деректеріне сүйенсек, түрмеде болған. Қапаста жатып көрген қиянаты жайлы НКВД құжаттары арқылы фактімен зерттеуші Амантай Кәкен ағамыз жазған. Ең соңғы түрмедегі кездесуінде жұбайы Гүлбаһрам апай тіпті танымай қалған. Осындай күй кешіп жатқанда кезінде өлең жазды деп айыптау, қисынға келмейді.

Газеттерде жарияланған «Сталинге хаты» жөнінде, анық-қанығын анықтап алмай, пікір айтудан аулақ болайық. Мұражай қорында бұл хаттың көшірмесі бар, 1989 жылдан бері сақталған. Хат машинкада басылған, онда Сәкен Сейфуллиннің ешқандай мөрі, қолтаңбасы жоқ. Музей қызметкері ретінде ойым, хатты құжат деп қарастыру қате деп ойлаймын.

Сәкен атамыз ақтауды қажет етпейтін ерен тұлға. Қазақ елінің ертеңі, тәуелсіздігі үшін жанын пида еткен арысымызды орынсыз кінәлап, әлдеқашан сүйегі қурап қалған тұлғаның қайта-қайта құлағын шулатып, ел арасына, халық бірлігіне іріткі салу мұсылмандыққа жат, адами этикаға келмейтін нәрсе. Ата-бабамыз бақилық болған адамның артынан тек жақсы сөз ғана айтқан емес пе! Әруақты мазалап абырой таппаймыз. Сөзімді Елбасымыз Н.Ә.Назарбаевтың музейге келіп қалдырған қолтаңбасымен түйіндесем: «Асыл бабамыз Сәкен Сейфуллиннің әруағы тәуелсіз елімізді желеп-жебеп жүрсін».

С.Сейфуллин музейінің

ғылыми-ағарту

бөлімінің меңгерушісі Гүлнәзия Ибраева

Baq.kz



Ұқсас тақырыптар