Толстой Тургеневті неге дуэльге шақырды?

1.jpg

Туланың Чернь елді-мекенінде әлем әдебиетінің қос классигі Тургенев пен Толстойға орнатылған ескерткіш тұр. Әудем жерде Ясная Поляна және Толстойлар әулетінің жері орналасқан. Сондай-ақ, Тургеневтің туған жері Бежин де тиіп тұр.

Әрине, аталмыш ескерткіш екі алыптың достығының белгісі болғанымен, бір заманда олардың арасында болмашы нәрсеге бола қара мысық жүгіріп өткенін біреу білсе, біреу білмес.

– Бұл тарихты көп жұрт біле бермейді, – дейді Тургенев өмірі мен шығармашылығының білгірі, жазушы, «Муравейник» журналының Бас редакторы Н.Старченко. – 1861 жылы мамыр айында Лев Николаевич Иван Сергеевичке қонаққа келеді. Екеуі ақын А.Феттке барады. Ақынның үйінде, 27 мамырда, таңғы ас үстінде екі классик арасында жанжал туады.

Тургенев өзінің қызы Полина жөнінде абыржып сөйлеп отырады. Қыздың  аты негізінен Пелагея көрінеді. Алайда, тігінші, шаруа әйел жас Иванның басын «айналдырып» алғанға ұқсайды. Өйткені, балаға әке керек болған тәрізді. Кейінірек жазушы Полинаны Парижге, П.Виардоның отбасының тәрбиесіне жібереді. Оған атақты әншінің есімін береді. Парижде ол қайырымдылықпен айналысады. Толстой оның бұл әрекетін түсінбеген болып, аздаған намысқа тиетін сөздер айтады. Тургенев болса «Аузыңызды жабыңыз» деп айқайлап жібереді. Бірақ ол іле-шала өзінің қызу қандылығы үшін кешірім сұрап, жалғыз өзі кетіп қалады. Толстой Ясная Полянаға тартады. Жол-жөнекей танысы Борисовтың үйіне соғады. Сол жерден ол Тургеневке ашуланып, қолхат жібереді және хат түрінде кешірім сұрауын талап етеді.

Тургенев сол заматында жауап береді.

«1861. Май. Спасск.

Құрметті мәртебелім, Лев Николаевич! Сіздің хатыңызға айтарым мынау: Феттің дастарханындағы әңгімеде мен өзімнің міндетім, әкелік парызым жөнінде әңгімелемекші едім. Оның соңы ашуға ұласып, сізге тіл тигізіп алғаным үшін кешірім өтінемін. Мен сізден хат түрінде екінші мәрте кешірім сұраймын» дейді  Тургенев.

– Тургенев Толстойдың хатына жауап дайындағанша, Лев Николаевич келесі елді-мекенге өтіп кетеді, – деп жалғайды әңгімесін Н.Старченко. – Иван Сергеевич кешірім хатын түн ауа жаңа мекен-жайға жібереді. Алайда, бірден жауап алмағанына шыдамсыздық танытқан Толстой Тургеневті дуэльге шақырады. Ол жай пистолетпен емес, аңшы мылтығымен шығуды талап етеді. Толстой бұл шараға кәдімгідей әбден дайындалып кіріседі. Бұл тұста Толстой 33 жаста, Тургенев 43 жаста еді. Алайда, жұртты осындай болмашы нәрсеге бола жанжалдасудың сыры неде екені ойландыратын. Бұның мәнісі тереңде сияқты. Ол үшін Н.Старченконы әрі қарай тыңдайық.

– Иван Сергеевичтің некесіз туған қызы жөніндегі тартыс бұл оқиғаның жәй ғана себепкері еді. Гәп мынада болатын. Негізгі себеп Тургеневтен 12 жас кіші Мария Николаевна Толстая еді. Лев Николаевичтің сүйікті апасы. Оның атақты «Балалық шақ», «Жастық» атты романдарының прототипі – Любочка. Маша 17 жасында үш атадан қосылатын граф В.Толстойға тұрмысқа шыққан. Толстойдың алғашқы туындыларына жоғары баға беріп, ұлы санаған, көрші ауылда тұратын Тургенев оның апасына барып, «Современник» журналындағы жазушының шығармалары туралы жылы пікір білдіреді.

Қырымдағы ағылшын және француздармен күресіп жүрген жас жазушы оның бұл келісіне, пікіріне қатты риза болып, күнделігінде былай деп жазады: «Машадан мені қанаттандыратын керемет хат алдым. Ол онда өзінің Тургеневпен таныстығы жөнінде жазыпты. Өте мейірімді, даңқты хат. Бұл менің шығармашылығыма қанат бітірді».

Бұдан кейін Тургенев Толстойдың апасының ауылы Покровкаға жиі келетін болды. Тіпті, әдебиет сыншысы П.Ан-ненковқа жазған хатында: «Бұл менің назарымды аударған бірден-бір тірі тіршілік иесі болды. Одан көзімді алар емеспін. Сондай мейірімді, ақылды, қарапайым. Қартайған шағымда (мен төрт күннен соң 36-ға шығамын) ғашықтық дертіне ұшырадым» деп мойындайды.

Екі классиктің көңіл-күйінің құрбаны болған ол Тургеневтің ұсынысын көп күтіп еді. Ақырында Швейцарияға кетіп тынды.

Жазушы сол тұста жазған «Фауст» повесіндегі басты кейіпкеріне Машаның бойындағы көп қасиетті пайдаланған. 1858 жылы үш баланың анасы күйеуімен ажырасады. Әрине, Толстой мұның бәрінен хабардар еді. Тіпті, күнделігіне «Тургенев Машаны ренжітіп жүр» деп жазып та қойған. Бірақ оның бұл айыптауы ақиқаттан алыстау еді. Алайда, ол Маша ажырасқан соң үйленуді ойламады.

Тургеневтің оған деген сезімі адал болғанымен, ол үйлену туралы шешімге келе алмады. Тургенев биік (192 см.), сұлу адам еді. Бірақ әйел баласына келгенде тез шешім қабылдай алмайтын. Тіпті, ол бұдан бұрын өзі ұнатқан сұлу Юлия Вревскаямен де қарым-қатынасын қашық ұстаған. Соның күйігінен ол орыс-түрік соғысына медбике болып кетіп, Болгарияда жұмбақ аурудан көз жұмады.

Лев Толстой Мария ажырасқан үш жыл ішінде үлкен досына деген ашуынан бір сәтке ажырай алмады. Феттің үйіндегі таңғы ас үстінде бұлқан-талқан болып, ашуға ерік бергені Тургеневтің қызы емес, апасы үшін еді. Алайда, Мария Николаевна Тургенев туралы әр кезде ыстық ілтипатпен еске алып жүрді. «Ол керемет аңшы еді. Покровскіде біздің үйге жиі келетін. Әлі есімде. Ол бізге жаңа шығармаларын оқитын. Оның әңгімесінің мазмұндылығы, табиғатты бейнелеуі бізге қатты әсер қалдыратын» деп отырады екен Мария Николаевна.

Ендігі жерде зерттеушілерді осы дуэль бола қалған жағдайда қалай өтетіні де қызықтырып, мәселен Старченко өз ойын былай сараптайды:

– Екеуі де аңшылыққа ессіз берілген, көзсіз мерген адамдар еді. Екеуінің қайсысы да бірінші атса өлтіретін еді. Алайда, Тургеневтің ауаға ататынына сенімдімін. Ал Толстой өзін қалай ұстайтынын біле алмадым. Бақытымызға орай Борисов, Фетисовтар оған жол бермеді.

Толстой Тургеневке қанша қарыздар болса да көп уақытқа дейін өзіне-өзі келе алмады. Тургенев оның талантын алғаш байқап жоғары бағасын беріп, Қырым соғысынан алдырып, Петербургтегі пәтерінде бар қолайсыздыққа қарамай, шыдап күткен адам.

Классиктер 17 жыл бойына бір-бірімен қатыспаған. Алайда, Толстойдың өзі алғаш болып, бұған шыдай алмады. 1878 жылы Парижге татуласу хатын жіберді. Бұл хатқа қатты толқып жылап жіберген Иван Сергеевич: «Біздің тұрақты достығымызды қалпына келтіруге құлшына кірісемін, маған созған қолыңызды қатты қыстым» деп бірден жауап берген.

Қ.ИМАН.

Алматы ақшамы

 



Ұқсас тақырыптар