Генерал Шыңғысхан

8.jpg

Тарихымызға зер салсақ, қай соғыста да қазақ жүрген екен.

1812 жылы Наполеонға қарсы соғысқа 10 мыңдай қазақ қатысқаны айтылып жүр. Қазақтар атты әскер құрамында көп болыпты. Тіпті қазақтар мінген тұлпардың тұяғы Париж көшелерін де таптағаны тарихтан белгілі. Қазақтардың қаны 1817 жылғы түріктерге қарсы соғыста да аз төгілмеді. Кавказ, Қырым үшін жан берді. Орыс-түрік соғысында Қазыбай Черныш асқан ерлігімен көзге түсіп, І дәрежелі қасиетті Анна орденімен марапатталды. Жақып Беляков деген тағы бір қазақ түріктерге тойтарыс бергені үшін әйгілі Кутузовтың қолынан сый-сияпат алған. Бұлардың фамилияларының Черныш, Беляков болып жүруі казак полкі құрамында соғысқанына байланысты болса керек. Түріктерге қарсы соғысқан тағы бір қазақ Ғұбайдолла Жәңгіров болатын. Ендеше, заманында камер-паждықтан императордың адъютантына дейін көтерілген, орыстар «Генерал Шыңғысхан» деп құрметтеген қазақ туралы тереңнен тамыр тартсақ.

Ғұбайдолла – Жәңгір ханның төртінші ұлы. 1840 жылдың 6 мамырында хан ордасында дүниеге келген. Жеті жасынан бастап Орынбордағы Неплюев кадет корпусында оқыған. Осылайша, жастайынан болашағын әскери саламен байланыстырды. Камер-паж шенінен императордың адъютанты қызметіне дейін көтерілді. 1849 жылы Орынбор генерал-губернаторының адъютанты, есаул Житковпен бірге сол кездегі ақсүйектердің оқу орны – Петербордағы Императорлық паж корпусына оқуға қабылданады. Оқуда озат болып, үлгілі тәрбиеленуші ретінде көзге түскен. 1856 жылы камер-паж шенін алып Орынбордағы лейб-гвардиялық казак полкінің корнеті болып қызметке келеді (Айтпақшы, Жәңгірдің төрт ұлы да – Сақыпкерей, Ибраһим, Ахметкерей және Ғұбайдолла да ,Неплюев кадет корпусында оқып, кейін Императорлық паж корпусын аяқтаған. Алайда солардың ішінде әскери салада үлкен табысқа жеткен тек Ғұбайдолла ғана болатын). Осы кезде ІІ Александр патша Солтүстік-Батысқа аймаққа әскери сапарға келіп, еңбек жолын енді бастаған жас жігітке көзі түседі. Патша Ғұбайдолланың әскери дайындығына, жауапкершілігі мен ақыл-парасатына сүйсініп, үлкен сенім артады. Императордың жеке тапсырмасы бойынша, штабс-ротмистр Ғұбайдолла Жәңгірұлы екі рет Башқұрт даласына барып, алтын кен орнын тексеріп қайтады. Мұндай мәлімет генерал-губернатор А.Безактың императорға жазған хатында бар.

1866 жылы Ғұбайдолла Жәңгірұлына армиялық кавалерияның подполковнигі, арада екі жыл өткенде Лейб-гвардиялық Казак полкінің полковнигі атағы берілді. Императордың флигель-адъютанты болды. 1879 жылы императордың қолынан дворян атағын алады. Негізінде, Ғұбайдолла ханның мұрагері ретінде таққа отыруға дайын-ақ адам еді. Алайда оның арманы билік құру емес, қол бастау еді. Сондықтан Орда мұрагерлігінен біржола бас тартып, толықтай әскери салаға ауысады.

1869 жылы Ғұбайдолла ІІ Александр патшаға хат жолдап, өзінің ата-тегі Шыңғысхан фамилиясын беруді сұрайды. 1871 жылы ІІ Александрдың жарлығымен Сұлтан Шыңғысхан Жәңгірұлы Бөкеев есімі берілді. Сондай-ақ полковник шеніндегі императордың Солтүстік-Батыс аймақтағы флигель-адъютанты міндеті жүктелді. Патша Солтүстік-Батысқа аймаққа әскери сапарға келген сайын, оны ылғи да Шыңғысхан қарсы алатын. Патша да өзінің сенімді серігін лайықты бағалады, императордың адъютанты қызметіне дейін жоғарылатты. 1876 жылы император Шыңғысханды телеграф департаментінің бастығы етіп тағайындады. Бұл қазіргі ұғыммен айтқанда Байланыс министрі секілді жоғары лауазымды қызмет болатын. Телеграф департаментін басқара отырып, негізінен Севастополь, Одесса және Очаков жағалауларындағы байланыс қызметін жандандырды. Қара теңізден Каспий теңізіне дейінгі аймаққа байланыс торабын тартты. 1877 жылдың сәуірінде орыс-түрік соғысы басталғанда, Ғұбайдолла Балқан майданына аттанып, армияның Пошта және телеграф департаментінің бастығы болды. Сөйтіп, соғыс кезіндегі байланыстың үзілмеуіне тікелей жауап берді. Орыс армиясының бас қолбасшысы княз, генерал-адъютант үлкен Николай Николайұлы болды. Ал түрік армиясын сардар-экрем Абдул-Керім-паша, кейіннен мушир Мехмед-Әли-паша басқарды. Түркия Қара теңіз аймағын өзіне қаратып, Балқан, Кавказ түбегін бағындыру үшін екі ғасырдай күрес жүргізді. Бірақ бәрібір жеңіліс тапты. Түріктердің бұл жолғы шабуылынан да Қырым аман қалды. Сөйтіп, елде қалпына келтіру, дамыту жұмыстары басталды. Өндіріс орындары жолға қойылып, телеграф және телефон тораптары тартылды. Соғысқа 6 әскери-телеграф паркі қатысты, оның алтауы майдан даласынан шұғыл хабар беріп тұрды. Кейіннен әскери телеграф парктерінің саны 9-ға дейін көбейтілді. Олардың әрқайсысында 8 телеграф аппараты, 35 шақырым мыс телеграф сымы, 7 жүк арба, 2 стансалық күймеден болды. Парк штатында 373 адам жұмыс істеді, олардың 6-сы офицерлер мен шенеуіктер, 12-сі телефонистер болатын. Міне, осында толайғай істің басы-қасында Шыңғысханның өзі жүрді. 1878 жылы орыс-түрік соғысында көрсеткен табандылығы мен қолбасшылық қабілеті үшін генерал-майор шенін алды. Ол аздай император Шыңғысханды Мәскеу Кремлінің Георгий залына шақырып, алтын қылыш табыстады. Бұдан кейін де генерал бірнеше рет Станислав, Владимир, Анна ордендерімен және халықаралық наградалармен марапатталды.

Билікке ІІІ Александр патша келген кезде генерал Шыңғысхан Ішкі істер министрлігіне қызметке ауысты. Азия жұрты депутациясын басқарып, қырым және қырғыз (қазақ) жұртының мәселелеріне жауап берді. Тіпті императордың Азия мәселелері жөніндегі кеңесшісі болатын. Деректерде Шыңғысханның Жетісу, Сырдария облыстарынан тұратын Түркістан аймағы басқармасын құрғандардың бірі болғаны айтылады. Тек патшаға ғана қызмет етіп қоймай, халқына да қарайласты. Жерлестеріне әрдайым қол ұшын созып отырды. Тіпті Мәскеуге, Петерборға барған қазақ жігіттеріне қаржылай қолдау да көрсетіп отырған. Ал Қырымда жүрген кезінде қасиетті Мекке мен Мәдина қалаларына барып, қажылық парызын өтеп қайтқан.

Әскери жазушы Сергей Ченныхтың «Крымский след потомка Чингисхана» мақаласында Ғұбайдолланың 1886 жылдың 23 ақпанында Ішкі істер министрінің бұйрығымен Қырымға аттанғаны туралы жазады. Ғұбайдолла Қырымдағы жер мәселесін шешуге тікелей атсалысқан. Жергілікті діни-уақфтық жөн-жоралғыларды ескере отырып, жер бөлісін әділ шешуге тырысқан. Осылайша, мешіт, медресе секілді діни орындардың сақталуына өзі мұрындық болған.

Генерал Шыңғысхан 1888 жылы армиялық кавалерияның генерал-лейтенанты, 1894 жылы өз өтінішімен қызметінен кетуіне байланысты инфантерия (жаяу әскер) генералы шенін алды. Осылайша, бұдан кейінгі өмірін мәдениетпен, дінмен байланыстырады. Қашан да қазақтың мұң-мұқтажына қарайласып отырды. Гимназия, университет бітірген қазақ жастарының жақсы қызметке орналасуына жағдай жасаған. Тіпті Петерборда мешіт ашу жөніндегі комиссия құрғаны тағы бар. Башқұрттың атақты ақыны Ақмолла жаламен қамалған кезде, ақтап алған осы генерал Шыңғысхан екені айтылады.

Англия клубының жанкүйері, театрдың тұрақты көрермені болды. Театр дегеннен шығады, генералдың императорлық театрдың актрисасы Феодосия Велинскаяға (1858-1931) үйленгені жайлы дерек бар. Феодосия өмірінің соңғы жылдарына дейін Шыңғысханның арабша жазуы бар дулығасын, басқа да құнды дүниелерін көзінің қарашығындай сақтап, Санкт-Петерборгтағы Ресей этнографиялық музейіне табыстапты. Феодосияның Шыңғысханның жары болғанын дәлелдейтін тағы бір құжат Ресейдің сенат мұрағатынан табылған. Құжат бойынша, 1909 жылы Феодосия Велинская аты-жөнін Феодосия Шыңғысхан деп өзгертіпті. Генерал Қырымға барған сапарында қырым-татарлардың мүфтиінің қызына үйленген деген де әңгіме жоқ емес. Екеуі мешітте жасырын некеге тұрған-мыс. Алайда кейін мұны әкесі біліп қалып, қызын Бұқар ханы Сейіт ханға табыстап жіберген. Ғұбайдолла әйелін сол күйі таба алмапты. Бірақ 1905 жылы әйел Хакімкерей деген ұл туыпты, өкінішке қарай, оның әрі қарайғы өмірі жайлы дерек мүлдем жоқ. Ал тағы бір сенімсіздеу деректерде генералдың Софья Павловна (Волконская) деген әйелмен отасқаны айтылады. Софья Павловна генералдың Ялтадағы бейітіне ескерткіш орнатып, «Любовь не умирает, она вечна» деп жаздыртыпты. Алайда генерал өзінің әскери қызметтен кету жөніндегі өтінішінде ешқашан үйленбегенін жазған. Тіпті артында ұрпақ та қалмаған. 1908 жылы Шыңғысхан денсаулығын түзеу үшін Ялтаға көшіп барған. Алайда арада бір өткенде дүниеден салып, Ялта маңындағы Дерик (Терек) деген жерде жерленген.

P.S.

Рас, адьютант туралы айтқанда бірден Шоқан Уәлихановты еске түсіреміз. Шоқан қазақ даласындағы тұңғыш адьютант болды. 1853 жылы офицер болып шыққан кезде Батыс Сібір генерал-губернаторы Гасфорттың адъютанты болып тағайындалды. Ал Ғұбайдолла Жәңгірұлы императордың адъютантына дейін жоғарылаған. Негізінде, Шоқан да, Ғұбайдолла да – бір атаның балалары. Шыңғысханның ұрпақтары. Шоқан – Абылай ханның, Ғұбайдолла – Әбілқайыр ханның ұрпағы. Содан ба, екеуінің өмір жолдарына дейін ұқсап кетеді екен. Екеуі де әскери корпусты бітірген, екеуі де адъютант. Шоқан – Қашқарға, Ғұбайдолла Қырымға барған. Екеуінің де некелері жұмбақ. Екеуінен де ұрпақ қалмағаны айтылады. Ғұбайдолла қырыққа толмай генерал атанды. Жәңгірдің ұлы болғаны үшін емес, өзінің қажырлы еңбегімен жетті. Кім біледі, Шоқанға ғұмыр бергенде талай биікті ол да бағындырар ма еді. Айтпағымыз – асыл тұлғаларымызды салыстыру емес, солардың үлгілі істерінен өнеге алу. Императордың өзі кеңесіне жүгінген, қаһарман қазақ Шыңғысхан жайлы жастарымыз біле жүрсін деген тілек еді.

Серікбол Хасан

Дереккөз: aikyn.kz



Ұқсас тақырыптар