Тамыры терең тарих қатпарына зерделі оймен көз жүгіртсек Қазақ елінің Тәуелсіздікке жету жолы – отаршылдық саясаттың озбырлығы, кеңестік тоталитарлық жүйенің қанқұйлы өктемдігі мен аштық, ұлт зиялыларының үздіксіз қуғындалуы секілді қиын-қыстау замандардан тұрады. Осынау ғасырларға жалғасып тағдыр тәлкегіне ұшыраған қасіретті тарихымызға ұлт – азаттығы жолында төгілген өлшеусіз қан мен тер, атамекенін тастап жат жерге босқан ел, сондай-ақ, ел тізгінін ұстаған сұңғыла билеріміз бен жасындай жарқыраған жаужүрек батырларымыздың жанкешті ерліктері куә.
Өткенді саралап ой елегінен өткізбей, болашақты болжау мүмкін емес. Алайда ұлт тарихының әлі де болса толық зерттелмей, ақиқатының ашылып айтылмай жатқан кемшін тұстары да жетерлік. Себебі, бұған өз кезегінде біздің қоғам басынан өткерген үш ғасырлық отарлық саясаттың санадағы зиянды салдары, қазақи ұлттық, рухани құндылықтарымыздың барынша жоғары деңгейде дәріптелуіне кері әсерін тигізуде. Тұтастай Қазақ елінің ұлт – азаттық қозғалыстарының тарихын зерделеу, бұл ұлттық құндылықтарымызды жоғары деңгейде жаңа бір қырынан түйсінуге, бағалап қастерлей білуге негіз болып табылады. Сол бір дербестік үшін үш ғасырға созылған ұлы күрестердің бірқатарына: Қоқан езгісіне қарсы Байзақ, Жанқожа батырлар бастаған және Ресей отаршылдығына қарсы Сырым Датұлы көтерілісі, Исатай мен Махамбет, Есет батырлар, Кенесары хан күресі, 1916 жылғы ұлт-азаттық көтерілістер мен т.б. көптеген саяси қарулы қарсылықтарды жатқызамыз. Бұл қанды шайқастарды шетел басқыншыларымен, отаршылдыққа қарсы күрес деп түсіну қажет.
Ал, тәуелсіз ұрпақтың ұлттық санасын түлетіп жаңаша қалыптастыруда осыншама ұлт-азаттық күрестердің саяси астары мен тарихи маңызын зерделеп, айқындап көрсетудің мәні өте зор. Мәселен, осы бағытта қолға алынып, баяндалып отырған ұлттық тарихымыздың бір парасы 1916 жылғы Ұлт-азаттық көтерілісінің тарихын білу, бүгінгі таңдағы ұрпақ санасына тарихи сананы ұялатудың құндылығын арттыруда алатын орны ерекше. Енді осы көтерілістің туындау себептерінің жылдар бойы қордаланған алғышарттарына тоқталып өтсек:
1) Ресей империясының жаулап алған аймақтарды жаңаша билеп - төстеуді өзгертуі тұрғысындағы жаңа әкімшілік шаралардың жүзеге асырылуы. Яғни, қазақтың ғасырлар бойы қалыптасқан дәстүрлі басқару жүйесіндегі хандық биліктің жойылуы (1822-1824 жылдардағы реформа).
2) 1868 жылғы 21 – қазандағы реформа қазақтың бүкіл жерін, жердің асты – үстіндегі байлықтары мен өзен – көлдері т. б. «империя меншігі» деп, қазақтың ғасырлар бойғы туған атамекенін, сол қазақ қауымына тек пайдалануға ғана берілді. Оған қоса жерсіз, күйсіз орыс шаруаларын қазақтың шұрайлы жерлеріне күштеп қоныстандырудың басталуы мен жергілікті ұлттың құнарсыз шөлейтті, таулы аймақтарға ығыстырылуы, қарсы шыққандар аяусыз жазаланды. Сол кезең айғақтарына жүгінсек шұрайлы қоныстарды күшпен алу, жерді отарлау жағынан Жетісу аймағының алдыңғы орында екендігін аңғарамыз. Жалпы, қазақ жеріне 1,5 млн. орыс келімсектері қоныстанды.
3) ХХ ғасыр басындағы бүкіл қазақ жерінің патшалық Ресейге бағынышты бодан болуы. І – дүниежүзілік соғыс жылдарындағы отарлық езгінің күшеюі, алым-салықтың көбейіп, ел тұрмысының күрт нашарлап кетуі. Халық шаруашылығының күйзеліске ұшырап, егістік жердің көлемінің азаюы, алынған өнім мен мал санының кемуі.
4) Ресей патшасы ІІ Николайдың Орта Азия мен Қазақстан және Сібір өлкесінің бұратана жұртынан 19 бен 43 жас аралығындағы ер азаматтарды майданның қара жұмысына алу туралы 1916 жылғы 25 маусым жарлығы себепші болды.
Бірақ, жоғарда айтылған мәселердің бәрі бодандық аясындағы 50 жылдан астам уақыттан бері қордаланып, халықтың ашу-ызасын қоздырып, наразалықтың да шарықтау шегіне жеткен шағы еді. Мәселен, шұрайлы жерлер күшпен тартылып алынып келімсектерге бейпіл таратылды. Қазақтың көзі ашық, көкірегі ояу азаматтарының бұндай қиянатқа жаны шыдамай қайсарлықпен қарсы тұрды. 1905 жылы Жетісудың ең құнарлы деген 510,5 мың десятина жері казак орыстарға берілсе, бұл көрсеткіш 1914 жылы 2 млн. 703 мың десятинаға жеткен, яғни, алғашқы көрсеткіштен 53 есеге өскен. Бұндай жауыздыққа қай халық шыдайды? Жарлық бойынша жалпы Қазақстан мен Орта Азиядан 400 мың, ал Жетісу өңірінен 87 мың адам «қара жұмысқа» шақырылуы керек болды. Айта кетерлік бір жағдай, «бұратана халықтардан қара жұмысқа адам алу» отаршыл державалардың іс-тәжірибесінде бар үрдіс еді. Мысалы, осы І дүниежүзілік соғыста Англия Азияның оңтүстігіндегі отары Үндістанның қазба байлығы мен азық-түлігін соғыс мүддесіне аяусыз пайдаланғанымен қатар, әскер қатарына 1,5 млн. үнділіктерді шақыртып, оларды көбінесе Таяу Шығыста, Парсы бұғазында, Иранда майдан шебіндегі қара жұмыстарға салды.
Міне, осына бір келеңсіз үрдісті патшалық Ресей де өз отарларында жүзеге асыруға бел буды. Бұған алғашқы қарсылықты Жаркенттің Тараншы болысына қарасты Городское елді мекенінің қазақтары бастап, оған Иванов болысының жұрты қосылды. Ол 1916 жылы 2 шілдеде албан рулары жиі қоныстанған өңірдегі Қарқара жайлауындағы жәрмеңкеде пристав Подварков патша жарлығын мәлімдеп, 5 күн ішінде, «қара жұмысқа алынатын ер азаматтардың» тізімін өткізуді жергілікті болыстарға жүктеуден басталды. Жарлық бейбіт жатқан халыққа жайдың оғында әсер етіп, қазақ елінің барлық аймағында тұрғылықты жұрттың стихиялы түрдегі наразылықтары кең етек алды, көпшілігі «қарусыз майданға барып опат болғанша, өз туған жерімізді қорғап өлген артық» деген, шешімге тоқтады. Бұл тосын құбылыс күшейе келе ұйымдасқан сипат алып, қарулы көтеріліске жалғасты. Ұлттық дербестікті ұран етіп көтеруге ұласқан бұл тарихи оқиғаның негізгі ошақтары – Жетісу мен Торғай өңірлері болды.
Негізінен, Жетісу облысының - Жаркент, Верный, Лепсі және Қапал уездерінің аумағын қамтыған бұл ұлт-азаттық күресі тарихқа «Қарқара көтерілісі» немесе «Албан көтерілісі» деген айдармен енді. 6 шілде күні Жаркент уезіне қарасты 13 болыстың ел басшылары Ақбейіт тауында бас қосып патша жарлығын орындамауға, яғни, «майдан жұмысына адам бермеуге» серт берісті. Ал, 10 шілдеде «Қабан Қарағай» жайлауында Құрман болысының беделді адамы, батыр Ұзақ Саурықовтың ауылында Құрман, Мерке, Шілік, Торайғыр, Сарытоғай, Қоңырбөрік, Қожбанбет, Бөдеті, Иванов, Алжан, Айт болыстарының ел ағалары, басшы би-болыстары «тыл жұмысына адам берілмесін, қара жұмысқа баруға жасалған тізімді жою керек» деп шешім қабылдады. Себебі, 1864 жылы Ресей билігі Қазақ жерін толық отарлаған шақта, «қазақтардан майданға әскер алынбайды» деген келісім болған еді, енді бұл келісім аяқасты қалып, уәде бұзылды. «Уәде бұзғанның құдай үйін бұзады» деуші еді атам қазақ, патша уәдесінен тайды, оған да бір зауал болар» деп, қапаланған Жәмеңке би: «Берсек – бала өледі, бермесек кәрі өледі, жас боздақтарды ажал оғына тірідей жібергенше, азат соғысына аттанамыз, бірде-бір бала бермейміз» деп ұран салып, атқа мініп, Алаш туын көтерді. Көтеріліс басшыларының бірі Жәмеңке Мәмбетовтың осы бір «Берсек – бала өледі, бермесек кәрі өледі. Бала өлгенше кәрі өлсін!» деген аталы сөзі жел үрлеген жалындай халыққа тез тарап, ұранға айналды.
20 шілдеде билік қызметкерлері халықты жиып, нақты шешімнің жауабын сұрайды. Ел ағалары мен би-болыстар «Ақ бата, қызыл қан!» деп, берген серттен таймай, майданға бала бермейтіндіктерін кесіп айтты. Амалы таусылған пристав Подворков казак-орыс жасағын алып келіп, 23 шілде күні көтерілістің үш басшысы - Жәмеңке Мәмбетов, Ұзақ Саурықов, Әубәкір Солтанбеков пен тағы 15 адам, «Ереуілтөбеде» болғандарды түгелге жуық тұтқындап Қарақол қаласындағы (Пржевальск) түрмеге қаматады, ондағы мұрағат қоры мәліметтерінде жалпы саны 67 адам тізімделген, оның 15-і Кеген асуында жазлаушылар қолынан қаза тапты. Абақтыда жатқандардан 4-ші тамызға дейін жауап алмай, егерде «бала берсе» бостандыққа шығаратындарын айтады. Тұтқындарды тергеу 5-ші тамызда басталып, небір қитұрқы әдіс-тәсілдерді қолданғанмен еш нәтиже шығара алмаған түрме басшылары Верныйдан көмек сұрайды. Ол жақтан артына ерген елдің қаһарынан қорыққан биліктің; «жасырын түрде болмаса Жәмеңке биді ашық жазалаудың қауіпті екендігін, қалған тұтқындарды жала жауып түрме аумағында көзін жою» туралы хабарлама келеді. Сөйтіп, ереуілшілердің ақылшы басшысы Жәмеңке биге 6 тамызда у беріліп, қайтыс болған соң денесі сондағы мұсылман қорымына жерленеді, ал, қалған 59 адам 12-і тамызда сол Қарақол түрмесінде ешқандай сот-тергеусіз атылды. Мұрағат деректері бойынша сол кездегі түрме бастығы Хромыхтың 31-ші тамыздағы Верный округтық сотының прокурорына берген рапортында: «...12 тамыз күні күндіз Қарақол түрмесіндегі барлық адамдар қашуға әрекет жасады. Сондықтан біз оларды атуға мәжбүр болдық» деп жалған хабарлама жасаған.
Бірақ, осы қанды оқиғадан 4 адам – Әубәкір Солтанбаев, Тұрлығожа Жансеркин, Біләл Рзақов, Жайшыбек Бектеневтер аман қалған еді. Кейін, 1926 жылы осы көтеріліс жайлы Ә. Солтанбаев мынадай мәліметтер береді: ...Мұздай қаруланған түрме күзетшілері түнгі сағат екі мен үштің аралығында абақтының кішкентай терезесін ашып қойып, ешқандай ескертусіз оқ жаудырған, түрме есігін бұзып шыққандар арасында Ұзақ батыр да болған. Бірақ, сыртқы дуалдан секіретін кезде, жәй азаматтық киімдегі қаруланған орыстар алдарынан шығып, Ұзақ батырды аяғынан жаралайды. Батыр жүре алмайтынын біліп «Маған қарамаңдар, елге аман барып, халыққа басшылық жасаңдар» деп аманат айтады. Ұзақты сол түні бір таныс ұйғырдың үйіне апарып, ақша беріп жасырып кетеді. Алайда, жаңағы ұйғыр ертесі күні жазалаушыларға Ұзақ батырды ұстап беріп, есіл ер қапыда қаза табады. Жақындары Ұзақ батырдың денесін Кегенге жақын жердегі Түменбай бұлағы басындағы зиратқа жерлеген екен.
Бұл оқиғадан кейін барлық қазақ қолға қару алып, орыс селоларына жаппай шабуылды бастайды. Тамыз айының ортасына қарай көтеріліс жалыны бүкіл Жаркент уезін толық қамтыды. Қаһарға мінген көтерілісшілер 11 тамызда Жалаңаш станциясын басып алып, қоныс аудару басқармасының қызметкерлері Долгушинді, Адековты т.б. қызметкерлерді өлтірді. Монай Ұзақбайұлы бастаған албан жасақтары Қарқара жәрмеңкесін басып алып, Нарынқол-Шарын приставы құзырындағы бүкіл аймақты 15 қыркүйекке дейін өз бақылауларында ұстады. Верный уезіне қарасты албанның Қызылбөрік атасының ұрпақтары да атқа қонып, 3 тамыз күні Асы жайлауындағы уезд көмекшісі Хлыновскийдің жазалаушы отрядын Верныйға қуып тастады. Күннен-күнге күш алған азаттық күресінің дүмпуі басқа уезд болыстарында да (Ботабай, Шығыс және Батыс Қастек, Ырғайты, Тайторы Жайылмыш, т.б.) қарқын алып, Лепсі уезіне қарасты Мақаншы-Садыр, Мәмбет-Қысқаш, Балқаш-Лепсі болыстарының да жұртын көтеріліске алып шықты. Кіші, Орта, Үлкен Ақсу елді мекендеріндегі дүнгендер, Қорам болысындағы ұйғырлар да жазалаушы жасақтармен қарулы қақтығыстарға түсті.
Халық қаһарынан шошынып, жаны қысылған билік Әндіжаннан, Саратовтан, Семейден І дүниежүзілік соғысқа аттанып бара жатқан әскерлерді осы көтерілісті басып-жаншуға алып келді. Оған қосымша тағы да әскери көмек шақыртты. Олардың қатарында:
1) п-пк Гейциктің отряды – 737 жасағы бар 2 рота, 2 зеңбірек батареясы, 1 казак жүздігі, 160 атты барлаушы;
2) п-пк Алатырцевтің отряды – 4 атқыш рота, 1 зеңбірек батареясы, 1 казак жүздігі, 4 пулемет, саперлер бөлімшесі;
3) 240 адамнан тұратын Сібір жасағы және 28 атты барлаушы;
4) Кравченконың жазалаушы әскері мен Фон-Бергтің жазалау отряды, т.б. болды.
Қыркүйектің аяғы мен қазанның басында патша жазалаушылары көтерілісшілердің негізгі күштерін талқандап үлгерді. Бақайшығына дейін қаруланған, сол заманғы зеңбірек, пулеметпен жасақталған патша әскері мен жазалаушы қосындарға, қарапайым аңшы мылтығы, айбалта мен қылыш, айыр секілді жабайы қарумен қаруланған көтерілісшілердің ұзақ қарсылық көрсетуі мүмкін емес еді. Жазалаушылар жас, кәрі, бала деп қараған жоқ атты, шапты, дарға асты, түрмеге қамады, бәрін қырғынға ұшыратты. Бір ғана Фон-Бергтің отряды 10-28 тамыз аралығында бас-аяғы 400-ден астам адамды өлтірген. Қолында қаруы бар, жоғары билікке сүйенген орыс келімсектері қай жерге барса да қазақтарды өлтіріп, асып, атып тастап айрықша дұшпандық көрсетіп отырған. Ол аз десеңіз Жетісу әскери губернаторы Фольбаумның, Лепсі уезінің басшысына жолдаған бір жеделхатында: «Керек болса бір ауылды толық құртып жіберіңдер, басқаларына сабақ болады» деп жазғаны бар. Себебі, 1916 жылы 17 шілдеде патша жарлығымен Түркістан аймағы «соғыс жағдайында» деп жарияланды. Бұл дегеніңіз, аталмыш өңірдегі әскери жағдайға байланысты жазалаушы отряд жанынан құрылған әскери-далалық соттар қызметінің шектен тыс қан төгуіне құқық беру еді, мысалы, кез-келген қазақты бүлікші, бас көтеруші ретінде ұстап алып, өздері шешім шығарып сотсыз, тергеусіз 24 сағаттың ішінде атып тастайтын болған. Өйткені тұтастай ауылдарды өртеп жіберу, кездескен қазақтарды атып тастау-орыс әскері үшін үйреншікті жағдай еді.
Енді, патшаның жазалаушы отрядының қан-қасабына шыдамаған халық амалсыз жансауғалап Қытай асуға мәжбүр болды. Алаштың азаматы М.Тынышбаевтың деректері бойынша сол бір ел басына күн туған зобалаңда 300 мыңдай қазақ шекара асқан. Олардың ол жақта да жағдайы өте қиын болды. Оған дәлел сол көтеріліске қатысып, елмен бірге Қытай асқан Д. Сәрсенбіұлы өз естелігінде: «Сол күні жиналып отырған ел 7 мың түтін екен. Көшіп қалмақ жеріне өттік. Сонда Текес суының бір жағы Алманың жары деген жерде 3 күн қамап, Қытайлар елден аласысын алып, Текес суынан 7 мың түтін 3 күн шұбырып өттік. Суға кеткен қатын-бала судың бетін сең қылды, мал одан да көп. Қысқасы қырғынның әкесі сонда болды» деп баяндайды.
1917 жылы Ақпан революциясы орнап, «1916 жылығы көтерілісшілерге кешірім беріледі» деген хабарды естіген шекара маңындағы қазақтар туған жерге қайта өткенде «Ақ патшаның тақтан құлауына тікелей сендер кінәлісіңдер» деп, қарулы орыстар тағы да оқпен қарсы алады. 1917 жылдың көктемінен шілдеге дейінгі аралықта Қытайдағы аштықтан, түрлі аурулардан және келімсек орыс шаруалары құрған қарулы топтың қолынан 83 мың жерлестеріміз қаза тапқан. Осы бір қатігез келімсектер туралы Ә.Бөкейханов өзінің «1916 жылғы көтерілістің он жылдығына» атты мақаласында: «...Өз жерінде төресіне құлақ-кесті құл егінші орыстар біздің жерге келіп, жер сауырын иеленіп, орыстар төреге сүйеніп, өз өкіметіне сүйеніп қазақ - қырғызға кешегі құл би болған. Қазақ-қырғыз атар таңнан, шығар күннен күдер үзген...» деп, ашына жазады.
Иә, бір айта кетерлік жағдай осы 1916 жылғы Жетісудағы ұлт – азаттық көтерілісте орыстар қазақты қарудың, күштің көмегіне сүйеніп асқан қатігездікпен аяусыз жазаласа да, біздің ұлттың тәуелсіздікке, азаттыққа деген асқақ рухын жеңе алмады. Көтеріліс барысында халықтың саяси таным-түсінігі артты. Тәуелсіздік жолында жандарын құрбан етумен қатар, ұлттық мемлекет құруға ұмтылып, қолға қару алып қасқайып қарсы тұрды. Алайда, тарихтағы осынау ұлт – азаттық қозғалыс барысындағы ел басына күн туғанда, бүкіл қазақтың мүддесінің бір екендігін сезінді және халықтың ұлттық санасының өскендігінің айқын көрінісі болды. Және де Жетісу өлкесінің көтерілісінің басшылары қатарында болған Т. Бокин, Б. Әшекеев, Н. Сәтібеков, Ж. Мәмбетов, Ұ. Саурықов тағы басқа да елінің ер оғландары өшпес ерлікті ұрпақтарына өнеге етті. Сондай-ақ, Жетісудың Жаркент өңірінің жаужүрек батырлары Әтіке мен Нұржекенің талай қазақ ауылдарын жазалаушы отрядтың қырғынана құтқарып, шекара асырып әкеткені және елі мен жері үшін жасаған жанқиярлық көзсіз ерліктері жайлы шежіре қарттарымыздан бала күнімізден естіп өскен едік. Себебі, 1916 жылғы ұлт – азаттық көтеріліс шын мәнінде Ресейге, сол уақыттағы отаршыл билік пен оның сұрқия саясатына қарсы бағытталған еді. Нәтижесінде, патша тағының шайқалуына, көп ұзамай монархияның тарих сахнасынан кетуіне өздік үлесін қосқан ерекше құбылыс ретінде тарих шежіресіне еніп, таңбаланды. Осы көтеріліс жайлы қоғам қайраткері, ұлт жанашыры Тұрар Рысқұлов өз еңбегінде «Бұл Ресей билігіне, орысқа қарсы көтеріліс» деп, кеңестік биліктен қаймықпай ақиқатын айтқан болатын. Әйгілі жазушы М. Әуезов бұл тарихи оқиғаны өзінің «Қилы заман» шығармасына арқау етіп, шегіне жеткізе бейнелеген.
1916 жылғы ұлт – азаттық көтеріліс біздің тарихымыздағы ұлы оқиғалардың бірі екендігі даусыз, бірақ бұл тақырып әлі де жан-жақты зерттеулерді қажет етеді. Наразылық қуаты бүкіл қазақ жерін қамтыса да, негізгі ошақтары болған Жетісу мен Торғайды салыстырып қарасаңыз, патша тарапынан айрықша асқан қатігездікпен жазалауға ұшырағаны біздің Жетісу өлкесі еді...
Уақыт өтті, заман өзгерді. Кейінгі деректерге кезек берсек аталмыш өңірге, «1927 жылы қоғам қайраткері О. Жандосов келіп, қасында бірнеше адамдар бар, жайлы біршама мағлұматтар жинаған. Сондағы Қарқара жәрмеңкесінде 20 үй тіктіріп, қырғын, қорлық көріп келген халықтың көңілін көтеру үшін той жасатқан. Сол тойға жиналған адамдарға Қарқараның тасынан кісі басына екіден, үштен тас алдырып сол төбеге үйдіріп, «Ереуілтөбе» деп ат қойған. Сонда сол төбеге барлық Албан жиналған...» 1916 жылғы оқиға деп, өзі қатысқан 1916 жылғы көтеріліс жайындағы естелігінде А. Қойшыбаев ағамыз тебірене жазып, тағы біршама деректер қалдырған.
Алайда, тарихи сананың тамыры өткен ғасырлардан бастау алғанымен, ұлттық тарихты қазіргі өмірмен байланыстыра отырып, заман ағымына икемдеп, үкімет саясатымен ұштастыра қалыптастырудың мәні өте зор. Егемендіктің аясында адами санамызда ұлт тарихына деген басқаша көзқарас пен ұстаным пайда болып, барымызды бағамдап, жоғымызды түгендеп жатырмыз. Кеңестік билік танымастай етіп бұрмалаған тарихымыз қайта қалпына келтіріліп, ата тарих туған елімен қайта қауышуда.
Мінекей, биыл мұқым Қазақ жерін дүр сілкінткен 1916 жылғы Ұлт – Азаттық көтерілісіне 104 жыл толып отыр. Келешекте осы Ұлы тарихи оқиғаға байланысты ғылыми конференциялар өткізуге, ескерткіш қою, т.б. еске алу шараларына үкімет тарапынан қолдау болып жатса нұр үстіне нұр болар еді деген тілегіміз бар. Көктем кезінде бір журналдан: ...Алматы облысы, Райымбек ауданындағы көтеріліс болған Ереуілтөбеде 40 га жерге бақ отырғызылып, шілде айында бақтың ашылу рәсімі өткізіліп, аруақтарға арнап ас берілетінін - дегенді оқып, қуанып қалдым. Осы бір аудандық деңгейде ұйымдастырылып жатқан іс-шараға атсалысып жүрген, ата-баба дәстүріне берік, ұлт тарихы мен рухани құндылықтарды насихаттаушы, ұлтжанды ер-азаматарға мың алғыс! Иә, ағайын біздің киелі Жетісу аймағы ықылым заманнан бергі талай тарихтың куәсі болған, қасиетті мекен!
Қали ИБРАЙЫМЖАНОВ,
тарих ғылымдарының магистрі,
Жаркент қаласы.