«Іленің толқындары әлі күнге, айтады ерге жылау ауық-ауық...»

        «Батырлар-ай елдің жоғын жоқтаған, Күш қайратын жауға білеп топтаған» деп кешегі күндері көздің жауын алатын қазақ жеріне көкірегінің құрты қозған небір ашкөз сыртқы жауларға, жендікті киіп, білекке найзасын басып, беліне қылышын байланып, көк сауытпен құрсанып, кейде жалаң төсін тосып, қайтпай, қарсыласқан, қарсы шапқан жауына қан құстырған ерен батырлар туралы осылай толғасақ жарасар еді.

2c8d0d879d85b3c4c622ed731308b629.jpg

Бүгінгі күні күллі еліміз білетін 1643 жылғы Белжайлаудың Орбұлағындағы қазақтар мен ойраттардың арасындағы шайқастың жаңғырығы 1758 жылғы ордалы ойраттың ойрандалуымен аяқталса да, кесірткедей қауқары қалған қалмақтардың ашық айқасқа түспесе де қазақтармен қастасуын қоймады. Бас көтерерлері жанына жүздеген жасақтар жинап, шекара маңындағы қазақтар тұратын аймақтарға дүркін-дүркін жасырын лап беріп, ауылдарды тонап-талаумен, барымталаумен айналысып жатты.

Ерліктің ерен үлгісін көрсеткен сол шайқасты Жәңгір хан бастаған 600 жауынгер бастан өткерді. Қазақ жерінің тұс-тұсынан жиналған, атақты жүрек жұтқан батырлары қатысқан ұрыс үлкен жеңіспен аяқталды. Сол қанды қырғынның бел ортасында жұрт атын аңыз қылып айтатын Елтінді батыр жүрді.

Еңгезердей Елтінді,

Жауды көрсе желпінді.

Алпауытын қалмақтың,

Орайына келтірді.

Асырды да айласын,

Көзден шаншып өлтірді.

Бәйтүгей баласы Елтінді 1598 жылдары дүниеге келген. Қазіргі Жаркент өңіріндегі Сарытаудың оңтүстігіндегі буырқана ағып жатқан Бұрқан аталатын аймақтағы бұрқырай ағып жатқан өзеннің оң жағындағы көкмайсаға оранған Бұрқан ауылы маңайында дүниеге келген. Ат жалын тартып мінгеннен бастап елінің, жерінің шебін қорғап, «қысқа күнде Іледен қырық өткен» айтулы батырдың бірі.

Елтінді батыр жайлы халық арасында айтылып жүрген аңыз – әңгімелерден басқа алғашқы жазба мәліметті берген адам – Қазыбек бек Тауасарұлы. 1692 жылы дүниеге келіп 1776 жылы қалмақтармен қырғын ұрысқа түсіп ауыр жарақаттан қайтыс болған, соңына өшпестей ескерткіш етіп қалдырған тарихи мұрасы «Түп-тұқияннан өзіме шейін» кітабында Елтінді батыр туралы жақсы дерек қалдырған. (Қазыбек бек Тауасарұлы. Түп-тұқияннан өзіме шейін. Алматы. Жалын. 1993 ж.)

16 ғасырдың соңына таман дүниеге келген Елтінді Байтүгейұлы жастайынан атқа мініп, жарақ-сайманын асынып, жаумен жағаласып – жаға жыртысып өскен, ерегессе есесін ешкімге жібермей, бұрынғылар айтқандай жауырыны үлкен қақпақтай, айдары үлкен тоқпақтай ердін бірі болған. Туған жері Бұрқан таудың бөктері қазақтың ежелгі ерегес жауы жоңғар тайпаларымен жерлері түйісіп жатқандықтан түн ұйқысын төрт бөліп, күндіз кірпік ілмей ел шетін шолып жүрді. Батур қонтайшыдан келетін қауіпті сезген ерлер сақ жүрген. 1643 жылы Орбұлақ шайқасының алдында Жәңгір хан жинаған батырлар кеңесінде жаумен ұрыс жүргізу тәсілін талқылағанда ұрымтал тұстарды көрсетіп, оқпана қазып қорғана соғысуды алғаш ұсынған Елтінді батыр еді. Бұл жөнінде Қазыбек бек Тауасарұлы кітабында «Осы ұрыста Суан Елтінді батырдың көрсеткен ерлігі ерекше болатын. Әсіресе жер жағдайы соның ғақылы еді» деп көрсетеді. Осы шайқаста Жәңгір хан шабуылдаушы сарбаздарын тактикалық жағынан дұрыс орналастырып, қорғаныс шебін шебер пайдалана білгендіктің нәтижесінде Батур қонтайшының елу мың әскерінің он бір мыңын қырғынға ұшыратып жер жастандырады. Жәңгір хан басқарған қазақ сарбаздарының осы ұрысын Орбұлақ шайқасының қалай өткендігін егжей – тегжейіне дейін зерттеп, жазған жазушы Қазақстан Республикасы Мемлекеттік сыйлығының лауреаты Бексұлтан Нұржекеұлы ағамыздан асып ешкім жазған жоқ.

***

Осы атақты Орбұлақ шайқасында Елтінді батырмен тізе қосып жау арасына талай сыналай кіріп талай мәрте бетпе – бет ұрыстарға түсіп, қарымды қайрат көрсеткен батырлардың бірі – Солтанғұлдың баласы Ұзынмұрт Ұзақ батыр. Салалы ұзын мұрты атқа шапқанда желмен есіліп, екі иығынан асып айырланып тұратындықтан ел осылай атап кеткен екен. Суан елі қазақ – қалмақ елінің шекарасында жатқандықтан, үнемі жау күткендіктен ат жалын тартып мінген, әлі бұғанасы қатпаған баладан бастап қолы қатқан ерлердің бәрін соғыс тәсіліне машықтандырған. Бұған мына бір әңгіменің ар жағындағы шындықты аңғара алсақ болғаны. Бірде Ұзақ батырдың аулына қазақ сұлтандарының біреуі келіп, «дайын әскерің болса маған бер, мен қалмақпен соғысуға бара жатырмын» деген кезде Ұзақ батыр ханға: «Менің дайын әскерім жоқ. Бірақ «Аттан» деген ұран шықса бәрі атқа қонуға дайын» депті. Осы сөздің түбінде бір шындық ұялап жатыр. Соған қарағанда жаугершілік заманда ауылда жаттығу жасап, ұрысқа дайын отырған сақадай сай жасақтан басқа, малшы, жылқышы басқа да жұртшылық берілетін хабарды күтіп, бес қаруын сайлап, әрдайым атқа қонуға дайын отырған сияқты.

Көрнекті жазушы Базархан Жақыбаевтың «Ұзақ батыр қай жерде соғысқан?» («Жаркент айнасы». 21.06.2019.) мақаласында Ұзақ батырдың Текелі жақтағы тау арасындағы ойпатта жаудың қалың қолымен өз қарамағындағы жасағымен соғысқаны жайлы дерек келтіреді. «Жоңғарлармен соғыс ашып, жеңіске жеткенін бүгінге дейін сол жердің көне көздері «Ұзақ батыр соғысқан «Ойсаз» деп атайды» деп жазады. Қиын-қыстау кезеңдерде елге пана, халыққа қорған болған батыр бабаларымыздың Ұзақ, Тайлақ, Матай (Туматай әскерлердің алғы легінде ту көтеруші болғандықтан осылай аталып кеткен деп жазады - Б.Ж.) батырлардың аттарын ілтипатпен еске алады.

***

Қилы тағдырлы атыс-шабысты заманда қазақтан қырғызға, не болмаса қалмаққа өтіп, олар да барған жерінде жаңағы елдерге қосылып жеке үй болып, рулы елге айналып, кеткен ұрпақ қаншама. Осындай аласапыран заманда Суан ішіндегі Солтанғұл бауырына басып, өз баласы етіп бағып алған Назар кейіннен өсе келе батыр атанған.

Солтанғұлдың төртінші ұлы Назар батыр атанып, Ұзынмұрт Ұзақ батырмен тізе қосып жүріп қазақ жеріне шабуылдап енген талай қалмақпен соғысып, елді, жерді қорғауға ат салысады. Бала кезінде жау қолында ұзақ уақыт болған Назар қалмақ тілінде де жетік сөйлеген екен. Ұзақ батырмен жорыққа шыққан кезінде қол бастаған сардар болып бекітіледі. Тіл білетіндігімен әрі айлакерлігімен көзге түсіп, қамал бекіністе жатқан жауды талқандауда ерлік көрсетеді. Назар батыр туралы ел аузындағы аңыз – әңгімелер болмаса қай жылдары туылып, қай өңірде жаулармен шайқасқа түсіп, қанша жасында, қай жылдары дүниеден қайтқаны белгісіз. Көкірегі қазына шежірешіл қария, Ақжазық ауылында тұрған марқұм Қадыров Мұсақан ағамыздың айтып кетуі бойынша ерлігіне күллі суан сүйінген Назар батырдың сүйегі Белжайлауда жерленген екен. Суанның Солтанғұлынан тарайтын Ұзынмұрт Ұзақ батыр мен Назар батырдың ұрпақтары Жаркент аймағындағы Ақжазық, Көктал, т.б. ауылдарда өмір сүріп, ұрпақ жайып жатыр.  

***

Ресеймен дипломатиялық қарым-қатынастың бастауында тұрған Аралбай батыр Суан ішінде Мырзагелді руынан тарайды. Аралбай Үмбетұлы (Кебенек) туралы Қазақ совет энциклопедиясында көрсетілгендей «Ұлы жүздің» Қодар биі, Төле би, Сатай, Бөлек, Хангелді батыр сияқты билер мен батырлардың атынан Петербургке жіберілетін елшіліктің құрамына енді. Ол Ұлы жүз билеушілерінің «Біз Россияға ... адал қызмет етеміз. Ташкент, Самарканд, Бұқара, Хиуа, Түркістан қалаларында Россиямен сауда – саттық жасауды тілейміз», - деген пікірін патшаға жеткізді. (ҚСЭ 1-т. 436 - бет) деп жазылған.

1730 – 1740 жылдарда Ресейді билеген императрица Анна Иоановна 1733 жылдың қаңтар айының аяғында Петерборға өздерін Ресей патшалығының қол астына алуға өтіне келген келген Әбілқайыр ханның елшілігінің құрамында келген Ұлы жүз қазақтарының елшілерін, оның ішінде Аралбай мен Ырыскелді батырды да қабылдап, 1734 жылы 10 маусымда Ұлы жүз қазақтарының Россияға қосылуына қарсы еместігін білдірген грамотаға қол қойып қайтарған. Мына мәтінді келтіре кетуді жөн санадым.

«Үшінші грамота қазақтың Ұлы жүзіне:

«Біз, Құдай шапағатындағы Бүкіл Ресей патшайымы және билеушісі Анна. Қазақ ордасындағы Бек Қодар би, Төлеби, Сатай батырға, Хангелді батыр мен Бөлек батырға және қазақтың бүкіл Ұлы жүзіне біздің ұлы мәртебелі императрицамыздың мейірімі жаусын. Сіздер ұлы әмірші ұ.м.и. –ға бүкіл Ұлы жүздеріңіздің бізге бодан болуға уәде ететінін жаздыңыздар... Біздің сарайымызға сіздердің өкілдеріңіз Аралбайды, Ырыскелді батырды және Тәттімбет батырды жіберді. Сондықтан біз, Сіздердің ол өтінішіңізге мархабатымызбен ден қойып, сіздерді бодандыққа алып отырмыз», – делінген.

18-ғасырдың бас кезеңіндегі жоңғарлармен қиян-кескі ұрыстардың алдында жүрген Аралбай батыр, аттары атауға лайық қол бастаған батырлармен тізе қоса отырып қазақ даласына дендей еніп, Түркістан маңына дейін барған ата жаумен қиян-кескі айқастарда батылдық көрсетіп, үздіксіз ұрыстардың алдында жүрді. Жетісудағы, Талас өңіріндегі, Шу өзенінің бойындағы шайқастарда қол бастап, қазақ сарбаздарының ту сыртынан соққы бермек болған жаудың жолын бөгеп, тосқауыл ұрыс салып, бетін қайырып, ерлікпен қол бастап жүрді. Сырдарияның бойына қарамағында 30-35 мыңдай әскерімен екі бағытта шабуыл жасаған Сары Манжыға қарсы күрескен қазақ қолының алдыңғы қатарында шайқасты.

Аралбай батыр Шу өзенінің бойында Сары Манжы бастаған жиырма мыңдық жоңғар қолымен кескілескен ұрыста зеңбірек оғының жарықшағы тиіп, қатты жараланып, қайтыс болған. Сол жерде денесі жер қойнына тапсырылған. Ұрыс тоқтап, тыныштық орнап, тыныс алған кезде Сатай, Бөлек т.б. батырлар бастаған сарбаздар Аралбайдың бейітінің басына топырақтан күмбез тұрғызып, маңдайшасына «Руы Суан. 1112-1152 Хижра жылы» деп жазу түсірген.

***

Атақты халық ақыны Кенен Әзірбаев қазақ батырлары туралы көп толғаған. Соның бірі;

«Суанда Сатай, Бөлек, Аралбайлар

Қабанша күркіреген талайлар бар.

Тұс-тұстан атой салса өңшең саңлақ,

Жау жаны кеудесінде қалай қалмақ?» - деген өлең жолдары ақырып жауын аттан түсірген ерлердің ел қорғаған ерен істерін жыр арқылы елге мәшһүр етеді.

Қазақ елінің, жерін қалмақтардан қорғауда, әрі қарсыласқан жаудан тазартуға айтулы ерлік қосқан Суанның әрі биі, әрі батыры Бөлек Бөргелтайұлы. Қазыбек бек Тауасарұлының «Түп-тұқияннан өзіме шейін» кітабындағы деректерге сүйенсек, 1745 жылдары ойрат қалмақтарына қарсы Албан Хангелді батыр басқарған әскерлердің ішінде жүзбасы болып Жетісудағы Албан, Суан жерлерінде қосын-қосын болып, өз жұртындай жайғасып, жайлауларындай жырғап, тастап кетпей отырған жауды жылы орнынан жылжытып, түре қуып келген жағына кетуге мәжбүр еткен батырлардың бірі. Тағы да бір тілге тиек етіп айта кетерлік нәрсе, осы кітап беттерінде Бөлек батырдың Суанның биі болғандығы да (370-бет) айтылып кетеді. Жас болса да қызба мінезді, айтқанынан қайтпайтын қайсарлығын Қазыбек би Тауасарұлы да байқаған және оның осы кеңес кезіндегі көрсеткен кесек мінезін жазып та қойған. Бөлек батырдың ел арасында қандай билік айтты, кімге қандай кесім шығарды, қалай төрелік жүргізгендігі туралы деректер жоқтың қасы. Мүмкін біздер білмегенімізбен көпшілік арасында айтылып жүрген аңыз-әңгімелер табылып қалар деген ойдамыз.

Батыр бабаларының ерлігін ертеңгі ұрпаққа паш ету мақсатында аудан халқы Жаркент қаласында 2002 жылы еңселі ескерткіш орнатты. Бөлек батырдың ерлігі ел арасында кеңінен жайылғандықтан сонау 2000 жылдары Алмалы ауылының тұрғындары құрметтеп Бөлек батырдың есімімен бір көшені атады.

***

Кейбір деректерге сүйенсек Суанның ішіндегі Елшібекұлы Бағай батыр шамамен 1703 жылдары туылып, 1733 жылдары қаза болған. Ертеректе өткен Орбұлақ шайқасына да қатысқан деп саналатын Елшібек батырдың баласы Бағай батырлығымен көзге түсіп жекпе-жектерде аты шығып жүрген. Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, белгілі ақын Ислам-Ғали Үркімбайұлы ел арасындағы Бағай батыр туралы естеліктерді кейінгі жұртшылыққа былай деп жеткізеді: «Бозбала кезінде інісі Шобыр екеуі қалмақ батырына қездейсоқ кездесіп калады. Балаларды қолға түсіріп құлдыққа алып кетпек болып, тізгінінен алып жетектеп келе жатқанда ердің артына секіріп мініп, жаудың қолдарын артына қайырып ұстағанда інісі байлап болғанша тырп еткізбеген оқиғасы ел ішінде бүгінге дейін аңыз болып айтылады» дейді.

Суан – Бәйтүгей – Жылкелді – Бағай батыр ХVІІІ ғасырдың басында және әсіресе 1723 жылғы «Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұламадан» кейінгі, қазақ жерінің оңтүстігі мен орталығына қарай дендеп еніп, ойдым – ойдым жерлерге ойып орналасып, билігін жүргізіп, ел-жұртқа алым – салық салып, әскерлеріне қажетті барлық нәрселерді жинап алып отырған шақта оларға қарсы күресте ерлігімен аты шыққан ерлердің бірі. Бағай батыр жоңғарлардың атақты «Қалмақ қырылған», «Аңырақай» ұрыстарынан кейін түпкілікті талқандалудан аз қалып, бірақ та әлі де қазақ жұртын тастап кетпей қоныс іздеп кезіп жүрген қалмақтармен шайқастарға араласқан. Жетісу жеріндегі Іле өзенінің Балқаш көліне құяр сағасындағы шұрайлы алқабын өз жеріндей, өз тұрағындай көріп, әкесінің төріндей емін-еркін жайламақ болған Шамал ханның он мыңға жуық қолын талқандауда Бағай батырдың да еңбегі мен ерлігі өте зор.

Бағай батырдың Текелі ойпатындағы алапат ұрыста, өзінің соғыс өнерінде өзгелерге үлгі боларлықтай ерлік көрсеткендігін, жекпе-жекке шыққан жоңғардың айтулы Мұқыры батырын қылыштап өлтіруі ерен күш иесі екендігін білдіреді.

Бұқар жыраудың батырларды дәріптеген әйгілі жырларының бірінде.

Досты жаудан айырған

Тағыны таңнан қайырған,

Қасқарыұлы Молдабай,

Қара күші мол Бағай,

Бәрің батыр, бәрің бек,

Тұрсын-ау ығай мен сығай.

Бағайым аз Суаннан

Ат жалын тартып мінгенде,

Барлық елі қуанған, – деп жырға қосып, ерлігін асқақтатуы Бағайдың жеңісті ұрыстардағы салмағы бар батыр екендігін көрсетсе керек.

***

«Сатайлаймын,

Қалмақтан сатырлатып ат айдаймын.

Алыстан «Сатайлаған» ұран шықса,

Мамықта тас батқандай жата алмаймын».

Сатай Аққабақұлы – еліміздің бұрынғы тарихында ұмытылмас із қалдырған, үздік-создықпен 100 жылдан астам уақытқа созылған қазақ-жоңғар соғысының орта кезінен бастап, қантөгіс ұрыстардың талайына қатысып, соңына дейін соғысқан ерлік тарихы мол елге белгілі батырлардың бірі. Ел ішінде Сатай батырдың әкесі Аққабақтың да белгілі батыр әрі би (А.Сатаев. Сатай батыр. Алматы 2009 ж.) болғандығы жайлы көп естелік әңгімелер айтылады.

Ел аузында Сатай батырдың ерлігі мен әділдігі жайлы аңыз-әңгімелер мол. Жетісудың оңтүстік-шығыс бөлігін қалмақ қосындарынан тазартатын қолды Албан Хангелді батырдың басшылығымен оның немересі Райымбек батыр бастап ұрыс жүргізгендігі мәлім. Мөкен Болысұлының «Райымбек батыр» (Алматы. 1991 жыл) дастанында айтылғанындай алысты ойлай білетін Райымбек батырдың қол астындағы Сатай, Ырыскелді, Бөлек, Қабай батырларға жеке-жеке тапсырма беріп, міндеттер жүктеуінің өзінен әр батырдың алдына қойылған жауапкершілі жүгінің жоғары екендігін байқатады. Сатай батырдың сақадай сайланған қолы Шарын өзенінің бойындағы шағын ұрыста жеңіліп, жанын шүберекке түйіп бытырай қашқан жауды шығысқа қарай өкшелеп қуа отырып, Шонжының Кетпен тауының бөктеріне орналасқан Қырғызсайды, Көктасты жерлерін жаудан арылтады. Тұйықсыздан шабуылдаған қазақ сарбаздарына тегеурінді қарсылық көрсете алмаған қалмақтар тігулі тұрған үйлерін жыға алмай мал-мүлкін, қойшы-қолаңын тастай қашады. Сатай батырдың қолы қалмақтарды Қулық тауының тұмсығындағы Қалжатты айналдыра қуып, қазіргі Қытай территориясының қол астына қарайтын бұрынғы өздері қоныс қылған, қазақ еліне шабуыл бастаған жерлеріне қарай ығыстыра отырып, Іленің ағыны қатты өзенінің оң жағына өткізіп жібереді. Сатай батыр туралы аңыз-әңгімелер халық аузында көптеп сақталған.

Сатай батырдың артында қалған ұрпақтары атадан-атаға таралып Жаркент аймағының көркем де, келісті таудың бөктеріндегі Сарыбел аулы мен т.б. аймағында негізі ата – жұртында өмір сүріп жатыр. Батыр шамамен 1768 жылдарда 60-қа қараған шағында қайтыс болған болса керек-ті.

***

«Атадан ұл туса игі, ата жолын қуса игі». Көпті көріп жүріп, көңілге көп нәрсені түйген бабаларымыз қалдырған мақалының мәнінің тереңдігіне таңданасың. Қарсы шапқан ата жауын қапталынан түсіріп, қашқан жауын ат көтіне міңгізіп, тірісінде еңсесі түсіп еш дұшпанына есе бермей өткен Сатай батырдың ұрпақтары да ерлігімен ел көзінде, жұрт сөзінде қалған Солардың бірі Сатай батырдың қалмақ сұлуынан туған Әбдікер деген баласының шөбересі Кезеңғара батыр.

Жүректілігімен, ұрыста айла-амалды бірдей қолданатын әбжілдігін, ерлігін бағалаған жұрты өздерін «Кезеңғара барда жау алмайды» деп сенімді жүреді екен.

Суан ішіндегі жалпақ жұртқа белгілі, атағы алысқа кеткен Сатайдың ұрпағы Кезеңғара туралы белгілі жазушы, аудармашы, ақын, филология ғылымдарының докторы Сәрсенбі Дәуітов ағамыздың әңгімесін тұтастай беруді жөн көріп отырмын. «Ел ішінде бір қадірлі адамның баласын жолбарыс жарып өлтіріпті. Сол кісі Кезеңғарамен құрдас екен, үйіне көңіл айтып келгенде «адаммын, тірі өлікпін. Баламды жарған жолбарыстың басын босағама әкеліп таста, оның дәл мендей жайрап жатқанын көрсем, көңілім көншір, жүрегім жай табар. Бір мезет көзім ілінер ме екен», – деп тоқтағанда, бағанадан үнсіз өксіп тұрған қатыны екі бетін жұлып жеп, аспан-жерді күңіренте зарлап қоя беріпті. Батыр қаралы үйден жолбарыстың басын алып келмекші болып аттанады. Ақыры екі-үш жолдасымен Іле өзенінің бойын үш-төрт күн аралап, жолбарысты таппай, қайтпақшы болып тұрғанда, күрілдеп-сарылдап қалың қамыстың арасынан жолбарыс шыға келіпті. Міне, осы кезде жаужүрек батыр айласын тауып теріс азудың басын кесіп алыпты». (Сатай батыр. Жинақ. Алматы, 2009 ж. 9-10 беттер).

Кезеңғара еліне, жеріне береке кіргізіп, ниеті бөтенді жұртқа беттетпей, қорған болып өткен батыр адам. «Кезеңғараның кетігі» деп аталатын жер атауының жұрт аузында қалуы да бекер емес. Артына өскен жұрт қалдырып кеткен. Тәнекедей би, Иманәлі, Дәуітбек сияқты зәңгі болып ел ұстаған үлгілі ұрпақ қалдырған Кезеңғара батырдың есімі ел есінде әлі жасай береді.

***

1780 жылдары Ұлы жүз қазақтарының атамекендеріне, оның ішінде Жаңаби бастаған 700 үй Байсуандардың Аягөз өзенінің оң жағына қопарыла көшіп барып жайлағаны туралы мәліметтерді орыс зерттеушілері Н.А.Аристов пен И.Г.Андреев өз еңбектерінде келтіреді. Сыр өзенінің бойындағы Суан тайпасының адамдарының көшін жаудан босаған жерлерге Қараекенің баласы Дәулет батыр бастап әкелгендігі туралы да сирек те болса деректер кездеседі. Бұл мәліметтерден біз соңына 700 үй суанды ерткен Жаңабидің де, Сыр өзені бойындағы суандарға басшы болып жүрген Қараеке баласы Дәулеттің де батыр болғандығын анық аңғарамыз.

***

ХІХ ғ.басында дүниеге келген Суан тайпасының Әпсүгір руынан шыққан батыр Шойнақ Алданұлының өмірі бір жағынан қазақ елінің Ресей тарапынан қысымға түсіп, ал екінші жағынан Қытайға билік жүргізген маньчжурлардан қырғынға ұшырап (1758 жылдары маньчжурлар 600 мың, кей деректерде, 1 млн-ға жуық жоңғарды қылыштап өлтірді деген деректер бар. М.Тынышбаев. Ақтабан шұбырынды. Алматы 1992 жыл. 94-бет) тоз-тозы шыққан Жоңғар хандығының кейбір аймақтарындағы аман-сау қалғандары ес жиып, етек жауып, топталып бірігіп өмір сүре бастаған кезеңге сәйкес келді. Әр жерге тарыдай шашырап кеткен ойрат хандығының жұртшылығы Тарбағатайдың шығысындағы Ертіс, Іле өзендерінің бастауындағы ежелгі мекендерінде бұрынғыдай дәуірлей алмады. Шойнақ батырдың өмірінің біразы қалмақтардың ішіндегі бас көтерерлері қайтадан жасақ құрып, топталып келіп қазақ жеріне еніп, бұрын басып алып, ешкімнің сұрауынсыз ұзақ жылдар тәуелдікте ұстаған қазақтарға, әсіресе Албан, Суан, Найман, Керейлер мекендеген жерлерге шапқыншылық жасап, елдің мал-мүлкін тонап, айдап әкетіп, жыртығын жамап отырған қалмақтармен ұрыста өткен.

Шойнақ батырдың ел арасындағы сақталып қалған көрнекті ерліктерінің бірі – мәнжулердің аға сұлтан Тезек төрені қолға түсіріп, байлап алып кеткенде аздаған қолмен қуып барып, өзінің айбатты сесімен-ақ жаудың мысын басып, сұлтанды босатып, ордасына қайтарғандығы. Бұл оқиға халық аузында күні бүгінге дейін Шойнақ батырдың жасаған көзсіз ерліктерінің бірі ретінде айтылып келеді. Егер ел арасына тараған аңыз-әңгімелерді жинақтау жүргізілсе Шойнақ батыр жайлы әлі де талай-талай атаулы ерліктерінің куәсі боларымыз сөзсіз.

***

Ерліктері ел есінен кетпейтін, есімдері күні бүгінге дейін ардақталатын қасиет қонған батыр бабаларымыздың бірі, әрі әулие саналатын Суанның Аққабағынан шыққан Дуан атамыздан тарайтын Құрымсының баласы Қарабас батыр. Қарабас батыр шамамен 1790 жылдары Талды аймағында дүниеге келіп 1865-70 жылдары өмірден озған. Халық арасында мынандай өлең жолдары сақталған. Бұл жөнінде шежіре жинап жүргенімде Үлкен Шыған ауылында тұрған сұңғыла шежіреші Мүсілім қариядан 1997 жылы жазып алған едім. Ел арасына таралып айтылып жүріп көптеген жолдары ұмытыла бастаған екен.

«Суанда батыр бар ма Қарабастай,

Шомбал дене, шор қолды, қара тастай.

Жауларын жалғыз өзі жарып шабар,

Ұрыс бітпес ол келіп араласпай», – делінеді. Манчьжурлар Ақкент бекінісін салып, осы жерден айналасындағы қазақ ауылдарына билік жасап отырған. Мәнжулерге арқа сүйеген қалмақтар жиі-жиі ел ішіне арам пиғылмен еніп кетіп, тонаушылық жасап отырған. Үсек өзенінің шығыс бетіне өтіп, ежелгі қоныстарына топтана бастаған суан елінің намысқой батырлары жаужүрек жігіттерден жасақ құрып, тұйықсыздан түре келген қалмақ топтарына тойтарыс беріп қана отырмай, өздеріде дүркін-дүркін барымтаға қарымта жасап, шайқасып, дүркіретіп жылқы айдап келіп, ел-жұрттың жағдайын қамдап, қам-қарекетін жасап отырған. Екіншіден Суан жұртшылығы сиыр бүйректенбей біріге қимылдап, ешкімге қол жайып көмек сұрамай-ақ елдің шекарасы осы деп орныққан жерлерінен қарыс қадам жылжымай, жат жерліктерден шепті қорғап, ешкімді ішке қарай өткізбей тұрды.

Ел шетіне келген жаулардың десін қайтарып, елді, жерді қорғап жүрген Қарабас батыр осындай ұрыстардың бірінде Қорғас өзенінің бойында ауыр жараланып, қазіргі Алмалы ауылының солтүстігіндегі Бестөбенің шығыс жағындағы төбенің біріне келіп аялдаған кезде, «Мені өлгенде осы төбеге жерлеңдер, биіктен ел шетіне келген жауымды көріп жатайын» депті де: «А құдай мені Қарабас деп жаратсаң бір ұрттам су бер» деп ақырғы сөзін айтып көп ұзамай дүниеден өтіпті. Қаруластары батыр өзі қоныстанған жерден ұзатпай айтқан өсиеті бойынша сол төбе үстіне жерлеп басына белгі тұрғызыпты. Қарабас батыр жерленген жер қазір Қарабастау деп аталады.

***

Ел шетіне жау тисе жанын шүберекке түйіп, жайдақ атқа мініп шауып, жау бетін қайырған батырлардың бірі Маралбай батыр. Аққабақтың бір баласы Дуанның ішіндегі Ақан атасынан тарайтын Бурылбайұлы Маралбай Жаркент аймағында шамамен 1830 жылдары туылып, сексеннен асқан шағында қайтыс болған. Сүйегі Қорғас өзенінің бойындағы Шұңқырбұлақ шатқалының кіре берісінде жатыр. Маралбай батыр өздерімен замандас болған Қарабас батыр, Шойнақ батырлармен тізе қоса отырып жарақтандырып жасақ жинап, бұрынырақта жазып өткеніміздей қытайлар бұрынғы ойрат билігіндегі жердін бәрі біздікі деген оймен басынып билеп отырған Үсек өзенінің бергі жағындағы сыңсыған орманды, тоғайлы сулы жайылымға жайлы тау сағасынан әрі шығысқа қарай ығыстыра беруді көздеген. Осылай біріге қимылдай отырып дегендеріне де жеткен.  Жаркенттен бергі даланы жаудан босатып, елдің Үсек өзенінің бергі жағалауына емін-еркін өтіп қоныстануына жағдай жасаған.

Маралбай батыр туралы Жаркенттегі архивте материалдардың бар екендігін кезінде «Азат» азаматтық қозғалысының аудандық бөлімшесінің төрағасы болған Мәлік Балғабаев айтып еді: «Маралбай батыр жерге таласып жүріп қырық қытайды өлтірген екен» деген-ді. Бұл да кезекті бір зерттеуін күтіп тұрған іс.

***

ХІХ ғасырдың соңғы ширегі. Бұл орыс отаршылдарының бүкіл қазақ даласына бірте-бірте қоныстанушылар арқылы өз үстемдігін күшейте бастаған кезі еді. Жастайынан әкесі Маралбайдың жанында жүріп оның ел қорғаудағы ерлік ісін көріп өскен жігіт Солтанай да ер жете келе елінің жоқшысына айналды. 1852 жылы туылған Солтанай батыр Маралбайұлы туралы материалдар баршылық. Жазушы Кемел Тоқаевтың «Соңғы соққы», Н.Миловановтың «Құпия майданның жауынгерлері», Б.Нұржекеұлының «Өзендер өрнектелген өлке», Н.Бекқұлиевтің «Революция сарбаздары» атты кітаптары мен Ж.Ауыпбаевтың «Ажалға аттанғандар» деген  мақаласында, т.б. газеттерде көп жазылды. Осы мақала авторының «Біз от кешкендер ұрпағынанбыз» деген мақаласында да Солтанай батырдың ерлігі туралы аз жазылған жоқ. Солтанай батырдың айтулы ерлік істерінің бірі – орыстың қарашекпенділеріне қарсы қолдарына қару алып айқасқан Әтіке мен Нұржеке батырлардың күресін белсене қолдаушылардың бірі болғандығы.

***

Бабалар басқан жерді өзгеге таптатпауға бел байлаған батырларымыздың қасында намыстан жаралған Ұлтанбай Жақсымбетұлының атпал азаматтық бейнесі әрдайым асқақтап тұрады. Патшаның отарлау саясатына ашық қарсылық көрсетіп, бас көтерген Ұлтанбай бабамыз Суанның Молақ руынан шыққан. Елтінді батырдың ұрпағы. Сарытаудың бөктеріндегі Бұрхан ауылында шамамен 1844-1850 жылдары дүниеге келген Ұлтанбай батыр жастайынан намыстың отына суғарылып, айналасына рухты сарбаздарды топтастырады. Қазақ жеріне дендей кіріп, шұрайлы жерлерді иемденіп алған орыс-казактар ендігі кезекте жергілікті қазақтардың жас қыздарына көз сүзіп, керек десе кәрі шал-кемірдің басына мылтық кезеп, әлпештеп отырған аяулы қыздарын тартып алып кетіп отырған. Осындай кезекті бір қорлығы өткен оқиғадан кейін Ұлтанбай бастаған Суанның он жігіті (аты-жөндері архивте анық жазылған) Жаркент пен Верныйдың (қазіргі Алматы) арасына қатынайтын пошта пәуескесін тосып алып, ішіндегі ақ патшаның офицерін тауға апарып сүндеттеп қоя береді. Кейіннен осы қылмысы үшін Ұлтанбай бастаған он жігіт итжеккенге айдалып кете барады. Ұлтанбай батыр мен бәйбішесі Бәтима Сахалин аралын 25 жыл мекен етіп, 1902 жылы араға 27 жыл салып елге оралады. Ұлтанбай батыр 1921 жылы Жаркент қаласында қайтыс болған.

***

Суанның Сатай атасынан тарайтын Әтікей батыр Қазақбайұлы 1872 жылы туылып, 1902 жылы қайтыс болған. Жаста болса өжет, намысқой болып өскен. Жаркент шұратына келіп орналасып, жердің жақсысын бөлісіп алып жатқан патша өкіметінің шенеуніктері мен олардың қолшоқпарына айналған казак әскерлерінің әрекеттері Әтікей батырдын намысына тиді. Жаяулап-жалпылап жетіп, жапа-тармағай сұраусыз, жөнсіз ежелден ата-бабаларының қонысы саналатын Бұрқан, Үсек, Бөріқұзар (Бурақожыр) өзендерінің суармалы жерлеріне орналасып жатқан қоныстанушыларды тыныш қоймай, малдарын айдап әкетіп, шабындық жерлерге барғандарын ұрып-соғып, сойылдап, құрал-жабдықтарын тартып алып, мазаларын кетіріп, отырған орындарын тастап кетуге мәжбүрлей бастады. Қасына жасы үлкен ақылшы ретінде Нұржеке батыр мен Есімбек батырды, сондай-ақ жер-жердегі жігерлі, намысқой жігіттерді топтастырып, қаруланып бірлесіп жасақ құрып, патша билігіндегілердің басын ауыртып әуре-сарсаңға түсірді. Суан ішіндегі Молақтан шыққан Әбіләкім молда (1930 жылдардан кейін Қытай жеріне өткен Әбіләкімді Шыңжан үкіметі «тыңшы», «үкіметке жау» адам ретінде ұстап, түрмеге салып, кейіннен атып өлтірген) осы батырлардың есімін ел есінде қалдыру мақсатында «Әтіке - Нұржеке» дастанын жазған.

«Әтіке, жиырмада атқа қондың,

Он үш жыл оттай лаулап қызық көрдің», – деген өлең жолдарынан Әтікенің жиырма жасында ел үшін атқа отырып, жерін қорғап, өлер шағына дейін ерден аумай, ешкімге бас имей, жауына намысын бермей өткенін айтады. Патша өкіметінің бүлікшілер деп ұстауға шығарған мұздай қаруланған отрядымен бірнеше рет қақтығысып, атысып, жазалаушылардың біразын жер жастандырып, бірақ күштерінің тең емес екенін көрген Әтікей батыр қаша ұрыс жүргізу тәсіліне көшкен. Жан-жақтан қаумалаған дұшпандардың қысымына жалғыз өзі қарсы шыға алмаған Әтікей біраз уақыт Арқас тауларының қатпарында бой тасалап жүріп, қуғыншылардың құрығынан құтылып Қытай жеріне өтіп кетеді.

Қытай жерінде де тыныштық көрмеген Әтіке Жаркент өңіріне қайта оралып, отаршыл өкіметпен қайтадан күреске түседі. Құралайды көзге атқан мергеннің қарсы келгендерді қылт етсе болды қағып түсіретінін білген, тура келіп ала алмасын сезген жаулар ел ішіндегі сатқындар арқылы әрекет етіп, батырды қолға түсірмек болады. 1902 жылы Бөріқұзар өзенінің бойындағы бір үйде демалып жатқанда қапыда келіп қалған жау әскері қоршап, тірідей ұстамаққа әрекет жасайды. Қапелімде қолына жалма-жан мылтығын алса үйдегілер оқшантайын тығып тастапты. Жүгіре шығып атына қарғып мінсе әлгілер атының аяғын тұсап тастаған екен жануар иесін ала қашып шапшуырлап барып тусауын үзіп заулай жөнеледі. Жүйрігіне мініп үлгерген батырдың құтылып кететін көрген казак әскерлер Әтікей батырға оқ жаудырып, өзін де, астындағы тұлпарын да атып өлтіреді. Жақын-жуықтары жиналып батырдың сүйегін сол маңайдағы Құреспе сайындағы қорымға апарып жерлеген делінеді.

***

19 ғасырдың 80 жылдарында Қытай жерінен орыс бодандығын мойындап, Жетісуға өтіп келген ұйғырлар мен дүнгендерге де орыс билігі Жетісудың сулы жерлерінің бірталайын ойып тұрып, 6 болыстық жер бөліп беріп орналастырғаны белгілі. Тау суынан бастау алып жатқан өзендері болмаса қуаңшылыққа бейім аймақ болғандықтан жергілікті халық өзен суларымен суландыру арқылы өнім алып отырғаны белгілі еді. Көшпелі мал шаруашылығымен айналысып, жатақтар қалдырып, егін салып отырған қазақтарға суландыру арқылы жан бағып отырған тіршілік көзінен айырылу ауыр тиді. Нұржеке Игілікұлы осы кезеңнің жауына мылтық кезеніп, топтан суырылып шыққан батырлардың бірі. Нұржеке батыр 1854 жылдары Талды ауылында туылған. Кез келген қазақ баласы сияқты жастайынан ат құлағында ойнап өскен батыр алдыңғы өткен батыр бабаларының ерлігімен санасын суғарып өсті. Ақ патшаның Жаркенттегі басшылары арнаулы жазалау отрядын шығарып, бірнеше рет қысымға алып талқандамақ болса да Нұржеке батыр жер жағдайын жақсы білетіндігін, жердің иесі екендігін көрсете серіктерімен тау-тасты өз ыңғайына қарай пайдаланып, атыса жүріп, қуғыншыларды адастырып тастап құтылып кететін болған. Екі-үш жылдай Жаркент өңіріне қоныстанушылардың қоныстарына шабуылдап келіп жер айдауға, егін егуге, шөп шабуға қолданатын күш-көліктерін айдап кетіп, жан-жақтарына еркін шығып жүріп-тұруына кедергі жасап, кейбірінің бас амандығын ойлап, тұрған жерлерін тастап, отбасын алып көшіп кетуге мәжбүр еткен. Әділетсіздіктен әбден ашынған тұрғылықты халықтың бойындағы қайнаған ашу-ызасының бұрқ еткенінің көрінісі Әтіке – Нұржекенің қарулы қарсылығы. Қасыласудың одан әрі ұлғайып, басқа жерлерді шарпып кетуінен сескенген жергілікті билік бүлікті басуға Жаркент қаласынан жасақталған қарулы казак әскерлерін жіберген. Арқас тауының бауырындағы Бұрқан, Мәнжудің сай-саласын, ойпаңдары мен шатқалдарын жақсы білетін жігіттер қаша жүріп атысады. Бірақ күш тең емес еді. Әтікей қолға түспей тау арасына сіңіп кетеді де, Нұржеке біраз адамдармен қоршауда қалып қолға түсіп, тұтқынға алынады. Көптеген күнге созылған тергеу жұмыстары аяқталғанан кейін патша билігі Нұржеке батырды Жаркент уездік соты арқылы қылмыскер ретінде айыптап Сібірге жер аударады.

Каторгалық айдауда жүрсе де ауырлыққа мойымаған Нұржеке батыр 1904-1905 жылдары болған орыс-жапон соғысына да қатысқан. Кейіннен елге аман-есен оралып, алпыстан асқан шағында өзі туған ескі Талды ауылында дүниеден озған.

***

Есімі тарих беттеріне түсіп, аты аңызға айналған батырлардың бірі Суан ішіндегі Құдайберді руынан шыққан Мұқай Байсымақов 1884 жылдары Талды ауылында дүниеге келген. Әкелері ертерек қайтыс болып кеткен соң, жасынан пысық болып өскен Мұқай әртүрлі жұмыс істеп, кейіннен Қытай бетіне өтіп, сол жердегі заманындағы атақты Үсейін байдың тері илейтін зауытында жалдамалы жұмысшы болып істейді. 1918 жылдың көктемінде Жаркент аймағында Кеңес өкіметі орнаған кездері, кедейлердің теңдігін ұран етіп ұстаған қызыл әскерлердің қатарына Мұқай Байсымақов сынды батыл, қалың бұқараның қамын ойлаған жігіттер өз еріктерімен кіреді.

Аумалы-төкпелі азамат соғысы жылдарында қарапайым жазықсыз қалың халықты қанға бөктірген ақгвардияшылардың негізгі аймақтардың бірі Жетісу өңірі болды. Мұқай батыр Яков Лаковтың қазақ атты әскер полкінің құрамында Жетісу үшін болған ұрыстарға белсене қатысады. Қапалды, Абакумовканы азат ету шайқастарында екі рет жараланғаннан кейін туған жеріне қайтуға рұқсат беріледі. Елге оралған соң әскери жұмыстың жөнін білетін Мұқай Жаркент милициясына қызметке тұрады. Жаңа орнаған Кеңес өкіметінің буыны әлі беки қоймаған кезде, Қытай мемлекетімен шекаралас ел шетінде орналасқан Жаркент аймағында небір қайшылықты оқиғалар жиі болып тұратын. Мұқай қызыл әскер қатарында жүріп шекара қорғау қызметіне ат салысады. Сонымен қатар кейбір деректерде тыныш өмір сүру үшін жерін тастап, елінен ауып бара жатқандарды арғы жақтағы (Қытайға) ағайындарға қарай өткізіп, жолға салып жіберіп отырғандығы да айтылады. Айтулы 1921 жылғы 6 ақпандағы атаман Дутовтың көзін жою жөніндегі операцияға дейін Мұқай батыр кімнің жау, кімнің дос екенін айыра алатын үлкен азаматқа айналады.

Атаман Дутовтың көзін жойған операциядан кейін Ферғанадағы басмашылардың құрбашысы Көрширматқа қарсы ұрыстарға жіберілген Мұқай Байсымақов басмашыларды талқандаған соң ауылға оралып, Жаркент қаласындағы уездік милицияда ұзақ жылдар қызмет етеді. Өмірінің соңғы кезеңінде қандай себептер болғандығы белгісіз, Мұқай Байсымақов туған-туыстарымен Қытай жеріне 1938 жылы жасырын қоныс аударады.

***

Мұқай батыр туралы айтқанда оның інісі Көдек батыр туралы да айтып өтуге тура келеді. Әр қашанда қиын – қыстау жерлерде қасынан табылатын, інісі ширақ қимылды, қағілез, жасынан ат құлағында ойнап өскен азамат болған. Іс-әрекетінің шапшаңдығы сол 1921 жылғы ақпандағы Махмұд пен Мұқай батыр екеуі атаман Дутовтың штабына кіріп, оның өзі мен көмекшісінің көзін жойғанда Көдек қас пен көздің арасында мылтықпен қасында тұрған күзетшіні атып салады. Іштен бір-бірін сүйемелдеп шыққандарды дереу дайындап ұстап тұрған атқа отырғызып, аяңдап ала жөнеледі. Мұқай батырдың басқа адамдардан ерекшелігі де сол, кез-келген істе саспай, бойына біткен сабырлылығын сақтап әрекет жасайтынын інісі Көдек айтқан мына бір эпизодтан байқауға болады. Атаман Дутовты атып тастағаннан кейін, үйдің ішінде өзіне өзі келе алмай, буыны құрып, керегені сипалап, жүре алмай отырып қалған Махмұтты арқалап шығып, інісі Көдектің қасына келгенде «күдік тудырмай аяңдап, ақырын жүріңдер, асып-саспай атқа мініңдер» деп ескертіп барып атқа қонған. Ат үстінде келе жатқанда да «ақырын, аяңдап жүріңдер, күдік туғызбаңдар» деген. Жер жағдайын жақсы білетін бұлар қыстақтан шығып, бұралаңдап аққан Іле өзенінің қалың қамысына қарай бұрылып көз байланғанда, арттарынан кешігіп атқа қонған қуғыншыларды адастырып кетеді. Мұндай қасиет нағыз айлалы батырға ғана біткен сипат болса керек. Көдек бірде бастарынан өткен оқиғаны былай деп есіне алған екен. «Сүйдіннен асықпай шығып Іле өзенінің бойындағы қалың қамыстың ішін паналап, аттарды да жасырып, тығылып жаттық,келесі күні Мұқай атқа мініп Махмұт екеумізге «сендер мен келгенше осында болыңдар мен не болып жатқанын біліп келем» деп бір атқа мініп қыстаққа қарай кетті. Сүйдінге жақын жердегі Дағыр деген қыстақтың төңірегіндегі мал бағып жүрген бір шалға жолығып, жоғалған жылқысын іздеп жүрген адам болып, «қамалда не болып жатыр» деп сыр тартыпты. Еш нәрсе ойына алмаған бақташы: «Сәбеттен екі-үш адам келіп бастықтарын атып өлтіріп кетіпті, енді жеңдеріне қара шүберек байлап алып аза тұтып жатыр» депті. Мұқай батыр атаманның шын өлгеніне көзі жеткен соң дым білдірмей қайтып кетіп, екеуіне келіп ертіп алып қамыстың ішіне тығып қойған аттарына мініп, Қытай жерінен Қорғас өзенінің орта тұсынан Иінтал маңынан бері өтіп кеткен. Бұл оқиғаны да кезінде Мұқайдың үнемі қасында бірге еріп жүрген інісі Көдек айтқан әңгіме екен деп дидарласу барысында арғы Қытай жерінде жақын ауылдас болып отырған Үшкемпіров Жұмаш ағамыз айтып берді. Көдек жоғарыдағы оқиғалардан кейін біраз жылдан өткен соң денсаулығы күрт нашарлап, қатты ауырып Сарыөзек жақта қайтыс болады.

***

Сталиннің өзі «темір генерал» атап кеткен Сабыр Рақымов – күллі қазақ елінің мақтанышына айналды. Генерал Сабыр Рақымовтың түбі Қазығұрт тауының төңірегін мекендеген Бағыс суандар. Суан атамыздың қырғыз әйелінен Қарабас атты ұл көрген екен. Қарабас атамыздың Албаба деген ұлынан Досбағыс, Сарыбағыс, Ханбағыс атты балалар туылып, оның Ханбағысынан Сабыр Рахымовтың арғы атасы Мәмбетқұл дүниеге келген. Арғы атасы – Жетібай батырдың ұрпағы Мәмбетқұл датқа өз заманында билік құрған, атағы алысқа кеткен әрі ауыз толтырып айтарлықтай дәулетті адам болған.

Ұлы Отан соғысы басталғанда Сабыр Рақымов әскери соғыстың қыр-сырын меңгерген, жаудың әрбір шабуылын қимыл әрекетіне қарай тактикалық тұрғыдан белгілей алатын, соған қарай әрекет ететін сара қолбасшы болып қалыптасқан еді. Әзірбайжанның астанасы Баку қаласындағы әскери мектепті үздік бітіріп, Тәжікстанда бүлік ұйымдастырып, бейбіт елді қырғынға ұшыратқан құрбашылар бастаған басмашылар әскерінің талқандауға қатысады. Азамат соғысының даңқты қолбасшыларының бірі М.В.Фрунзенің қолынан қоладан құйылған арғымақ аттың мүсінің, М.Буденныйдың өзінен қылды қиып түсер алмас қылыш алған алғыр да айбарлы командирден болашақтағы генералдың бейнесі сомдалды. Қиын-қыстау күндерде елге көрсеткен абыройлы қызметі және еңбегімен ерен ерлігі үшін Сабыр Рақымов 1937 жылы сол кездегі жоғары награданың бірі «Қызыл ту» орденімен марапатталады. 1930-1936 жылдары екі рет «Қызыл жұлдыз» орденінің иегері болуы да елдің тыныштығын сақтауға қосқан үлесі үшін берілді.

Сабыр Рақымов Ұлы Отан соғысына Самарқан қаласында әскери басшы болып жүрген жерінен аттанады. Соғыс қашан да шығынсыз болмайтыны белгілі десек те, қарамағындағы жауынгерлерді аман сақтау мақсатында оларды орынсыз шабуылға, не болмаса жау күші басым жерлерге жіберуге болмайтынын жақсы игерген командирлерлер ғана жеңіске жетері белгілі. Сабыр Рахымов соғыс барысында небір қиын-қыстау кезде, ауыр ұрыстарда жағдайды тез болжағыштығымен өз қарамағындағы әскери күшті ұтымды пайдаланып жұмсап отырды. Аз ғана әскери жасақпен жаудың әскерін көп шығынға ұшыратуды, тез қимылдауды шебер меңгерген Сабыр Рақымовқа Солтүстік Кавказдағы неміс-фашистерінің әскери тобын талқандаудағы ерекше ерлігімен көзге түскені үшін 2-дәрежелі Суворов ордені мен КСРО Жоғары Кеңесінің Президиумінің төрағасы М.И.Калининнің қолымен жазылған Алғыс хат тапсырылды. Ростов бағытындағы неміс-фашистерімен шайқастардағы күрескен ерлігі үшін тағы бір «Қызыл ту» орденімен марапатталды. Майдан даласындағы осындай көптеген сұрапыл шайқастарда жаудың әскери құрамаларын шығынға ұшыратып, қарамағындағы жауынгерлерін ерлікке бастай білетін қайсарлығы үшін КСРО Халық Комиссариатының 1943 жылғы 19 наурыздағы бұйрығымен генерал-майор атағы берілді.

Сабыр Рақымов – Орта Азия халықтарының арасынан шыққан тұңғыш генерал-майор. Даңқты қазақ генералы 1944 жылы ұрыс даласында көз жұмған.

***

Айналасындағы қас пен дұшпанның сесін басып, түбі бір туысы болып келетін түркі жұртының ұрпағын өз төңірегіне ұйыстыра білген Үйсіннің бел баласы болып келетін Суан атамыздан тарайтын Шалақазақ руынан шыққан батыр ағаларымыздың бірі Көбіков Хамит Қожабергенұлы. Қазақ жерінің көрікті аймақтарының ішінде жерұйық саналатын Жаркент өңірінің тумасы. Тау бөктерінде жатқан самалы саумал Сарыбелдің саясында 1916 жылы мамыр айында дүниеге келген. Шыр етіп жерге түскеннен бастап шекара шетін жайлаған елінің арасынан шыққан небір батырларының жүректілігін жанымен сезініп, құлағына құйып өскен жан. Талаптанып жүріп Жаркент қаласында ашылған бір жылдық мұғалімдер курсын табысты аяқтап, Басқұншы ауылындағы бастауыш қазақ-орыс (бұрынғы почтаның үйі, алғаш 30-жылдарда мектеп болған) мектебіне мұғалімдік қызметке орналасады.

Соғыстың екінші жылы майданға алынған жас жауынгер 1942 жылдың басында бірден ұрыс даласына түсті. Хамит Қожабергенұлы 7-ші танк корпусының құрамындағы 23-ші гвардиялық мотоатқыштар бригадасының артиллериялық дивизионында 76 мм. зеңбірек расчетінің командирі болып соғысқа кіріседі. Екінші дүниежүзілік соғыстың барысында маңызды тарихи роль ойнаған Сталинград түбіндегі неміс-фашист әскерлерінің орасан үлкен тобының қоршауда қалып талқандалынып, қалғандарының тұтқынға түсуі гитлерлік вермахтың 1942 жылға жасаған әскери жоспарының іске жарамсыз болғандығын көрсетті. Біздің даңқты жерлесіміз, зеңбірек расчетінің командирі Хамит Қожабергенұлы үлес қосқан ұрыстар, кеңес жауынгерлерінің жаудан жасқанып, бір қадам да артқа шегінбей көзсіз ерлік көрсеткендігін айғақтады.

Ұзақ уақыт жасырын жасалып, құпия дайындалған Висла-Одер операциясы 1945 жылдың 13-ші қаңтарында орталықтан, солтүстікпен оңтүстіктен жаппай шабуылмен басталды. 1-ші Украина майданының құрамында ұрысқа кіріскен танк бұзар зеңбірекшілер тобының командирі старшина Хамит Көбіков те жаудың алдыңғы бекініс шебін жойып өтіп, жау ішіне қарай сұғына еніп, Одер өзеніне жақындап келді. Қаңтар айының соңында үдете шабуылдаған кеңес әскерлерінің алдыңғы легі Одер өзенінен өтіп, тұйықсыздан немістердің астанасы Берлин қаласынан 70, кей жерлерде 100 шақырым жерден шыға келгендігі жаудың зәре-құтын қашырды. Кейіннен неміс генералдарының жазбаларындағы мойындаулардан көрінгендей «Кеңес әскерлерінің Одер өзенінің батыс жағалауына өтуі Германияның құлауының басы себебі» дегендерінің соншалықты шындық екендігі айқын болды. Висла-Одер операциясының нәтижесінде Польшаның көптеген территориясы жаудан азат болып, ұрыс қимылдары Германияның жеріне көшті. Ержүрек Хамит Көбіковтің фашистік Германияның өз территориясындағы Одер операциясын жүзеге асыру кезіндегі көрсеткен ерлігінің маңыздылығы осыдан көрінді, әрі айырықша жоғары наградамен атап өтілді. Осы ұрыста ол өзінің зеңбірек расчетімен жаудың 3 танкісін өртеп, 4 бронды машинасын талқандап, 30-ға жуық әскері мен офицерлерінің көзін құртты. Одерді көктей қыйып өтуі, қиян-кескі ұрыстардағы және де басқа ерліктері үшін Жаркенттік жауынгер гвардиялық старшина Хамит Қожабергенұлы Көбіковке 1945 жылдың 10 сәуірінде КСРО Жоғарғы Кеңесі Төралқасының Жарлығымен КЕҢЕС ОДАҒЫНЫҢ БАТЫРЫ атағы берілді.

Майдандағы алған жарақаты, аласапыран соғыс кезіндегі қиындықтардың бәрі қосылып, денсаулығы сыр берген Жаркенттік жерлесіміз, гвардиялық старшина, Кеңес Одағының Батыры Хамит Қожабергенұлы Көбіков 1973 жылы небәрі 56 жасында мәңгілікке көз жұмды.

P.S. Біздің елдің батырлары жөнінде бұрын еш жерде жазылмады, жарияланбады деуден аулақпын. Қолына қалам ұстаған жергілікті жерден шыққан жазушылар, журналистер, көзі ашық, сөзге ебі бар азаматтардың біразы өз аталарынан шыққан белгілі батырлар мен беделді билер туралы жазып шықты. Бірақ, Суан батырлары жайлы алғашқы топтап берілген зерттеу мақаланың басы осы деп санаймын. Халық арасында аттары аталатын батырларымыз да баршылық, бірақ қандай ерлік жолынан өткендігі, қандай ерлік жасағаны сақталмаған. Жадымыздағы естеліктеріміз жұқалау, жұтаңдау және аз, ал бар болса да батырларымыздың іс-әрекеттерінде бірін-бірі қайталау басым. Мына мақаланы оқып шығып, біз есімін естімеген батырларымыз болса, естігенін жазып жіберсе, мұндай игілікті істі газет бетінде жариялап,  ерлер есімін әрдайым асқақтата дәріптеуге әзірміз.

(Мақала қысқартылып берілді)

Молот СОЛТАНАЕВ,

«Жаркент айнасы» газетінің

Бас редакторы.



Ұқсас тақырыптар