Қуғын-сүргін құрбандарын ақтау: Мемлекетік комиссия үш жылда не бітірді?

Өткен ғасырдың 30-жылдары қазақ халқының тарихындағы ең ауыр да қасіретті кезең болды деп айтуға толық негіз бар. ХХІ ғасырға әлемдегі ең көп 30 халықтың бірі болып кірген қазақ, ғасыр соңында аз ұлттардың біріне айналды. Себебі Ресей империясы құлап, артынша кеңестік жүйе орнағаннан кейін болған ашаршылық, ұжымдастыру саясаты мен қуғын-сүргін миллиондаған қазақтың қаза табуына, миллиондаған қазақтың босып кетуіне себепкер болды. Атылмыш жылдары мыңдаған қазақ зиялылары қудаланып, атылды, ұзақ жылға темір торға тоғытылды, Сібірге айдалды. Ұжымдастыру саясатына қарсы шығып, аштық құрсауынан аман қалудың жолын іздеген көтерілістер де болды. Ресми дерек бойынша елімізде 30-жылдары 372 көтеріліс болған. Бұл белгілісі. Барлық көтеріліс аяусыз жанышталды. Бас көтерген азаматтар ату жазасына және ұзақ  жылдық абақтыға кесілді. Оларды Кеңестік билік «коммунизмге қарсы элемент, халық жауы және басмашылар» деп атады. Сталин ажалынан кейін де, КСРО ыдырағаннан кейін де сол бір көтеріліске қатысқан боздақтарды ақтау мәселесі қарастырылмады. Тарихи тұрғыдан әділдік ерте ме, кеш пе орнауы тиіс. Жазықсыздардың ақталуы келешек ұрпақ алдындағы қасиетті борыштың бірі болатын.


31 мая - День памяти жертв политических репрессий и голода - Новости  Казахстана и мира на сегодня

 

2020 жылы сол кезеңнің жазықсыз құрбандарын ақтауға қатысты мемлекет басшысының тапсырмасымен арнайы комиссия құрылған еді. Мемлекеттік комиссияның міндеті саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау болып табылады. Шаң басқан архивтерді ақтарып, құпия құжаттарды көз майын тауыса оқып, «кінәлі» етілген кінәсіздерді ақтау жұмысы оңай емес. Ол уақыт пен қажырлы еңбек және кәсіби құрамды қажет етеді.

 

Үлкен тарихи жобаны жүзеге асыруға кәсіби құрам таңдалып алынды. Құрамы 316 кәсіби тарихшы, академик және зерттеушіден құралған топ бүгінде мыңдаған құжатты зерттеуде. Оның ішінде 261 зерттеушіге құпия құжаттарды көруге, аса құпия архивтерге кіруге рұқсат етілген. Демек бұған дейін жарық көрмеген құжаттардың басым бөлігін оқу мүмкіндігі, бұрмаланған тарихқа шынайы көзқараспен қарау мүмкіндігі пайда болды деген сөз. Мемлекеттік комиссиядан бөлек әр облыста да аймақтық комиссия қызмет етуде. Жалпы еліміз бойынша 500-ден астам тарихшы, зерттеушіні біріктірген жоба үш жылдан астам уақыт бойы жұмыс істеп келеді.

 

Мемлекеттік комиссия жұмысында тыңғылықты әдіс-тәсіл қарастырылған. Тарихи құжаттарға ғылыми тұрғыдан қарау, зерттеу және баға беру барысында жеке эмоцияға емес, шынайы объективтілікке негізделу маңызды. Бұл тарихи оқиғаларға әділ баға берудің бірден бір жолы. Комиссия мүшелері еліміз бойынша қалаған архивтерге кіріп, жұмыс жасай алуы үшін арнайы рұқсатнамаға ие. Жергілікті органдар олардың жұмысын жеңілдету мақсатында өз көмектерін де аяған емес.

 

Мемлекеттік комиссия  еліміз бойынша 60-тан астам архивта жұмыс істеуде. Құжаттарды іздеу, оларды түрлі кезеңге бөлу жұмыстары күні-түні жүріп жатыр. Комиссия жұмысына ҰҚК, ІІМ мен Бас прокуратура да қатынасып, қол ұшын созуда. Осы уақытқа дейін соңғы деректерге назар аударсақ, Бас прокуратура тарапынан 2,4 млн құжат, ҰҚК тарапынан 1,5 мың архивтік құжат және ІІМ тарапынан 5,3 мың құжат құпиясыздандырылған. Бұл комиссия жұмысын жеңілдетіп, зерттеу жұмыстарына қарқын берді. Мемлекеттік комиссия тарапынан және прокурорлық қарау негізінде сол кезеңнің 250 мыңнан астам жер аударылғандар мен арнайы өкілдерін ақтау жұмыстары іске асты.


 

Саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау процесінде Алматы шаһарын жеке алып қарастыру маңызды. Себебі Алматы репрессия жылдары ел астанасы болды. Мәскеуде шыққан қатаң бұйрықтар тікелей Алматыға жетіп отырды. Ал қудалауды іске асыратын НКВД бөлімшелері мен басшылары осы Алматыда шоғырланды. Алматы сол жылдары Орталық Азия бойынша саяси қудалауды іске асырған ең алып қаланың біріне айналды. Сол себепті де Алматыда мемлекеттік комиссия жүзеге асырып жатқан жұмыстарды білу маңызды екені түсінікті.

 

Алматыдағы мемлекеттік комиссия мүшелеріне де артылған жүк ауыр, міндет жоғары. Комиссия 51 адамнан тұрады. Олардың ішінде тіс қаққан тарихшылардан бастап елім, жерім, өткен тарихым деген қоғам қайраткерлері мен белсенділер де бар. Бірі архивте жұмыс істеп, құжат іздесе, енді бірі сол атқарылып жатқан жұмыс барысын көпшілікке жеткізіп, ақпараттандырумен айналысып келеді. Бұл да маңызды.

 

1980-1990 жылдар аралығында КСРО кезеңінде де ақтау процестеріне қатысты комиссия құрылып, өз жұмысын бастаған болатын. Ол сәтте аты белгілі бірқатар алаштықтар ақталды. Ал комиссия ел астанасы болған Алматыда жұмыс жүргізді. Артынша тәуелсіздік алған сәттен кейін ашаршылық пен саяси қуғын-сүргінді қайта қарау, қайта ақтау бойынша жаңа комиссия құрылды. Ол да өз жұмысын Алматыдан бастады. Себебі архив, құжаттар мен тарихи оқиғалардың басым көпшілігі осы Алматыда өтті. Қазіргі комиссия жұмысы да Алматыда қарқынды жүріп жатыр. Комиссия жұмысына қатысты ақпараттар аймақтық және республикалық басылымдар мен арналардан көрсетіліп те келеді. Ал Алматыда құрылған комиссия бүгінде 9 топқа бөлініп, жұмыс атқаруда. Алматының маңызды екенін ел басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлының 31 мамыр күні саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтауға қатысты комиссия жұмысымен танысу мақсатында Алматыға келіп, жұмыс барысымен арнайы танысқанынан-ақ түсінуге болады. Бүгінгі таңда комиссия мүшелері, тарихшылар көптомды «Алашорда ісі. 1920-1940 жж. Құжаттар мен материалдар» атты тың еңбекті дайындап жатыр. Бұл комиссия жұмысының бір парасы ғана.

 

2021 жылы, 27 мамыр күні мемлекеттік комиссия жұмысының бір жылдық кезеңінде Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев ел президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевпен кездесіп, комиссия жұмысына қатысты баяндама жасаған еді. Сол кездесу барысында ол комиссия жұмысының нәтижесі ретінде «Ашаршылық. Голод. 1928-1934. Документальная хроника» атты үш томды жинақты таныстырды. Жинаққа мыңдаған жаңа құжаттар енгізілген болатын. Комиссия үш томдық еңбекке ұжымдастыру жылдарындағы тың ақпараттар, қазақты қырғынға ұшыратқан бұйрықтар мен құжаттар, түрлі деректер мен сандарды кіргізді. Ел басшысы дәл осы бағытта жұмысты жалғастыруға тапсырма берген еді.


 

2023 жылдың мамырында "Ашаршылық. Голод. 1928 - 1934" атты көптомдықтың жаңа басылымыы мен сериясы шықты. Оны тағы да Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев таныстырды. Бұл жолы маңызды тарихи еңбекті таныстыру тарихи ортада, яғни ҚарЛАГ лагерінде өтті. Бұл VI және VII томдықтар. Бұған дейін бес том шыққан еді осы бағыт бойынша. Әр томда әр түрлі құжаттар, тың деректер жарияланып отырғандықтан, бұл аса маңызды және қуғын-сүргін құрбандарын ақтаудағы келелі оқиға.

 

Сенат төрағасы былай деді кітапты таныстыру барысында: "Ашаршылық мәселесін терең және жан-жақты зерттеу ел президенті Қасым-Жомарт Кемелұлыныың тапсырмасы бойынша соңғы жылдары жаңа қарқын алуда. Соңғы екі жылда ғалымдар мен Сенат депутаттарының көмегімен архивтік құжаттардың тың жұмысы бестомдық болып шықты. Бүгін біз таныстырып отырған екі томдық Ашаршылық мәселесін зерттеуге Сенаттың қосқан үлесі екенін нақты көрсетеді. Алдымызда өте көп жұмыс бар. Сенат көтеріп отырған бұл мәселелер өзге мемлекеттік орган тараптарынан қолдау табады деп сенім артамыз», - деді. Ол осы бір маңызды еңбекті жасаушы комиссия мүшелері, тарихшылар мен ғалымдарға алғыс айтты.

 

Саяси қуғын-сүргін көргендердің ішінде комиссия мүшелері дін өкілдеріне қатысты да материалдарды зерттеуде. Бұл тақырып біздің қоғамда көп айтыла бермейді. Алайад Кеңестік билік орнағаннан кейін, мемлекеттің дамуы мен идеологиясына кедергі келтіреді деген желеумен түрлі дін өкілдерін қудалау жұмыстары басталды. Ислам, христиан және басқа дін өкілдері ұзақ жылға сотталды, атылды. Отбасы мүшелері қуғындалды.

 

Мемлекеттік комиссия міне үшінші жыл қатарынан жұмыс істеуде. Ол 11 бағыт бойынша еңбектеніп жатыр. Оның ішінде дін өкілдерін қуғындалуына байланысты зерттеу жөніндегі бағыт та бар. Дін өкілдерін де кеңестік жүйе әйгілі қанды 58 бап бойынша айыптап, азаптаған еді.

 

30 жылдары көптеген ислам діні өкілдері панисламистік қозғалыстарды құрды, революцияға қарсы шықты деген айыпқа ілінді. Комиссия мүшелері жақында НКВД-ның № 00447 бұйрығын тапты. Ол 1938 жылдың қаңтарындағы бұйрық. Онда Қазақстанның оңтүстігіндегі облыстарда діншілдер, ишандар мен байлар, молдалардан құралған топтың талқандалғаны айтылады. Бұйрыққа сәйкес 1363 адам ұсталып, 829 адам ату жазасына кесілгені көрсетілген. Дәл осы құжатта 800-ден астам шіркеу қызметкерінің де жазаланғаны жазылған. Осы уақытқа дейін саяси қайраткерлерді ақтау жұмыстары жүргізіліп келе жатса да, дін қызметкерлерін ақтау ақсақ тұрған еді. Себебі арнайы құжаттарға қол жеткізу қиынға соқты. Ал мемлекеттік комиссияға құпия архивтерге кіру мүмскіндігі бюолғандықтан. Бұл іс жеңілдей түскендей.

 

Мемлекеттік комиссия жұмысыы осылай іске асуда. Әрине, әлі талай атқарар жұмыс, ақтарар архив бар. Әлі талай ақталуын күтіп жатқан тұлғалар, қуғындалған боздақтар бар. Алайда іс басталды, нәтиже де жоқ емес.


Mezgil.kz

 

 

 

 

 

 



Ұқсас тақырыптар