Таразда қараусыз қалған балалар тірідей жанып кетті

4.jpg


Таразда тілсіз жау екі бүлдіршіннің өмірін жалмады. Үш жасар қыз бен 5 жастағы ұл өртенген үйден шыға алмай түтінге тұншығып қалған.  Жалынды сіріңкемен ойнаған балалардың өздері тұтатуы мүмкін. Ал от құрсауында қалған балаларды құтқаратын ешкім болмапты. Бұл жайында КТК арнасы хабарлады.

Жамбыл жұртының қабырғасын қайыстырған қайғылы оқиға кеше кешкісін болған. Кәугерлердің айтуынша, 5 және 3 жастағы екі бүлдіршін үйлерінде өздері ғана жүріпті. Ал оларға бас-көз болу үшін қалдырылған 7-ші сыныпта оқитын ағасы сол сәтте дүкенге шығып кеткен көрінеді. Ол небәрі 20 минутта оралғанымен, үйі отқа оранып жатқан. 14 жастағы жасөспірім дереу баспанаға кіріп, түтінге тұншыққан бауырларын сыртқа алып шыққанымен, тым кеш болған.

 

Галина Прохорова, оқиға куәгері:

-Ол кезде от қатты жанып жатқан жоқ еді. Түтін будақтап тұрған. Балаларды далаға алып шыққанда олар өлі болатын. Алғашында есінен танып жатыр ма деп ойлағанбыз. Ыста 5 минут қалсаң жетіп жатыр. Ал олар ұзақтау жүріп қалған.

Бұл уақытта марқұмдардың әке-шешесі жұмыста болған екен. Ал болжам бойынша, тілсіз жау балалар бөлмесінен шыққан. Нысан каркастан салынғандықтан, өрт лезде күш алыпты. Алғашында шарпыған жалынды көршілері сөндіріп көрмек болған. Алайда одан нәтиже шықпапты. Жедел жеткен төтенше жағдайлар қызметінің мамандары жалынмен 2 сағат алысып, әзер ауыздықтаған.   

Мақсат Әкімбаев, Жамбыл облыстық өрт қауіпсіздігін бақылау және профилактикалық қызмет басқармасының бастығы:

-Өрттің негізгі себебі:балалардың отпен ойнауынан болып отыр. Балаларды бөлмеде құлыптап, ата-анасыз қамауда қалдырып кеткен.

 -Сау-тамтығы қалмаған баспана тұруға мүлдем жарамсыз. Ішіндегі дүние-мүліктің де түгі қалмай жанып кеткен. Енді бауыр еті баласынан айырылғандардың қайда барары да белгісіз. Қайғыдан қара жамылған жанұяның тұрмыстық жағдайы төмен еді дейді ауылдастары. Сондықтан өздері қал-қадірінше көмек қаржы жинауда.

 



Ұқсас тақырыптар