Салафизм ағымын ұстанған жігітке тұрмысқа шыққан шымкенттік әйел олардың адам шошырлық әрекеттері туралы айтып, барша қазақстандықтарды, әсіресе, әйелдерді сақ болуға шақырды. Сондай-ақ, ол салафизм ағымының танымал уағызшысы Ділмұраттың (Әбу Мұxаммед) уағыздарын тыңдамаңдар деп кеңес берді.
Әйелдің айтуынша, салафизм ағымын ұстанғандар өздерін Ділмұрат «аһидың» шәкірті санайды екен. Олар өз әйелдерін бір-біріне сыйға тартатын көрінеді.
«Бала-шағамның және өзімнің қауіпсіздігі үшін аты-жөнімді айта алмаймын. Мен Шымкенттен боламын. Бұл үндеу Ділмұрат ахи мен қыз-келіншектерге. Өзім намазға келгеннен кейін Ділмұрат аһи, сіздің лекция, уағыздарыңызды тыңдап келдім. Сөйтіп салаф бауырыма тұрмысқа шықтым. Бірақ көп ұзамай ол мені өзімнің "бауырым" деп жүрген басқа салафқа мені сый, зат ретінде сыйлады. Осылай мені үшіншісіне, төртіншісіне сыйлап кете берді. Әр тұрмыста балалы болып отырдым. Бір сәләфқа барып "Бұған кім кінәлі?" деп сұрасаң, "Тағдыр ғой, сабыр сақта қарындасым" деп айтады. Қайдағы тағдыр? Бұл сіздердің қателіктеріңіз. Надан тірліктеріңіз бұл. Қаншама қыз-жігіт сіздің уағызыңызды тыңдаймын деп, қаншама бала жетім, әйел жесір қалды», - деген әйел Сирияға аттанып жатқандар да Ділмұрат аһидың уағызының жетегінде жүргендер екенін айтады.
Аты-жөнін көрсетпеген Шымкенттің тұрғыны ендігіде басқа қыз-келіншектерді салафиттерге жоламауға шақырды.