Талдықорғанның шағын аудандарының біріндегі ойын-сауық кешенінде оқ атқан ер адам ұсталды, деп хабарлады Tengrinews.kz.
«Бүгін Алматы облысы әкімі аппаратының отырысында Амандық Баталов ІІД басшылығынан ойын-сауық ғимаратында болған оқыс жағдайға қатысты түсініктеме алды. Құқық қорғау органдарының өкілдері күдікті ұсталғанын және одан жарақат салатын тапаншы тәркіленгенін жеткізді», - деп мәлімдеді Алматы облысы әкімінің баспасөз хатшысы Ғалыммұрат Жүкел.
Бұдан басқа Талдықорған қаласында орналасқан ойын-сауық орындарының жұмыс кестесі қайта қарастырылатыны белгілі болды. Мәселе қалалық маслихаттың келесі отырысында қаралады.
Айта кетсек, өткен аптада жұмадан сенбіге қараған түні Талдықорғанның үшінші шағын ауданында тұрғындар атыс шыққанын естіген.