Осыдан оншақты жыл бұрын қазақ баспасөзі мен рухани майданы Қытай ақыны Ли Байды қазақ, оның ішінде дулат деп шуласты. Ақындар ұжымы өлеңдерін аударып, том-том кітаптары жарық көріп, либайтану қарқынды жүрді. Атамзаманнан Қытайдың әйгілі ақыны деп дәріптелген Ли Байды қазақ қылу кімге керек болғаны түсініксіз еді. Бұл бастамаға Қытай елі де "сүйіспеншілік" танытып бақты. Оның ескерткішін орнату, арнайы зерттеу институтын құру, қала көшелеріне атын беру сынды "теңдессіз" жұмыстар күн тәртібінде тұрған. Жоғары биліктегілердің өзі де белшеше кірісіп, қомақты қаржы бөлінгені де белгілі болған-тын. Қазір Ли Бай қазақ деп ешкім айтпайтын болды. Неге? Бұл үрдіс қалай, неліктен тоқтады? Оған ең алғаш қарсы шыққан кім? Белгілі тарихшы, ғалым Әлімғазы Дәулетханұлының көлемді мақалалары оқырман қауымға бейтаныс болмаса керек. Біз тарихшы, қытайтанушы Н. Мұқаметханұлының сыйлас ағасы, тарихшы Ә. Дәулетханұлы туралы жазған толғамды мақаласының Ли Байға қатысты тұсын үзіп алып ұсынуды жөн көрдік. Бұл тақырып әлі де болса өзекті болар деп ойлаймыз. Редакциядан.
***
2009 жылы қазақ қоғамын Мұқтархан Оразбайдың Қытай ақыны Ли Байды (Ли Бо деп те аталады6 701-762 ж.) қазақ, қазақ ішінде Дулат руынан шыққан, тіпті, Дулат атаның 9-ұрпағы деген тарихи негізі жоқ, жат ниетпен жазған мақаласы дүрліктірді. Оны сол кездегі сенатор Өмірбек Бәйгелді бастаған біраз дөкейлер қолдап, жедел түрде «Ли Бай зерттеу орталығын» құру, 38 сериялы фильм түсіру, Тараз қаласының кіре берісіне Ли Байдың еңселі мүсінін тұрғызу сияқты жобалар жасалып, қаржысы да қарастырылды.
Қытай тілі-әдебиеті мамандығын оқыған, Қазақстанның ортағасыр тарихының маманы ретінде, өз елінің жанқияр патриоты, жалғанға жаны қарсы азамат ретінде Әлімғазы Дәулетханұлы бұл масқараға төзіп тұра алмады. Өйткені бұл сандырақ Қазақстанның тәуелсіздігі мен территориялық тұтастығына нұқсан келтіретін идеологиялық ағым еді. Әлекең өзінің ауыр отадан шыққан жарымжанды жағдайына қарамастан, саяси алыптарға, баукеспе жалдаптарға қарсы күреске шықты.
Әлімғазы Дәулетханұлы
Әлімғағы Дәулетханұлы алдымен Ли Байдың қазаққа еш қатысы жоқ адам екенін ғылыми түрде дәлелдеген зерттеулерін «Сенатор Өмірбек Байгелді мырзаға ашық хат: Тарихты сізше таратуға болмайды», «Мұқтархан Оразбайдың 15 өтірігі», «Жалған тарих жасау – жалған ақша жасаумен бірдей сорақы қылмыс» атты мақалаларында пайымдап, халықтың көзін тарихи шындыққа жеткізді, сондай-ақ бұл әрекеттің астарында жатқан жымысқы ойдың сырын да айпарадай ашып тастады, ел-жұрыт тіксіп қалды, билік те ойланды, ақыры аталмыш жобаларды іске асыруға шектеу қойылды. Сонымен Қазақ елі халықаралық үлкен мазаққа ұшыраудан, мазақ емес-ау, үлкен қатерге ұшыраудан аман қалды. Әрине, Әлекеңді қолдаған, Мұқтарханның өтірігінің шындыққа айналуына қарсы тұрған көзі қырағы ғалымдар аз болмады. Дегенмен бұл мәселеде Әлекеңнің атқарған рөлі зор болғанын атап айтуға тиіспіз. Әсіресе, оның ұлттық мүдде жолында жасаған жанқиярлық күресі адамды әсерлендіреді.
Әлекеңнің бұл еңбегінің маңызын мына бір жағдайдан тіпті де терең түсінуге болады. Қытай тілін білетін қазақстандықтардың бәрі көрген болуы мүмкін, биыл көктемнен бері Қытайдың Әскери академиясының жас инспекторының бірінің оқыған лекциясы ғаламторды шарлап жүр. Онда әскери инспектор Әлем картасын іліп қойып, бір топ курсанттарға дәріс оқиды, оқығанда картаны нұсқап тұрып бұй дейді: «Мынау Байкал көлі, мынау Балқаш көлі, анау Орал теңізі, аноу Жерорта теңізі, бұл кеңбайтақ дала – Қытайдың ежелгі территориясы. Атақты ақынымыз Ли Бай осы Балқаш көлінің маңында туған. Бұл жерлерде биологиялық ресурстар өте мол, осы жерлерді қайтарып алуымыз керек!» Бұл сөзді естіген таңдаушылар дүркіреп шулап, қол шапалақтап кетеді. Осыны көріп отырып ойландым: «Алла-тағала Әлекеңді «қатарлі ісіктен» қазақ халқының бағына алып қалған-ау» деп. Егер сол кезде рулық сананың жетегінде кетіп, аталған жобаларды іске асырып жібергенде, территориямыздың тұтастығына қатер төнер еді. Рулық мақтанышымызды өсіреміз деп жүріп, ұлттық қауіпісіздігімізге нұқсан жеткізіп алар ма едік, кім білсін?!
Әлекең қазақ халқын, тәуелсіз Қазақстан мемлекетін шексіз сүйген адам. Сондықтан да ол кез келген мәселеге ұлттық мүдде, мемлекеттік қауіпсіздік тұрғысынан қарайды. Сондықтан болар, оның сондай күйінішінен, сүйінішінен шыққан даусы қашанда қатқылдау шығатыны бар, ешкімнен тайсалмайтын, алыс-жақын демей өз көзқарасын, жеке пікірін айтып салатын күрескерлік мінезі де бар.
Кей кезде ол кісімен кеңесіп отырып, қазақтың заманаға үйлеспейтін кейбір ғұрып-дерттерін айтып қалсаңыз, ол кісіге ұнамай қаласыз. Өйткені, ол кісі үшін қазақтың барлық нәрсесі қымбат, керемет, қазақтай мінсіз халық жоқ, бұл дүниеде. Әлекең ұлтын осылай сүйеді, әрқандай жағдайда ұлты үшін қызмет етпей тұра алмайды. Бұл сөзімізге дәлел ретінде, қазірге дейін Әлекеңнің жарық көрген 200-ден аса ғылыми және танымдық еңбектерін (оның он шақтысы өзі және басқалармен бірлесіп жазған монографиялары) айтуға болады.
Қазір қарттық пен науқастың екі жақтап қысып келе жатқанына қарамастан, Әлекеңнің алда істеймін деп жоспарлап қойған жұмыстары бір төбе. Берік ұстаным мен мұқалмас рух ол кісіні өрге сүйреп келеді, сүйрей берсін. Ракті де бағындырған Әлекең, алдағы ғылыми жоспарын да іске асырады деп сенеміз. Құдай қуат бергей!
Нәбижан МҰҚАМЕТХАНҰЛЫ,
тарих ғылымдарының докторы.