Қазақты қынадай қырған Голошекин геноциді мектептің Қазақстан тарихы пәндерінде ашық жазылған ба? Шынын айтатын болсақ, төл тарихымыздағы қасіретті жылдар туралы ақпараттар мектеп оқулықтарының өзінде мардымсыз жазылған.
Кеңес үкіметі қолдан ұйымдастырған ашаршылықта қазақтар секілді көп қырылған украиндықтар бұл трагедиялық кезеңдерді халықаралық деңгейге шығарып, басқа елдерге көрсетіп, оны мойындауға мәжбүр етіп отырса, ал біз болсақ, бұл нәубатты жылдарды өскелең ұрпаққа толық жеткізе алмай отырмыз.
Бұл туралы саясаттанушы Ерлан Қарин бір сұхбатында былай дейді:
– Мен 10-11-сыныптағы орыс және қазақ тіліндегі Қазақстан тарихы пәні бойынша оқулықтарды оқып, талдап көрдім. 11-сыныптың «Қазақстан тарихы» оқулығында ашаршылықтан 300 мың адам өлді деген дерек көрсетілген. Сондай-ақ орыс сыныбына арналған «Қазақстан тарихы» оқулығында (11-сынып) үлкен бір қасірет, қаншама миллион халқымызды жойған оқиға бір кішкентай ғана абзацпен берілген. Сонда бүтін бір ұлттың трагедиясы бар болғаны бір абзацқа сыйып кеткен бе? Сол парақтағы тараудың өзі былай аталады: «Кеңестік саясаттың олқылықтары». Жаппай ашаршылықты баяғы сарынмен тек олқылық, кертартпалық деп қарастыру адамның өлімі трагедия емес, жай бір ғана қателік секілді. Бұл не? Бұл біздің әлі де кеңес үкіметінің түсіндірмесімен отырғанымызды көрсететіндей.
Шынында да, қарап тұрсаңыз, бұл біздің осынау тарихи оқиғаны «геноцид» деп ашық айта алмай, оқушыларымызға ақиқатты ашып көрсете алмай отырғандығымыздан емес пе? Осындай олқылықтардың орнын толтыратын уақыт әлдеқашан жетті емес пе? Біріншіден, ашаршылық оқиғасына саяси баға неліктен берілуі тиіс? Ең алдымен бұл болашақ ұрпақтың санасын қалыптастыру үшін, келешек ұрпағымызға дұрыс мәлімет қалдыру үшін қажет емес пе? Бірақ бізде оқушыны апаратын мұражай жоқ болса, оқытатын оқулық жоқ болса, көрсететін фильм болмаса, онда біз жас ұрпаққа нені жеткіземіз? Ең қауіптісі осы емес пе? Біз бұлай немқұрайдылық таныта берсек, болашақ ұрпақтың түсінігі қазақ тарихы туралы ұшқары болатыны сөзсіз. Сондықтан жастар, ертеңгі болашақ, сол кезеңдегі ел басына түскен нәубетті ұмытпас үшін мектеп оқулықтарына сол жылдар тарихы туралы ақпараттарды кеңірек әрі ашық насихаттауымыз міндет. Оларды оқулыққа енгізу – келер ұрпақ алдындағы да, өткен ұрпақ алдындағы да үлкен парызымыз.
Еділ НОЯНОВ, тарих ғылымының кандидаты, доцент:
– Міндетті түрде ашаршылық шындығы мектеп оқулықтарында толық жазылуы тиіс. Өкініштісі сол Тәуелсіздік жылдары жазылған мектеп оқулықтарында 20-30-жылдардың қасіреті толық жазылмаған. Украиндықтар өздерінің «Голодоморын» болмаса еврейлер өздерінің «холокостысын» әлем болып атап өткісі келеді. Тіпті өткізіп те жатыр. Ал біз болсақ, қайғылы, қасіретті жылдарымызды өз өскелең ұрпағымызға да толық жеткізе алмай отырмыз. 31-33-жылдары қазақтың 40-50 пайызы аштықтан қырылды. Одан тірі қалғандары көрші елдерге бас сауғалауға мәжбүр болды. Ол кезде Қазақстанда қалу өліммен тең болатын. Демограф-ғалым Мақаш Тәтімовтің есебі бойынша, 1897 жылы қазақтың саны 4 млн 400 мың болса, 1959 жылы 4,5 млн қазақ халқынан 2 млн 870 мың ғана қазақ қалған. Қазақтың негізгі шығыны ашаршылық кезеңімен тұспа-тұс келіп тұр. Сондықтан бұл мектептің оқулықтарында міндетті түрде шынайы әрі толық жазылуы тиіс. Тек Қазақстан тарихы пәндерінде ғана емес, мектепте бұл төңіректе факультативті сабақтар, тәрбие сағаттары өтуі керек. Сонымен қатар о баста 31 мамыр ашаршылық күні болып белгіленген болатын. Бірақ кейін ол 1937 жылғы қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күні болып өзгертілді. Яғни ашаршылық күніне байланысты бізде нақты белгіленген күн жоқ. Бір ғана армян халқын алайық: кезінде түріктердің қолынан қаза тапқан миллионға жуық бауырластарын еске алу үшін еңкейген кәрісінен еңбектеген баласына дейін айтулы күнді айрықша атап, аза тұтады. Ал Украинада осыдан бірнеше жыл бұрын Украинаның Радасының (парламентінің) ұсынысымен, президент шешімімен 27 қарашаны жаппай ашаршылық кезінде құрбан болған қандастарын ескі алу күні етіп жариялады. Сол күні кеште бүкіл Украина бойынша бір сағат барлық жарықтар, шамдар өшіріліп, бауырластарын еске алады. Ал, біз Алаштың арқа тұтар азаматтарынан бастап қарапайым қазақ ұлдарын баудай түсіріп, қазақ жерін молаға айналдырған миллион қазақтың басын жұтқан қаралы тарихтың жүзіне тік қарай алдық па? Мен қырылған қазақтың жоқтаушысы бүгінгі ұрпағы деп айтар едім. Келешекте барлық ЖОО-да, әрбір мектепте ашаршылық шындығы айтылуы тиіс. Қазір ештемеден жасқанатын, қымсынатын кезең емес. Айтам деген, осыны іске асырамын деген адамның аузына қақпақ, қолына байлау болып отырған ешкімді көрмедім. Бұған тек ниет пен ынта керек. Сондай-ақ Білім және ғылым министрлігі мен тағы басқа тиісті органдардың ықыласы қажет дер едім.
Бір сөзбен айтқанда, ашаршылық мектеп қабырғасында қазақ тарихындағы ең алапат ұлттық қасірет ретінде оқытылуы керек. Жазушылар, мүсіншілер, киногерлер, суретшілер осы трагедияны көркем бейнелеуге міндетті. Әрине, мұндай шараларға байқау жарияланып, арнайы мемлекеттік грант бөлінсе, дұрыс-ақ болар еді. Сондай-ақ 31 мамыр – Ашаршылық және саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күні болып қайта қалпына келіп, (ашаршылық деген қосылуы тиіс) осы күні еліміздегі барлық мешіт ашаршылық құрбандарының аруақтарына құран бағыштап, еске алу шаралары өткізілсе, құба-құп болар еді.
Қазақстан Тәуелсіздік алғанына ширек ғасырдан асты. Егеменді ел болдық. Экономикамыз да қарыштап даму үстінде. Өзге елдер арасында да беделіміз жоғары, түрлі шетелдік ұйымдарға төраға болдық. Енді бізге не кедергі? Небір нәубетті бастан өткерген ата-бабаларымыздың шынайы тарихын келешек ұрпаққа жеткізу бүгінгілердің парызы емес пе? Сондықтан қалай да болса, бұл қасіретті жылдар төңірегіндегі шынайы тарихымыз мектеп оқулықтарында ашық әрі толық жазылуы тиіс. Ал бұған білім және ғылым министрі не дейді екен?
Серік АНАРБАЙҰЛЫ