Бұқар жырау жырындағы Барақ батыр туралы не білеміз

3.jpg

Қостанай облысында «Қазақстанның киелі жерлері» жобасына 20 тарихи-мәдени нысан енгізілді. «Тарихи тұлғаларға қатысты қасиетті орындар» санатында 18-ғасырда өмір сүрген Барақ Жанұзақұлы батырдың кесенесі де бар, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Қостанай облысының Сарыкөл ауданына келуші саяхатшылардың саны жыл сайын өсуде. Әсіресе, «Қазақстанның киелі жерлері» жобасына алынған орындарға жұрттың қызығушылығы басым. Мұнда 1996 жылы салынған Барақ Жанұзақұлы батырдың кесенесі бар. Аталған нысан «Тарихи тұлғаларға қатысты қасиетті орындар» санатына енді.

Өңір ақсақалдарының айтуынша, Барақ батырдың өмірге келуі туралы түрлі деректер бар. Барақ - Абылай ханның үзеңгілесі. Ол - атақты қолбасшы Қарабалуан Алдиярұлының үшінші ұлы. Төле бидің туған жиені, анасы Жасқаннан емшілік қасиет дарыған. Батырдың жерленген жері XVIII ғасырдың соңында көпшіліктің құлшылық ететін жері болды.   

 «Тарих кітаптарында Барақ батырдың 1717-1810 жылдары аралығында ғұмыр кешкені жазылған. Кесене сыртында да осы дата жазулы. Дегенмен, басқа тарихи деректерге сүйенсек, оның 1696 жылы туғаны көрсетіледі. Одан бөлек, нақты аса көп мәлімет жоқ, көбі ел аузындағы дәйексіз әңгімелер. Қазіргі айшықты кесенесі батырдың 300 жылдық мерейтойы қарсаңында салынған. Демек, оның 1696 жылы туғандығы қисынға жақынырақ», - дейді ауыл тұрғыны, зейнеткер Сағидолла Ғалиев.

Деректерде Барақ батырдың 1740-1758 жылдары қазақ жерін қалмақ басқыншыларынан азату ету жолындағы шайқастарға қатысқаны айтылады. Емшілігімен, көріпкелдік қасиетімен халыққа танылған. Аттан құлап, белін, аяқ-қолын сындырған адамдардың сүйектерін орнына салып, теріге, киізге орап тез жазған-мыс.

«Барақты халық қара күштің иесі деп таныған. Шайқастарда Барақ батыр қолбасшылық, тапқырлық, айлакерлік талантымен көзге түседі, тікелей өзі ұрысқа араласып, найзамен орыс казактарын бір соққаннан ер-тоқымынан домалатып түсірген. Сол кездерден бастап Барақ батыр туралы аңыздар тарала бастайды. Ол Жоңғар басқыншыларына қарсы Отан соғысында талай ерліктерімен танылады, Абылай ханның жасағын басқарады. Ордабасы жиынына, Бұланты, Аңырақай шайқастарына қатысып, Бұқар жырау жырында батырлар санатында аталады», - дейді Сағидолла Ғалиев.

Батыр туралы облыстық мәдениет басқармасының сайтында былай жазылған: «Емельян Пугачев қозғалысына қатысушылар патша әскерінен жеңіліп, қаша жөнелгенде, бұл қалың топ қазақ жеріне өтіп кетсе, артынан патшаның жазалаушы отряды қуады, яғни Ресей мен ресейліктердің арасында қырғын соғыс қазақ жерінде болады»  деп Абылай хан даналықпен болжаған. Осы келеңсіз жағдайды болдырмау мақсатымен Абылай хан Ресеймен шекарадағы бекіністерді қорғап қалуға екі топ сарбаздарды жібереді. Бір топты Шақшақ Жәнібек Тарханның ұлы Дәуітбай Тархан, екінші топтағы саны 2 мың сарбазды Қарабалуанның баласы Барақ батыр басқарады. Абылай ханның түпкі ойын бірінші түсінген Барақ батыр қазақ жері арасындағы бекіністерді қорғап, қазақ  жеріне соғыс өртінің шықпауын қамтамасыз етті. Осы маңызды тапсырманы орындап келгені үшін Абылайхан Бараққа өте риза болып: «Өзің батыр, өзің әулие екенсің. Сені ел емші әрі батыр деуші еді. Мен «Әулие-батыр» деп айтамын», - деген екен.

Барақтың әкесі Жанұзақ он екі жасқа қарағанда «Қарабалуан» атанған. Үш жүздің жақсылары мен жайсаңдары жиналған үлкен аста кіші жүздің «түйе балуанымен» жекпе-жекте Жанұзақтың мәртебесі басым болады. Халық арасында Барақ батыр «Қарабалуан баласы» атанып кеткен деседі.

«Айқап» журналының редакторы, ақын, қоғам қайраткері Мұхамеджан Сералиннің «Қазақ қай заманда Россияға қараған» деп аталатын мақаласында қазақ халқының Ресей империясының қол астына қарағанына қол қойған Әбілқайыр хан бастаған елу алты ру басы ақсақалдарының аты-жөндері көрсетілген. Қол қойғандардың қатарында Қарабалуан Алдиярұлы да болғанын деректер көрсетеді.

Батырдың кесенесі Сарыкөл ауданы, Крылов ауылынан 12 шақырым жерде орналасқан.

Ескі мазар Барақ батырдың туғанына 300 жыл толуына байланысты қайтадан жаңартылып, 1996 жылдың 13 шілдесінде ашылды. Мазардың сәулеттік құрылысы - порталды-күмбез. Іргесі тас кірпіштен тұрғызылған. Кіреберіс қақпасы керамикалық кірпіштен салынған. Күмбезі дулыға іспеттес пішінде, мырышталған темірмен көмкерілген.

Барақ батыр 93 жасында дүниеден озған. Ұрпақтарына өсиет етіп: «Мені алып бара алсаңдар, Түркістанға Ахмет Ясауидің кесенесіне әкемнің жанына жерлерсіңдер.

Егер алып бара алмасаңдар өз жерімнің шекарасына қойыңдар, ұрпақтарыма қорған болып жатармын»,- деген екен. Жергілікті жұрттың айтуынша, Сарыкөл ауданында өтетін рухани шаралардың барлығы Барақ ескерткішіне тағзым етуден басталады.



Ұқсас тақырыптар