Өмірбек ЖҰБАНИЯЗОВ, ҚР Суретшілер одағының басқарма төрағасы:
– Өмірбек Орынбасарұлы, елімізде соңғы жылдары қойылған мүсіндер мен ескерткіштердің көркемдік деңгейіне сын көзбен қарауға мәжбүр болатын сәттер аз емес. Сізде мұндай жағдай болмай ма?
– Бұрын мұндай жұмыстарға тапсырысты Үкімет Суретшілер одағына беретін. Онда арнайы Көркемдік кеңес құрылып, оған өнертанушылар, мүсіншілер, архитекторлар мен басқа да өнер салаларынан білікті мамандар тартылатын. Көркемдік кеңестің келісімінсіз аудан, облыс немесе республикалық деңгейдегі ешқандай мүсін еш жерге қойылмайтын. Былайша айтқанда, Суретшілер одағы әрбір жұмыстың көркемдік деңгейінен бастап, орындалған сапасына дейін түгел жауап беретін. Онда қолданылған материалдың түрін айтпағанда, қалыңдығы мен ескерткіш не мүсіннің тұғыры қандай болу керек және ол орналасатын жердің айналасындағы архитектураға үйлесімділігі, көрініс ауқымы толық ескерілетін. Мысалы, сол кезде тұрғызылған Абай ескерткіші Алматыда әлі тұр ғой. Одан артық Абай бейнесі әлі шыққан жоқ. Неге деген кезде, мәселенің бәрі сол кезде жұмыс жасаған Суретшілер одағы Көркемдік кеңесінің жауапкершілігіне келіп тірелері анық.
Бұрын қалалық, облыстық деңгейдегі жергілікті атқару органдарында Бас суретші деген лауазым болды. Тәуелсіздіктен бергі кезеңде ол басқа тұрмақ, Алматының өзінде қысқарып кетті. Қазір тек Мәдениет министрлігінде ескерткіштерді қабылдауға байланысты мемлекеттік комиссия ғана бар. Осыған қарамастан, көріп жүргеніміздей, кейбір ескерткіші қойылған тарихи тұлғалардың аты үлкен, адамы кішкентай немесе керісінше. Оның басты себебі – түрлі деңгейдегі атқарушы органдар басшылары бейнелеу өнеріне келгенде бәрін өзі ғана білетін, әмбебап боп кетеді. Біздің өз саламызда 4 жыл училище, 5 жыл жоғары оқу орнында оқығанымызбен, қаншама жылғы шығармашылық тәжірибемізбен ешқайсысы да санаспайды.
– Суретшінің еңбектерін бағалаудың белгілі бір стандарты не тәртібі бар ма?
– Көлік апатқа ұшырағанда бағалайтын адамдар бар, құрылысты бағалайтын мамандар бар, ал бейнелеу өнеріндегі жұмысты бағалау үшін мемлекеттен лицензия алған бағалаушы маман елімізде жоқ. Суретшілердің еңбегін анықтап, бағалайтын мамандар музейлердің біреуінде бар, біреуінде жоқ. Ондағы Бағалау комиссиялары мемлекеттен белгілі бір бейнелеу өнері саласы бойынша емес, кең спектр бойынша лицензия алған фирмалардың қызметіне жүгінеді. Барлық сала бойынша лицензия алып алған фирмалар мұндай жағдайда қажетті мамандарды өз қалауы бойынша шақырып, белгілі бір келісімшартпен ақысын төлейді. Ал, осыдан соң оның қаншалықты әділ бағаланатынын өзіңіз де бағамдай берсеңіз болады.
– Сіз айтқан мәселелер қолданыстағы «Мәдениет туралы» заңда қамтылған ба?
– Қамтылмақ тұрмақ, онда суретші деген сөздің өзі де жоқ. Заң жобасы талқыланғанда оған біз де өз ұсыныс-тарымызды жібергенбіз. Алайда, құзырлы органдардың бірі де оның ешқайсысын қабылдамады.
– Заңға нақты қандай өзгерістер керек?
– Көркемдік кеңес біздің өзімізде болуы қажет. Өткеннің бәрін мансұқтай бермей, Кеңес одағының да жақсы жағын алу керек қой. Қазір әкімдер ешкіммен ақылдаспай, көңіліне жаққан адамға тапсырыс береді. Ең мықты деген суретшінің өзінің де барлық туындысы сәтті шыға бермейді ғой. Ал, Көркемдік кеңес мемлекет қаржысымен жасалатын жұмыстардың барысында кездесетін кейбір кемшілікті дер кезінде жөндеу үшін қажет. Мені қазір министрліктегі Көркемдік кеңестің құрамына кіргізіп қойған. Бәленбай күні жиналыс, келіңіз дейді. Суретшілер одағы, өзіңіз білесіз, қоғамдық ұйым. Үкімет тарапынан ешқандай көмек жасалмайды, еш жерден дотация, субсидия алмаймыз. Еңбекақыны былай қойғанның өзінде, барып-келу жолым мен жатын орным төленбесе, мен қашанға дейін өз қаржыммен онда шапқылай беремін.
– Елбасы «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласында «атақты тарихи тұлғаларымыз бен олардың жетістіктерінің құрметіне ашық аспан астында ескерткіш мүсіндері қойылатын «Ұлы даланың ұлы есімдері» оқу-ағарту энциклопедиялық саябағын ашуымыз керек» дегенді айтты. Бұл жұмыстан Суретшілер одағы сырт қалмайтын шығар?
– Ақорданы салған кезде оның ішін қазақтың тарихы мен өнеріне байланысты безендіруге бізге тапсырыс берді. Суретшілер одағы оны жоғары деңгейде орындап шықты. Содан бері бізге Үкіметтен ешқандай тапсырыс болмады. Мемлекет басшысының Сіз айтып отырған мақалада көтерген жобаларын жүзеге асыруға үлес қосуға біз дайынбыз, егер тапсырыс берсе. Әзірге ешкімнен ешқандай ұсыныс жасалған жоқ. Сондықтан, оны Мәдениет және спорт министрлігіне бере ме, әлде жауапкершілігі шектеулі серіктестіктер жасай ма, не жеке бір оқу орнына тапсырып, оған студенттерді тарта ма, біз оны білмейміз. Қазір сұранысқа байланысты мүсіншілікке қатысы жоқ адамдар да мүсін жасап жатыр ғой. Бұл жолы да сондай боп кетуі мүмкін. Егер Суретшілер одағына тапсырса, біз портрет саласында еңбек етіп жүрген мүшелерімізді шақырып, әрқайсысына тапсырма беріп, жұмыстың көркемдік деңгейі мен сапасына кепілдік беруге дайынбыз.
Сіз сөз еткен «Рухани жаңғыру» тақырыбын суретшілердің басым бөлігі өз шығармашылығының басынан бастап-ақ атқарып келе жатыр. Тапсырыссыз-ақ Абылай, Кенесары, Абай, Құрманғазының бейнесін жасады. Олардың шығармасының бәрі патриоттық, ұлттық тақырыпта деуге болады. Өйткені, біз бейнелеу өнерінде ешкімді кескіндемемен таңдандыра алмаймыз, шеберлік жағынан. Өзгелерден шеберлікпен емес, ұлттық ерекшелікпен, тарих пен дәстүрмен ғана өзгешеленіп тұрмыз.
– Бізде оқулықтардағы тарихи тұлғалардың шынайы және көркемдік бейнесін шатастырып алушылар аз емес. Мұндай жағдайда не істеу керек?
– Дұрыс айтасыз. Оқушыны шатастырмас үшін бұл мәселені ертерек қолға алу керек еді. Дегенмен, әлі де кеш емес. Мысалы, белгілі бір тұлғаның бет-әлпетіне қатысты аңыз-әңгіме не хатқа түскен түрлі қолжазбалар мен өзге де деректі құжаттар болуы мүмкін. Соны тауып, жинақтап, конкурс жасап, біреуіне тоқтап, ресми түрде бекітуге болады ғой. Кезінде теңгеміз шыққан кезде ондағы тұлғалардың бейнесі солай бір ізге түскен болатын. Не дегенмен, қазір қазақтың ұлттық антропологиясы қалыптасып үлгерді ғой.
– Тарихи тұлғалардың кескінін бейнелеуде оның шындыққа сәйкестігіне қатысты суретшінің қандай да бір жауапкершілігі бар ма?
– Қазір ондай тапсырыс болмаған соң ешкім ештеңені қадағалап жатқан жоқ. Мәселен, республиканың бір жерінде біреу Қабанбайға ескерткіш қойып жатса, сол рудан суретші іздейтін боп кетті. Сосын ол суретші батырды өзіне немесе әкесіне ұқсатып салады. Ол бүкіл қазақтың батыры емес пе, неге өйтіп руға бөлеміз?! Кейбіреулері, тіпті ескерткішті қойып алып, мемлекеттік комиссиядан артынан бір-ақ өткізіп жатады.
– Суретшінің жағдайына қарап, елдің әл-ауқатын байқауға болады деген әңгіме бар. Бұл қаншалықты шындыққа сәйкес келеді?
– Бізде елдің жағдайын көбінесе мұғалім мен дәрігердің жағдайымен байланыстырып жатады. Батыста суретшінің жағдайына қарап, мемлекеттің қандай деңгейде екенін сараптайды. Егер халықтың жағдайы болса, әрбір азамат өзіне үй салып, оны түрлі бейнелеу өнері туындыларымен көркемдейді емес пе?! Ал, табысы күнкөрісінен артылмай жатса, қайдағы өнер…
Бізде қазір еңбектері жоғары бағаланып, шығармаларын шетелдер сатып алып жатқан 20 шақты ғана суретші бар. Бұл теңізге тамған тамшы ғой. Жалпы, суретші қауым, шынын айтқанда, қиналып отыр. Себебі, Үкімет тапсырыстар беріп, музейлер өзінің қорын толтырып жатқанын біз әлі естімедік. Менің білуімше, Ә. Қастеев атындағы Өнер музейінде Қазақстанның 1990-нан 2005 жылға дейінгі кезеңі көрсетілмейді. Өйткені, бұл уақытта қор жаңа туындылармен толықтырылмаған. Алматыда 1993 жылдардың аяғында 13 сурет галереясы болған. Қазір 2-3-еу ғана қалды.
Алматыдағы әйгілі 1986 жылғы Желтоқсан көтерілісі тақырыбы да әлі күнге бейнелеу өнерінде өз көрінісін толық таба алмай келе жатыр. Тапсырыс болмаған соң суретшілер үлкен шығармаларды емес, бір жерге барса қолтығына қыстырып кете беретіндей кішігірім картиналарды жасауға мәжбүр. Сатқанда да оған қымбат баға сұрамайды.
– Осы арада Қазақстан бейнелеу өнерінің қазіргі жағдайына қатысты сұрақ өзінен-өзі туындайтын секілді…
– Қазақтың бейнелеу өнерін өткен ғасырдың орта шенінен бастап әлем болмаса да, Кеңес Одағына танытқан суретшілер шоғыры бізде аз емес. Әлі сол екпінмен, сол абыроймен келе жатырмыз. Қазіргі жағдайымыз жыл өткен сайын төмендемесе, өсіп жатқан жоқ. Мәселен, тәуелсіздік алғалы театрларда қаншама сайыстар болып жатыр. Актер, әнші, музыканттардың арасында түрлі конкурстар өткізіледі. Суретшілерге арналған осындай бір шараны сіз маған айтып бере аласыз ба? Естідіңіз бе ондайды? Міне, мәселе қайда жатыр. Егер осындай сайыстар болса, суретшілер де шыңдалып, кемелденеді ғой. Мына Өзбекстанда заманауи бейнелеу өнерінің 2 жылда бір рет бионариі өтеді. Бірнеше мемлекеттен суретшілерді шақырады. Көрмесін өткізеді, өнерін көрсетеді, жүлделерін тағайындайды. Бізде бір фестиваль, симпозиум өткен емес, бионарий деген арман.
Бейнелеу өнерінің ішінде бүгінгі таңда көмек пен қолдау болмаған соң графика, монументалды өнер мен акварель салалары қатты ақсап тұр. Онда қазір шеберлердің арасынан мықты деген 10 адамды табудың өзі қиын.
– Бейнелеу өнері мамандарын оқыту, шеберліктерін шыңдау, саланың даму бағыттарын зерттеуде өзгелерде Көркемөнер академияларының алар орны ерекше. Біздегі жағдай қандай?
– Дұрыс айтасыз, бұрынғы кеңестік республикалардың ішінде тек Қазақстанда ғана Көркемөнер академиясы жоқ. Оқу орны, ғылыми зерттеу институты, өнертанушыларының бәрі бір жерде шоғырланған. Бізде қазір 17 жоғары оқу орны суретшілер дайындайды. Сапа туралы айтсақ, мен оқыған кезде сурет пәні аптасына 12 сағат болса, қазір 4 сағат. Композиция 4 сағат болса, оның қасында орыс тілі мен дене шынықтыру 8 сағат. Сонда біз кімді дайындап жатырмыз деген сұрақ туындайды, егер сағат санымен есептесек.
Бізде де басқа елдердегідей артистерді, музыканттарды араластырмайтын, жеке Көркемөнер академиясы болса деген арманымыз бар. Қазақстанның өнер мамандарын дайындайтын оқу орындарында ешқашан суретші басшы болған емес. Бұл бейнелеу өнерінің өзге салалармен салыстырғанда өгей баланың күйін кешіп жүргеніміз бір себебі деуге де болады.
– Бейнелеу өнері шеберлерінің түрлі деңгейдегі көрме, байқауларға қатысуын және танымалдығын қалай білуге болады?
– Ұйымдастырушылар сіздің жұмысыңызбен таныс болса, өздері шақырады. Немесе оларға жұмыстарыңызды өзіңіз ұсынасыз да, шақыруын күтесіз. Мысалы, Бейжіңдегі бионариді ұйымдастырушылар 120 мемлекеттен суретшілер шақырады. Олардың өз комиссиялары бар, жіберген шығармаңызды 7-8 ай қарап отырып, іріктейді. Одан өтсеңіз ғана шақыру жібереді. Содан сіздің рейтингіңіз, дәрежеңіз өседі. Қазір шетелдердегі көрмелерге қатысып жүрген суретші бізде көп дей алмаймын. Жалпы саны 30-40 қана шығар.
– Мемлекеттік деңгейдегі марапаттаулар кезінде суретшілердің еңбегі лайықты деңгейде бағалана ма?
– Жоқ. Тәуелсіздік алғалы бері бізден ұзын саны 15-16 адам ғана марапат алған шығар. Соның өзінде Одақтан ұсынғандар емес, облыстан ұсынғандарды қосқанда. Біз жылда өз суретшілерімізді атаққа, Президенттік стипендияға ұсынудан шаршамаймыз. Суретшілер одағы ұсынғандардан оны 2 жылда 1 адам ғана алып отыратын шығар. Мысалы, қазір елімізде Халық артисі деген атақ болса да, Халық суретшісі деген атақ жоқ. Суретшілердің алатын ең жоғары атағы – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері. Өнер қайраткері емес. Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері дегенді депутат та алады, бизнесмен де алады. Сосын оған таласатындар да көп.
– Жақында қазіргі заманғы ең үздік 50 суретшінің антологиясы жарық көрді деп естідім…
– Әлі көрмедім. Мен үшін бұл шараны ұйымдастырушылардың суретшіге бет бұрғанының өзі бір керемет. Оған бұл былай емес, өнерге дұрыс қарамаған деп айта алмаймын. Оны қалай ұйымдастырып, қалай істеп жатқаны бөлек әңгіме. Әрине, әлеуметтік желілер арқылы жинаған дауыспен Қазақстаның үздік суретшісі атану былай қарағанда, күлкілі нәрсе ғой. Оған қазіргі менеджмент технологиясының бір көрінісі ғана деп қараймын.
– Өнерге жас суретшілер толқыны келді ме?
– Бар, бірақ, қазір олардың атын атап, түсін түстемей-ақ қояйын. Біздің кейде мақтағанды көтере алмайтын жаман әдетіміз бар. Дегенмен, оларға мемлекет тарапынан түрлі қолдау шаралары керек. Олардың баспана мәселесі шешілмеген. Жеке шеберханасы да жоқ. Ал шеберхананы Одақ өз күшімен сала алмайды. Жергілікті әкімшіліктер қолдап, галлереялар салып жатса, қанеки. Алматыда суретшілерге арналған, туындыларын қоятын бірде- бір көрме залы жоқ. Бәрі Ә.Қастеев музейіне сілтейді. Кешіріңіз, музейдің өзінің жеке шаруасы бар, мақсаты да бөлек. Олар суретшілердің жеке галереясы жоқтығын пайдаланып, ақылы көрмелер өткізеді. Залды жалға береді. Біреу демеуші болып жатса, суретшілер өз көрмесін өткізеді. Жағдайы болып жатса, кейбіреуі өзі төлейді. Жалпы, облыстарда соңғы жылдары концерттік залдар, театрлар салынып жатыр, жаман-жақсылы бір қозғалыс бар. Дегенмен, бір облыста жаңадан көрме залы салынды дегенді әлі естіген жоқпын.
– Суретшілердің қандай ерекшеліктерін атап өтер едіңіз?
– Суретшілер көбінесе елде жүргенде сыншы болып келеді де, сыртқа шыққанда бәрі бірдей патриот болып кетеді. Ең бірінші ерекшелік осы. Екінші, суретшілік пенсияға шықпайтын мамандық қой. Олар өле-өлгенше қылқаламын ұстап өтеді. Ал пенсия жасына келгенде еш жерден зейнетақы алмайды. «Мәдениет заңы» туралы айтып жатсыз ғой. Суретші деген бір ауыз сөз жоқ қой ол жерде. Өмір бойы шығармашылықпен айналысып, Қазақстанның атағын әлем болмаса да көрші мемлекеттердің деңгейінде шығарған адамның пенсияда шығармашылық уақыты есептеле ме? Жоқ. Ол үшін «Мәдениет туралы» заңда суретшінің, сосын жалпы шығармашылық адамының статусы болуы керек. Неге біз өзіміздің пенсиямызды ақтауымыз керек бір жерге тіркеліп?! Мысалға, өмір бойы симфония жазатын композитордың атын естіп жатсыз ба? Ал ондай адамдар бар, тек тапсырыс жоқ. Мәселе сонда.
– Бейнелеу өнері саласы өкілдерінің авторлық құқығын қорғау жағы қалай?
– Мен өзім «Абырой» деген қоғамда тіркеуде тұрам. Менің шығармаларымды заңсыз пайдаланған жағдайлар аз кездескен жоқ. Мәселен, тек қана Кенесары картинасы туралы авторлық құқыққа қатысты 5 жағдай болды. Ұйымның арқасында екеуін сотпен, үшеуін сотсыз шештік. Ал қаншама картина бар өзгеріске түсіп, өзге адамдар үшін табыс көзі боп жатқан. Оның санын ешкім тап басып айтып бере алмайды. Жалпы бұл үшін таза бейнелеу өнері шеберлеріне арналған жеке ұйым керек шығар.
– КСРО Суретшілер одағының Мәскеудегі Суретшілердің орталық үйіндегі қазақстандық шеберлердің жәдігерлерін елге қайтаруға мүмкіндік бар ма?
– Бұрын онда одақтас 15 республиканың шығармашылық одақтарының конфедерациясы бар еді. Былтырдан бері Ресей оны да жойып, ондағы кескіндеме мүсін, гобелен, графика деген сияқты түрлі жанрдағы 54 мың жәдігер Ресейдің меншігіне ауысты. Мәскеудегі Суретшілердің орталық үйі КСРО Суретшілер одағыныкі болатын. Одақ тараған соң ол Шығармашылық одақтарының конфедерациясына қарасты болып келе жатқан еді. Ол Ресейдің емес, бүкіл республикалардың қорынан құрылған. Бұдан басқа конфедерация қарамағында шығармашылық үйі, бояу зауыты мен жеке баспа бар еді, енді оның бәрі Ресей меншігіне айналып кетті. Мен ең болмаса Қазақстан суретшілерінің еңбектерін қайтаруға ықпал жасау туралы РФ Президенті В.Путинге, ҚР Үкімет Басшысы мен Мәдениет және спорт министріне және Ресейдегі Қазақстан Елшісіне хат жаздым. Әлі күнге дейін біреуінен де жауап келмеді.
– Әңгімеңізге рақмет!
Сұхбаттасқан Ерлік ЕРЖАНҰЛЫ,
«Заң газеті»