Қызылорда облысында адам шошырлық «Лепра» дертіне шалдыққан жандар өмір сүруде

11.jpg

Қызылорда облысында халық біле бермейтін, білгеннің өзінде ол жерді айналып өтуге тырысатын мекеме бар. Мұнда 50-60 жылдары ауыр дертке шалдыққан жандар тұрады. Сырт көзге аса көріне бергісі келмейтін, адам шошырлық түр әлпетті жандар "лепра" дертіне шалдыққан. Бүгінде әлем бойынша олардың саны 22 миллонға жетіпті. Ал біздің елде олардың саны 400-ге таяу. Жалпы бұл дерттен жазылатын мүмкіндік бар ма? Оның жұқпалы екені қаншалықты рас? Қызылорда облысындағы емдеу орталығына Еуразия бірінші арнасының тілшісі арнайы барып, лепраға шалдыққандардың өмірін көзбен көріп қайтты. 

Бойымызды қанша жерден қорқыныш билегенімен қаладан 35 шақырым жерде орналасқан Талдыаралға қарай тарттық. Орталық негізгі халық шоғырланған елді-мекеннен біршама алыс. Себебі, дерт дендегендер қоғамнан шеттетілген. Мәселен, өткен ғасырдың 50-ші жылдарына дейін науқастардың мойындарына қоңырау іліп келген. Шылдырлап, жақындаған кезде беттерін бүркеп, адамдар жасырынып қалады екен. Оның өзі оларға міндеттелген бұйырық болыпты. 

МОЛДАҒАЛИ СЕЙТАЛИЕВ, ҚР ДСМ «ҚАЗАҚ РЕСПУБЛИКАЛЫҚ ЛЕПРОЗОРИЙІ» РММ БАСШЫСЫ:

“Ол адамдарды оқшаулады. Аластады. Оларға мойындарына қоңырау тағу жүктеледі. Оларға еңбек етуге тыйым салынды. Қоғамнан сол кезден шектетілген. Олар келе жатқан кезде халыққа белгі беру керек болды. Естіген халық олардан қашу керек болды”

Бұл ауру бізде қайдан жүр? Әуелі осыған тоқталайықшы. Бұған қатысты халық арасында түрлі қауесеттер бар. Көбі лепра инфекциясы бұл маңда балықтан, тіпті балықшылардың арасынан тараған деседі. Бірақ, ақ халаттылар дерттің қайдан шыққанын ғылыми түрде дәлелдепті. Патша үкіметі Қазақ даласына ене бастаған тұста, Ресей мен Еуропа халқы алып келген.

ОРАЗҒАЛИ АЙТБАЕВ, АУЫЛ ТҰРҒЫНЫ:

«Мен 1956 жылдан бері осы ауруға шалдықтым. Содан бері уколдың астында келе жатырмын. Шығамыз, үйге барып келеміз, дәрі аламыз, қайтадан больницаға келіп жатамыз. Мынау аурудан қол-аяғым істемей қалды. Көзімнен қалдым.» 

МӘЖІТ МҰСАНОВ, ҚР ДСМ «ҚАЗАҚ РЕСПУБЛИКАЛЫҚ ЛЕПРОЗОРИЙІ» РММ БӨЛІМ МЕҢГЕРУШІСІ:

"Сәлеметсіздер ме? Мұнда жатқан адамдардың аты.. Жаппасбаев Әлжан ағалараңыз. Бұлардың әрқасының үйі бар, семьясы бала-шағасы бар, немерлері бар". 

Мәселен әнші болуды армандаған Жақсылық Баймахановтың болашағына деген үміті зор еді. Достарымен құрған ұлт аспаптар оркестрінің белді мүшесі, сахна саңлағы болыпты. Өлең айтып, сазсырнай мен домбырада ойнаған. Ал бүгінде мұның бәрі тек естелік. 

ЖАҚСЫЛЫҚ БАЙМАХАНОВ, АУЫЛ ТҰРҒЫНЫ:

«Өзім сахнада жүрген адаммын. Сахнаға анау-мынау адам шықпайды. Мұндай болып қалған соң тірілі өлген болып қалайын деп шештім. Қатар жігіттер бар, қатар қыздар бар- бәрі де сахнада жүр. Ал маған болмайды, запрет. Үйленбедіңіз? Жоқ, қалдым осында. Осында өтті ғой өмірдің бәрі»

Бүгінде елімізде негізгі екі ошақ бар. Атыраудағы Балықшы- Жылыой, Қызылордадағы Арал мен Қазалы аудандары. Науқастардың 80 пайызы осы өңірлерде. Бір айта кетерлігі, бұл микробактерия адамның сырт келбетін зақымдағанымен өмірін ұзартады екен. Өйткені орталықта емделіп жатқандардың дені 60-тан асқандар

МӘРЗИЯ ТІЛЕУБЕРГЕНОВА, АУЫЛ ТҰРҒЫНЫ:

“Қорқатын несі бар? Ешкімге ештеме жұғып жатқан жоқ. Біздің ұл-қыздарымыз әдемі, өзіміз осындай болғанымен. ...Ешқандай балаларымызға жаманшылық жоқ”. 

Лепра инфекциясы жұқпалы болғандықтан дәрігерлерден басқа бұл маңға ешкім кіре алмайды. Бәрі стирильді, таза болуы шарт. Сонда бактериялар тарамайды. Бірақ әуел баста, ақ халаттылардың өздері де қорыққандарын жасырмайды. 

МОЛДАҒАЛИ СЕЙТАЛИЕВ, ҚР ДСМ «ҚАЗАҚ РЕСПУБЛИКАЛЫҚ ЛЕПРОЗОРИЙІ» РММ БАСШЫСЫ

“Бірінші кезде қорқыныш болады әрине. Менде қорықтым, тамағым қышыды, ауырдым. Бәрінің басынан өткен. Өтеді, адаптация. Жәмен оқығаннан кейін, таза жүрсең, таза ұстасаң ол жұқпайды”. 

Әлемдегі жағдай қалай? Сандарға сенсек, дүниежүзі бойынша 22 миллион адам лепра инфекциясын жұқтырған. Жағдайы мәз емес елдер қатарында Үндістан, Бразилия, АҚШ пен Қытай бар. Ал елімізде ғасыр дертін жұқтырғандардың саны 381-ге жетіп отыр. 75-сінің халі мүшкіл. Сол себепті орталықта ем алып жатыр. Ал, ауруы асқынбаған қалғаны үйлеріне жіберілген. Қуантарлығы, соңғы рет кесел тек 2017 жылы ғана анықталыпты. Ал балалар арасында лепраға шалдыққандар мүлдем тіркелмеген.



Ұқсас тақырыптар