Радиоэлектроника және байланыс әскери-инженерлік институтының 141 түлегі бір ай бойы мемлекеттік аттестациялық комиссияның қадағалауымен мемлекеттік емтихан тапсырады.
Мемлекеттік емтихан тапсыру 2 кезеңнен тұрады: біріншісі – теориялық, екіншісі – қару-жарақ пен әскери техниканы қолдану машықтығын көрсететін практикалық кезең. Сонымен қатар, жылдамдығын, икемділігін, күші мен шыдамдылығы сынды физикалық қасиеттерін тексеру үшін дене дайындығы негізгі пән ретінде енгізілген.
РЭжБӘИИ бастығы генерал-майор Асқар Мұстабековтың айтуынша, мемлекеттік қорытынды аттестацияның мақсаты – бітірушілердің біліктілік талаптарының деңгейі мен сапасын тексеру болып табылады.
- Бітіруші курсанттар үшін бұл өте жауапты кезең. Емтихан барысында меңгерген мамандықтарына сәйкес теориялық және практикалық білімдерінің деңгейі тексеріледі, - деп атап өтті ол.
Мемлекеттік емтихандар аяқталған соң курсантар диплом жобаларын қорғайды.
Биылғы 2020 жылы РЭжБӘИИ 14-ші рет 141 түлегін 8 мамандық бойынша шығарып салмақ.
Радиоэлектроника және байланыс әскери-инженерлік институты зенитті зымыранды, радиотехникалық әскерлері, әскерлер мен қару-жарақты автоматтандырылған басқару жүйелері инженерлері, байланыс әскерлері, авиацияны радиотехникалық қамтамасыз ету мамандықтары үшін білікті офицерлерді даярлайды.