Ұлт саулығы – елдің гүлденіп, көркеюінің негізі

 5.jpg

 

«Педиатрия және балалар хирургиясы ғылыми орталығы» АҚ Басқарма төрайымы Боранбаева Риза Зұлқарнайқызы ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің үшінші кеңесінде сөйлеген сөзіне қатысты өз пікірін білдірді:

 Өркениет жолындағы елдің ертеңі – халқының саулығына байланысты. Дені сау халық – бай халық, елінің дені сау болып тұрса, мемлекеттің де мықты болып тұрары сөзсіз.

ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің үшінші кеңесінде сөйлеген сөзінде денсаулық саласына, дәрігер мәртебесіне, халықтың денсаулығын қорғау мәселесіне айрықша назар аударып, нақты тапсырмалар берді.

Біз де онлайн форматта өткен Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің үшінші отырысын тыңдадық.

Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің үшінші отырысында дәрігерлердің еңбекақысын арттыруды, сондай-ақ дәрігердің қоғамдағы мәртебесін көтеру туралы  айтып өтті. «Түрлі сала мамандары ішінде ең төмен жалақыны дәрігерлер алады. Үкіметке биылдан бастап дәрігерлердің еңбекақысын кезең-кезеңмен арттыруды тапсырамын. Дәрігерлердің айлығы 2023 жылға дейін орташа жалақыдан екі жарым есеге артық болуы керек. Алдағы 5 жылда медициналық мекемелер қажетті техникамен 100 пайыз қамтылады, -деді Президент.   Мемлекет басшысының денсаулық сақтау мамандарына жасаған қамқорлығы, денсаулық саласына лайықты көңіл бөлуі өз кезегінде  медицина қызметкерлерінің жұмыс сапасының артуына,  медициналық кадрларды сақтауға, ынталандыруға, еңбек өнімділігін ұлғайтып, халықтың медициналық қызметтерге қанағаттану деңгейін арттыруға ықпал етері сөзсіз деп білемін. Жалпы медицинаның қызмет сапасы халықтың әлеуметтік көңіл-күйлерінің аса маңызды компоненті боп саналады. Сондықтан материалдық жағдай әр медицина қызметкері үшін қажетті дүние. Мемлекет басшысының бұл шешімі дәрігер мамандығының дәрежесін, имиджін, маңыздылығын арттырып қане қоймай, медицина саласында қызмет еткісі келетін жастар қатарының көбеюіне ықпал етеді деп ойлаймын. Дәрігер мамандығы – ең жауапты, ең күрделі де ауыр қызмет. Бұл салаға екінің бірі келе бермейді.

Мемлекет басшысы коронавирус пандемиясының бүкіл әлемдегі денсаулық сақтау жүйесі үшін, шын мәнінде, ауыр сынақ болғанын атап өтіп, бұл ахуалдың Қазақстанда кәсіби дәрігерлердің тапшы екенін анық аңғартқанын жеткізді. Сондай-ақ бұған еңбекақының аздығымен қатар, мамандықтың беделді болмауы, дәрігерлер құқының қорғалмауы себеп болып отырғанын айтты.  

Медицина саласы қызметкелерінің, жалпы медицинаның ең көңіл бөлетін қажетті сала екендігін пандемиямен күрес кезі көрсетуде. Әлемдік пандемия дәрігерлердің рөлін, медицина саласын, ғылым мен білімді дамытудың қаншалықты маңызды екенін бүкіл әлемге айқындап берді. Біздің дәрігерлер қандай жағдай болса да алдыңғы шепте жүріп, кез келген уақытта әр адамның өмірі үшін аянбай күресуге дайын екенін көрсетті. Қиын-қыстау кезеңде Педиатрия орталығының дәрігерлері де бала денсаулығы үшін отбасынан ажырап, жырақта жұмыс жасап, бізбен бірге болды. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің үшінші отырысында дәрігер мәртебесі туралы сөз қозғауы дер кезінде көтерілген мәселе деп білемін.

Мемлекет басшысы сонымен қатар дәрігерлік қателік туралы заңнаманы ізгілендіру тақырыбын қозғады. Бұл медициналық қоғамды толғандырған өзекті мәселенің бірі. Ешбір дәрігер, медицина қызметкері пациентке зиянын тигізуді тілемейді, керісінше, кез-келген дәрігер өзінің кәсіби көмегіне мұқтаж адамдарға көмектесуге мүдделі. Ұлт денсаулығына бөлінген көңіл келешегінің қандай болатынын  айқындайтыны іспетті, бұл өзгерістер медицина саласына деген сенімді арттырып қане қоймай, медицина саласының дамуына ықпал ететіні сөзсіз.

«Бүгін мен негізгі әлеуметтік салаларды реформалауға арналған бастамалар жөнінде айттым. Бұл бастамалардың басым бөлігі Ұлттық кеңес мүшелерінің ұсыныстары негізінде жасалды. Осы шараларды тиімді жүзеге асырсақ, адами капиталдың сапасын айтарлықтай арттырамыз», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Елімізде халықтың денсаулығын қорғау мәселесіне айрықша назар аударылып, тұрғындардың денсаулығын сақтау бағытында түрлі ауқымды жұмыстар атқарылып жатқаны белгілі. Бұл тапсырмалар келешекке сенімімізді нығайтып, кәсіби мамандығымызды дамытуға деген ұмтылысымызды күшейте түспек. Кез келген мемлекеттің болашағы – оның халқының денсаулығына байланысты екендігі дәлелдеуді қажет етпейтін шындық. Сондықтан денсаулық саласындағы міндеттер әрдайым өзінің өзектілігін жоймақ емес.

 

 

Педиатрия және балалар хирургиясы

 ғылыми орталығының басшысы

Риза Боранбаева

 

 

 

 



Ұқсас тақырыптар