Алматы облысында жас қолөнер шебері ежелгі ұлттық өнерді дамытуда

IMG-20210906-WA0029.jpg


Алматы облысында жас қолөнер шебері ежелгі ұлттық өнерді дамытуда. Ұлттық музыкалық аспаптар, тұрмыстық заттар мен ағаштан жасалған бірегей бұйымдар жасау – дарынды шебердің таланттарының бір бөлігі ғана. Алакөл ауданы Қазақстан ауылының тұрғыны Ертай Өміртаев өзінің 34 жасында есімі елге танылып, бүгінде жастарды ұлттық өнерді үйретуде. Оның қолынан шыққан сәндік әшекейлер мен қолданбалы өнердің бірегей бұйымдары тек Қазақстанда ғана емес, жақын шетел мемлекеттерінде де жоғары бағаға ие.

– Бала күнімнен сурет салуға қызықтым. Өз қолыммен бірдеңе құрастырып, жасаған ұнайтын. Онымен қоса айналамда түрлі шеберлер болды. Олрардың қарапайым ағаштан тамаша өнер туындысын дайындағанын көріп таңдандым. Жұмыс істеуіне қарап қана қоймай, барлығын есте сақтауға тырыстым. Есейе келе дипломды ағаш ұстасы болуды қалайтынымды түсіндім, – дейді жас қолөнер шебері.

Абай атындағы Қазақ педагогикалық университетін «Қолөнер және сурет салу» мамандығы бойынша тамамдаған соң компьютер дизайнері болып 4 жыл қызмет атқарды. Содан кейін барып өзінің жан қалауы ағаш өнеріне қайта оралады. Алматы қаласындағы қолөнер орталығында екі жыл өз шеберлігін шыңдап, жаңаны үйренген.

– Бұл жай ғана хобби емес, менің бүкіл өмірімнің ісі екенін түсінген соң, туған өлкеге оралып, Үшарал қаласында өз шеберханамды аштым. Алматы облысының ҮЕҰ үшін әлеуметтік идеялар мен жобалар жәрмеңкесі-2019 аясында жеңіп алған бір миллион теңге сомасындағы грант мен үшін жақсы демеу болды. Алынған қаражат маған өз бизнесімнің негізін қалауға, қажетті жабдықтар сатып алуға және жұмысқа кірісуге көмектесті, – деп атап өтті Ертай Өміртаев.

Бүгінде жас қолөнерші негізгі тұрмыстық заттарды да, түпнұсқа мүсіншелер мен пано-картиналарды да жасайды. Мұнда суретшінің шеберлігі оған айтарлықтай көмек көрсетеді. Ертай қолөнер өнерімен қатар кескіндемені де ұмытпауға тырысады. Ал ұрпақтар мен дәстүрлер сабақтастығын бейнелейтін «Жеті ата шежіре» ағаш картиналары Ертайдың өзіндік брендіне айналды.

– Ата-бабамыз ұрпақтан ұрпаққа ежелгі өнерді үйретіп отырған. Соның арқасында біз ежелгі қолөнерді игеріп келеміз. Бұған ұлттық музыкалық аспаптар жасау және тұтастай ағаш кесу жатады. Менің ата-бабаларымның арасында қолөнершілер де болды. Сондықтан мен өз шеберханамды «Баба жолы» деп атадым. Содан кейін барып ағаштан пано-картиналарын жасау идеясы келді, – дейді шебер.

Screenshot_20210906-175912_Instagram.jpg

Ертай Өміртаевтың шығармашылығында домбыра ерекше орын алады. Оның шеберханасында жылына 50-ден 80 данаға дейін музыкалық аспаптар жасалады. Бұл домбыра, қобыз, жетіген, сазген, дауылпаз және т.б. Түркі халықтарының түрлі музыкалық аспаптарының 45 түрі бар. Оның өнімдерін Қазақстанда да, Ресейде де, Қырғызстанда да, Өзбекстанда да кездестіруге болады. Ертай Өміртаевтың жетістіктері арасында қазақстандық «Шебер-2017» қолөнершілер байқауынан «Жаңашылдығы үшін» дипломы, дарынды жастар арасындағы «Көшбасшы-2016» облыстық байқауына мүсін жасағаны үшін І орын. Өткен жылы ол әлемнің жас суретшілер Одағының мүшесі болды. Ертай Өміртаев Абай Құнанбаевтың 175 жылдығына орай жазған Абайдың портреті Әлемнің жас суретшілер одағы шығарған кітаптың мұқабасында бейнеленген.

Ертайдың өз кәсібіне аудан жастарын да тартып жүргенін атап өткен жөн. Ол 7 жас жігітті басынан бастап оқытты. Бүгінде оның екеуі оның шеберханасында жұмыс істейді.

– Мен әрқашан біздің ұлттық музыкалық аспаптарға деген ерекше қастерлеп, жасау шеберлігін үйренуді армандайтынмын. Бірде мен Ертайдың ertay.bayjalgas «Instagram» парақшасына кездейсоқ кіріп, барлық жұмыстарына таңданысымды жасыра алмадым. Ағаштан түрлі музыкалық аспаптар жасайтынын біліп, сонымен қатар жерлесім екенін білген сәтте оның шеберханасына бардым. Содан бері Ертайдан бір жылдан артық білім алдым. Ағаштан көптеген заттарды өзім жасауды үйрендім. Өз қолыммен бірнәрсе жасай білу, пайдалы және сондай маңызды кәсіпті меңгеру маңызды деп санаймын, – деп өз әсерімен шебердің көмекшісі Біржан Құмашев бөлісті.

Бүгінде Ертаймен бірге оның шеберханасында шәкірттерінің ортасынан екі ағаш кесуші еңбек етуде. Жақында қолөнерші қолөнер өнерінің дамуына жаңа мүмкіндіктер ашатын заманауи мультилазер аппаратын сатып алды. Оны меңгеруге компьютерлік технологиялар саласындағы тәжірибе көмектесті. Енді жұмыстағы көптеген процесстер жеңілдеп қана қоймай, жеделдетілді.

Ертайдың жоспарында шеберханасын кеңейту бар. Себебі бұл табысты бизнес қана емес, бірінші кезекте, жас ұрпақты патриоттық және мәдени тәрбиелеуге қосылған үлес. Ең бастысы – үнемі алға ұмтылу, көп үйрену және өзін-өзі дамытумен айналысу. Бұл жөнінде қолөнер шебері, суретші Ертай Өміртаев тынымсыз айтады.

Айта кетейік, Алакөл ауданы әкімдігінің мәліметінше, ауданда ұлттық әшекейлерді күмістен де жасау өнері дамып келеді. Төрт жылдан бері Үшарал қаласында шағын зергерлік шеберхана жұмыс істеп келеді.



Ұқсас тақырыптар