Қазақстан велосипед спорты федерациясы өтпеген веложарыс үшін бюджет қаражатын алған

XXL.jpg


«Tour of Almaty»  веложарысы – соңғы бернеше жыл ішінде Орта Азияда өтетін танымал спорт іс-шарасы.  Жарысқа Винченцо Нибали, Якоб Фульсанг, Луис Леон Санчес, Фабио Ару, Алексей Луценко сынды спорт жұлдыздары қатысуы арқылы іс-шара мәртебесі жыл өткен сайын арта берді. Отандық велошабаңдоз Алексей Луценко «Tour of Almaty» веложарысының төрт мәрте жеңімпазы. Спортшы «Astana – Premier Tech» кәсіби велокоманданың лидері. 

Коронавирус пандемиясы салдарынан «Tour of Almaty» жарысы екі жыл қатарынан ұйымдастырылмады. Биыл Алматы қаласының билігі веложарыстың өтуіне рұқсат берді. 

 Іс-шараны өткізуге қала бюджетінен 400 млн-ға жуық теңге бөлінді. Осы сомадан 311 млн теңге – веложарысты ұйымдастыру және өткізуге бөлінген, ал 86,5 млн теңге – «Tour of Almaty 2021» жарысына UCI халықаралық командаларының (халықаралық велосипедшілер одағының)  қатысуын қамтамасыз етуге бөлінген. 

 2021 жылдың көктемінен Алматы спорт басқармасы веложарысты ұйымдастыру және өткізу бойынша қызметтерді мемлекеттік сатып алу процедурасын жүргізді. Мемлекеттік сатып алу қорытындысы бойынша веложарысты жүргізуді «Tuzy Jol» қоғамдық бірлесігіне тапсырды. 

Ал мемлекеттік сатып алу қорытындысы бойынша халықаралық ірі велокомандалардың жарысқа қатысуын қамтамасыз ету «Қазақстан велосипед спорты федерациясы» республикалық қоғамдық бірлестігі («ҚКФС» РҚБ) болуы тиіс еді.

 Бірақ бұл жоспарға коронавирус кезекті рет кедергі болып, Алматы қаласы бас санитар дәрігердің қаулысы бойынша күрделі эпидемиологиялық ахуалға байланысты оңтүстік астанада «Tour of Almaty 2021» веложарысы өтпейтін болды. 

 Мемлекеттік сатып алу порталында «Tour of Almaty 2021» веложарысын ұйымдастыру және өткізу бойынша қызметтерге мемлекеттік сатып алу келісімшарттары бұзылды. 

Барлық процелуралар талапқа сай жүргізілген-ді.

Әйтсе де, деректерді егжей-тегжей қарау нәтижесінде қызықты фактілер анықталды. 

 27 тамызда Мемлекеттік сатып алу порталында «Tour of Almaty 2021» веложарысын ұйымдастыру және өткізу бойынша барлық шарттар бұзуға шығарылып, ал веложарыстың өзі тоқтатылғанына қарамастан  «Tuzy Jol» ҚБ 2021 жылдың маусым, шілде, тамыз айларында атқарылған жұмыстың 3 актісі бойынша келісімшартта қарастырылған 311 млн теңгеден жалпы сомасы 260 млн теңгеге төлем алған. 

Ең қызығы олигарх Нұрлан Смағұлов басқарып отырған «Қазақстан велосипед спорты федерациясы» РҚБ өтпей қалған веложарысқа (!) халықаралық командаларды әкелмесе де, 2021 жылғы мамыр және тамыздағы атқарылған жұмыстың екі аткісі бойынша жалпы сомасы 61 млн теңге төлем алған.

Алматының спорт басқармасы халықаралық велосипед жарыстарын ұйымдастыруды сеніп тапсырған «Tuzy jol» қоғамдық бірлестігі құрылтайшыларының бірі – «Astana-Motors» отандық мотор компаниясы бас директорының орынбасары Абылай Жәкішев екені анықталды. 

Жәкішев мырза «Алматы қаласы велосипед спорты федерациясы» қауымдастығы» ЗТБ-ны басқарады. Бұл бірлестік Қазақстан велосипед спорты федерациясының ресми сайтында федерацияның филиалы ретінде көрсетілген. 

Бұдан бөлек, «Алматы қаласы велосипед спорты федерациясы» қауымдастығы» ЗТБ-ның құрылтайшылары – Қазақстан велосипед спорты федерациясы және «Астана» әйелдердің кәсіби  велосипед командасы» корпоративтік қоры. Әйелдерге арналаған мұндай біртүрлі атаулы қорды да велоспорт федерациясы құрған екен. 

Жоғарыда аталған осы заңды тұлғалардың тіркеу құжаттарына сәйкес Қазақстан велосипед спорты федерациясы іс жүзінде «Tour of Almatyй 2021» веложарысының негізгі ұйымдастырушысы екені белгілі болды. Өтпей қалған жарыс үшін бюджеттен 321 млн теңгені иемденген де велоспорт федерациясы. 

 Алматы қаласында өтпей қалған іс-шараға қатысты оқиға бұрын да болған. Қала күні қарсаңында жарық шоуы мен от шашу іске аспай қалды, бұған Алматы әкімдігі 63 млн теңге төлеген. 

Осы ситуацияға зер салсақ, ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің елордадағы «Сарыарқа» бірегей велотрегін Қазақстан велосипед спорты федерациясына» МЖӘ жобасы бойынша сенімді басқаруға беруге асығуы күмәнді көрінеді. Неге екенін анықтағандаймыз. 

 Алматының  әкімдігі 2017 жылы «Tuzy Jol» қоғамдық бірлестігіне МЖӘ жобасымен   Орталық мәдениет және демалыс саябағындағы велотректі сенімгерлік басқаруға берді. Бүгінгі күнге дейін жобаның жеке әріптесі уәде еткен велотректі қайта құру жұмыстары аяқталған жоқ.

Бұл жоба «Велосипедшілерді дайындау және велотректі басқару» деп аталады. Алайда мұнда велосипедшілерді, әсіресе балалар мен жасөсірімдерді дайындау туралы ұмытқан секілді. Балалар мен жасөспірімдерді велосипед спортына баулу жұмысы және спортшылар резервін дайындау  энтузиаст жандардың күшімен іске асып жатыр. Бұл туралы өткен жылдың тамыз айында «Караван» сайтына берген сұхбатында Қазақстан велосипед спорты федерациясы Алматы филиалының бұрынғы басшысы Владимир Осипов айтты. 

 Жоғарыда айтқанымыздай, «Tuzy Jol» ҚБ құрылтайшыларының бірі Абылай Жәкішев. Осылайша іс жүзінде Алматыдағы велотрек велоспорт федерациясының сенімгерлік басқаруында деп нақты айтуға болады. Бұл парк ішіндегі ашық велотрек. Оның жөндеу жұмыстарын федерация 4 жыл бойы жүзеге асыра алмай келеді, ал бюджеттік қаражат үлкен көлемде бөлініп жатыр. Соның ішінде Алматы қаласындағы велотректі күтіп-ұстауға да ақша бөлінеді. 

 Демек, елордадағы «Сарыарқа» велторегі федерацияға өтсе, тағдыры қандай болмақ?


Ұқсас тақырыптар