Фетхулла Гүленнің қайтыс болғаны туралы ақпарат тарады

619735421f6a9725289508.png


Anadоlu ақпараттық агенттігінің журналистері АҚШ-та тұрып жатқан түрік діндары, Түркияның қазіргі билігіне оппозиционер Фетхулла Гүленнің өлімі туралы ақпаратты зерттеп жатыр. Бұл туралы агенттіктің Вашингтондағы өкілі Хакан Джопур өзінің Twitter-парақшасында жазды.


«Біз жағдайды мұқият бақылап отырмыз. Америкалық полициядағы дереккөздер мен жергілікті БАҚ өкілдері бұл жайтқа қатысты ақпарат таратпады. Бірақ, бұл діндардың үйінде түк болмады дегенді білдірмейді. Бір жағдай болған, бірақ полиция не болғанын жарияламай отыр. Мұны ұйым (Гүленнің ұйымы – авт.) ұзақ жасырып отыра алмайды», - деп жаздв Джопур.


Фетхулла Гүленнің уланып қайтыс болғаны туралы түркиялық БАҚ-тар жарыса жазып жатыр. Оппозициялық OdaTV порталы діндарды қасақана улағанын және оның ұйымына мүше бір молданың суицид жасағанын мәлімдеді. Журналистердің жазуынша, Гүлен тұратын демалыс аймағының есігі жабық.


«Ұйым мүшелеріне ешқандай ақпарат жарияламауға бұйрық берілген. Бірақ, ақпаратты барлау бөлімінің мамандары растады», - деп жазды аталған БАҚ.

Дегенмен, Гүлен құрған ұйымның әкімшілігі оның өлімін жоққа шығарып отыр.


«Бұл ақпарат – жалған. Мен оны бес күн бұрын көргем және бүгін тағы көремін», - деді «Алтын ғасыр» ұйымы төрағасының орынбасары Сезай Саблак.

Аталған ұйым өкілдері Гүленнің өлімі туралы ақпараттың жалған екенін дәлелдеу үшін оның құлшылық етіп жатқан видеосын таратты. Алайда, сарапшылар ол видеоның бұрын түсірілгенін жазуда.


Пенсильвания штатының полициясы болса Фетхулла Гүленнің қайтыс болғаны туралы ақпараттың әлі жоқ екенін айтты.

Еске салайық, Түркия билігі Фетхулла Гүленді 2016 жылы елде төңкеріс жасамақ болған деп айыптап, оны террористердің тізіміне қосқан.

  

Аzattyq-ruhy



Ұқсас тақырыптар