Ертегідей ертеңім (Эссе)

5.jpg


(Қазақстан республикасы тәуелсіздігінің 30 жылдығына арнаймын!)

О, тәуелсіз таң! Сені қаншалаған ата-бабаларымыз аңсап, сарыға күтті десеңші?!!! Жай сағынған жоқ, осы жолда етігімен қар кешіп, ауыздықен су ішті, найзасын ұштап, қылышын қайрап өзіне тәуелді еткен отаршыл топтарға, ұрпағымыз бодан болмасын, еліміз аман, жеріміз бүтін болсын деп, алдыңғылар аманат еткен жердің сынық сүйем топырағына адалдығын таныта атқа қонып жауларымен кескілескен ұрыс салды, сол жолда шаһит болды. Осылай біздерге қанмен жазу жазып алтын ұя ата мекенімізді аманаттап кетті.

О, азат таң! Сен қаншалаған әулие, абыздардың ақ батасымен, аналардың имандылық ісімен, батырлардың жанымен келдің десеңші?!!! 

О, бостандық! Сенің жолыңда қаншалаған намысты ұлдар, арлы қыздар барын берді десеңші. 

Міне біздер бүгінде шүлен шұғыласын шаша, арайлап атқан еркін де азат таңда, еш мұңсыз сәби баладай талтаңдай басамыз.... біздің өлкенің қара тасынада күн сүйіне мейірін төгеді, өйткені ол бабаларымыздың жанқиярлық ерлігіне куа болған.

Бүгінде адамдардың жаны тыныш, бақыт деген осы.

О, еркін күн! Біз бүгінгі ұрпақ соны сезініп жүрміз бе? біз бұрынғыларға қарыз екенімізді білеміз бе? Амал нешік, біз соны толық сезінбейтін сияқтымыз, сезінгенде-ғой, бәрі басқаша болар еді-ау. Тәуелсіздік жолында арпалысқан аталарымыз қиын күнде елге қандай қызмет етті, ал біз бейбіт күнде не қызымет етіп жүрміз? Әр отандасымыз осы сұрақты өзіне жатарда қойып, бір таң ұйқтамай ойланса шіркін!!! 

Қазақстан болашағы екі нәрсеге байланысты.

Бірінші өзіміз бабаларымыз алдындағы қарызымызды, ел мен жер алдындағы парызымызды толық өтеп жүрміз бе?

Екінші Қазақстан болашағы арттан еріп келе жатқан ұрпақпен тікелей байланысты. Оларға біз не тәрбие беріп, қандай өнеге көрсетудеміз?

Біз бүгін бармыз, еретең жоқпыз, күн сайын қартайудамыз, ал жастардың күн санап күші жетіліп, ақылы толығуда...олар қаласаң да қаламасаңда біздің орнымызға отырады....елдің тізгінін қолына алады...әр адам өз орнына сенімді ізбасар, айналасына адал да аққөңіл, жұмысына жүйрік, білікті маман дайындау керек. Отанның қамы отбасындағы өз ұрпағыңа адами, иманни тәрбие беріп адал мен арам, обал мен сауап, жақсы мен жаман, ұят пен ар, ізігілік пен пасықтық т.тт., үйретуден басталады.

Бүгінде рухани аш жастарды көріп жүрегің ауырады, ғаламтор мен ақпарттың теңізі оларды қайда ағызып барады.... «Көшеде қыз көп, келін болатын қыз жоқ»....деген апаның жан айқайы құлағыңда ызыңдайды.... Шыңғысханның көшбасшылық құпиясы деген Джон Мэннің кітабында мынадай сөйлемдер бар: Шыңғысхан өзінің артынан ергендерді бүгіні сәтсіз күнге қарамастан, ертеңгі күннің жақсылық әкелетініне сендіре білді. «Жетістіктердің басты нышаны-жеңіс жолында өзіңмен және басқалармен де тұрақты жұмыс істеу». Шыңғысхан қоластындағыларға адал қызмет етті және оларды да өзіне қызмет еткізе білеген.

Өз жолыңды айқындап ал және қалыптастыр, сосын негізгі мақсатқа қадам бас.

Демек, біз жастардан түңілмей ертеңгі жарқын болашаққа сене отырып, оларды дұрыс тәрбиелеуіміз керек. Ел болып ойлауды өзгерту керекпіз. Материялдық қажеттің соңына өзіңді арнама, егер сол үшін салпақтасаң ең соңында қоқысқа айналасың, кез-келген зат ескіреді, тозады... Ал асқақ рухпен, биік санамен ел, жер үшін еңбек етсең сен іздеген дүние өзі-ақ түгенделеді, ал сен керісінше отан үшін қаншама ұлы істер жасайсың, ертеңгі ұрпақтың алдында арың таза болып, атың алтын әріптермен жазылады... деген сананы жастарға үйретуге, оларға сіңіруге, ертеңгі елдің кемел болашағына сендіруге біз міндеттіміз.

Барлық нәрсе уәйім мен үміттің ортасында болады. «Мен жастарға сенемін» деп жырлаған Мағжан ақынның өлеңі бұлдыраған күдіктің арасынан қол бұлғайды...Бір елді тәрбиелеу үшін оның өзіңнен кіші жастарын тәрбиеле деген ойшылдың арамзалау пәлсапасы құлағыңда сыбырлайды....

Қарғыс атықыр бодан күн! Отаршыл саясат ақыры дегеніне жетіп қазақты діннен, ділден, тілден айырды, ұлытымызды бар мен жоқтың, өлі мен тірінің арасына жеткізді, дегенмен әр жерде төбе болып жатқан Қожа Ахмет Яассауи, Арыстан баб, Байдібек би, Үкаш ата, Түкті шаш әже, Домалақ ана, Пір Бекет, Машһұржүсіп Көпейұлы, Құнанбай қажы, Абай, Шәкарім қажы т.тт көптеген үлкен тұлғалар қазақтың бар екенін жер асытынан тірілерге айқайлап тұрды. 

Иа, біз жастарға сол аталарының шын бейнесін жеткізіп айта алсақ... дұрыс тәрбиелесек... оларға ел болып, жұрт болып рухани азық берсек... Еркін елдің ұландары сонда ғана Мағжан атасының үмітін ақтайды...

 Есіме әдемі эстеме еріксіз оралды...

-Ассалаумағалайкум, қалдарыңыз қалай, Қазақстан жазушылар одағы ма.

-Сәлеметсіз, иа, одақ деген шүпірек бастының даусы (асығыспын, айтатыныңды тез айт дегендей) арғы беттен қатқыл есітілді, сізге кім керек?

-Тәуелсіздіктің 25 жылыдығында байланысты студенттермен кездесу жасау үшін Жүмекен Нәжімеден атамыздың үйінің тел нөмерін алсақ деп едім.

-Ол кісі жоқ, қой...

-Білеміз, ол кісіні Алла жарылқасын, бізге кемпірі керек.

Есіктің қоңырауын шырылдата бастым, ойым сан түрлі қиялдарға шырмалған...

Терістік облыстарымыз туралы желдей ескен әңгімелер Жұмекен атамызбен Шәмші Қалдаяқов атамызды төсегінде тыныш жатқызбаған-ау, сосында ел үшін, жер үшін «менің қазақстаным»-ды  жастықтың жалыны атқан 21  жасында жазып, оны Роза Бағланова апайға орындатып радиодан күн сайын екі үш рет бергізіп елге жеткізген-ғой.... екі алыптың өшпес ерлігі, өр рухы көз алдыма келді, екеуі иқтаса құшақтасып «Алтын күн аспаны, алтын дән даласы, дән егіп терлеген қазағым мықты-ғой, менің елім, менің жерім, туған жерім Қазақстаным» деп көкте қалықтап жүргендей....

Біз 40 жаста не істеп жүрміз ел үшін...ұяттан өртендім....

Ішке кірісіме бір жылы леп маңдайымнан сыйпап,  шағын дастарханның басына жайғастырды, қымыз бен шүбаттың тірі исі мұрын жарып, кеңсірігімді аша түсті, ірімшік пен құрт маған қарап, «мені ал, мені ал»-деп таласып жатты.

Жайлауда отырғандай, сахараның дархандығын сездім, қазақтың өз баласына бермейтін затын қонағына беретін ақкөңілдігі-ай дейсің, арықша келген орта бойлыдан жоғары, ақ жаулықты аппақ ана қымызын саптаяқпен сапырды, Жүмекен ағамыздың бала кезінде жазған дүниесі басылған сарғайған гәзетті алдыма жайып, ағынан ақтарыла, жарға деген сағыныш пен тұлғаға деген құрметін тең ұстай отырып әңгімені жіберді, қымыз ішіп, құрт жеп Нәсіп Мұстахқызы апайдың әңгімесін тыңдаған сайын тыңдай бергім келді, қабырғада тұрған адам портретті кілемді нұсқап мынаны өзім тоқып едім Жүмекеңе арнап деп, сөзін доғара терең оймен қадала қарады, Жүмкен аға ойлы пішінмен тереңдігін көрсете үнсіз алысқа қарайды...ештеңе демейді...жақсы адамдарға қарау күнәні төген деген сөз есіме түсіп, одан сайын тапжылмай қарап отырдым... жансыз сурет емес, тірі бейне...тек сөйлемейді, жаңа бір өлең жазуға ойланып тұрған сияқты. Мазаламайық атамызды деп сыбырлай қымызымды сіміріп, апай студенттерге барайық дегендей аузымды сүрттім...

Көліктен түскен соң қанеки жүріңіз деп әдеп сақтай тартыншақтай бердім, «ер адамның алдына әйел заты түсуге болмайды, балам өзің баста, мен сенің артыңнан ерейін» дегенде төбемнен нұр құйылғандай жеңіл басып алға жүрдім, есікті ашып едім тағы сол мінезбен мені алға салды, қарадай ұялдым да өзімнің ер азамат екенімді, елдіктің жүгі мойнымда бар екенін терең сезіндім, ел үшін не істесем болар екен-ау деген ауыр сұрақ сол күннен бастап мені мазалай бастады...

***

Елді ұстап тұратын патша, ғалым, бай, тақуа. Бұл төрт топ өз міндетін жақсы атқарса төбедегі келеді. Елдің болашағы нұрлы болады.

Әл-Фараби бабамыз «Қайырымды қала» еңбегінде: адамдар тек бақытты болу үшін өмір сүреді, соған белгілі кезеңдерде жетеді. Ол үшін көп болып, бақытқа ұмтылуды ортаға қояды. Адамдар бір-біріне әсер етеді. Өмір сүретін орта жанға жайлы болғанда, ақылды орта, ақылды адам, ақылды ұрпақ, ақылды тұрғын, ақылды қала қалыптасады, сонда ғана бақытты өмір басталады дейді. Мемлекеттің рухын- адамгершілік, қайырымдылық, әділеттілік, шынайылық, тұрақтылық, ізгілік көтереді. Рухани құндылықтар ғана бір елді сақтай алады. Қоғамның беріктігі, тұрақтылығы, күштілігі имандылықтан келеді. Сонда ғана қайырымды да ақылды қала құруға болатынын айтады ойшыл.

Ел басшысы дені сау, парасатты, сабырлы, еске сақтау қабілеті жоғары, ақылды, қырағы, батыл, мейірімді, әділ, жан-жақтылы білімді болу. Жан тазалығы, ар тазалығы, бүкіл адамға, өз халқына деген таза махаббаты,  дініне, салт-дәстүріне, ғылым мен білімге деген құрметі керек.

Әмір иелеріне патшадан тартып, екі адамды басқаратын кішкене мәнсаптыға дейін жатады. Осы топ бір елдің  бақытты-бақытсыз болуына тікелей ықпал жасайды. Олар елдің бақташысы, шын жанашыры. Халықпен етене байланыста болуы шарт. Алладан қорқатын басшы бақытты жаратады. Басшы болу деген мамық кірослоға жайғасу, байлыққа белшеден бату емес, керісінше ел жүгін, халық аманатын, ұлт тағдырын мойнына алу деген сөз. Әмір иелері әділ де мейірімді болып, ар-ұят, обал-сауап дегенді біліп, кісі ақысын жемесе, қоғам тыныш, ел мұңсыз болады.

Екінші топ ол- ғалым. Ғалым кеме капитаны сияқты, кеме соның бағдар беруімен жүреді, бастық адам дұрыс ғалымды тыңдаса қателеспейді. Ғалым барлық ғылымның иесі. Тарихи, философия, әдебиет осы топтың қолымен жазылады. Осының ішіндегі саяси тарих басты орында тұрады. Бұрында бұл топқа ғалым, би-шешендер жатса, бүгінде ғалым, жазушы, ақын, мұғалім, заңгер, психолог, журналист жатады. Бұл топ қай заманда да адам жанын емдеген. Бұлар лайланса, онда «ет сасыса тұз себеді, тұз сасыса не себеді»нің өзі болады. Бұл топтың қолында қоғамның көзге көрінбейтін бір жіңішке жібі бар. Сондықтан оларға дүниеге, салтанатқа, мәнсапқа, атаққа құмарлық жараспайды. Ұлттық мүдде, халық игілігі жолында жүрген адам көкірегі ояу, мінезі дұрыс, шыдамды, қайратты, батыл болуы қажет. Нағыз зиялы адам өзін ұлтының қызметшісі санайды.  «Зиялы адам өз заманында имандылығы, діни білімі, қабілеті, тәрбиесі, адамгершілік қасиеттері арқылы адамзатқа, ұлтына, діні мен діліне дұрыс қызмет етіп, ұрпаққа ізгілігі мол істерін қалдыра білсе, адамзаттық кеңістіктегі тұлғалыққа қол жеткізбек»,- дейді ұлт ойшылы Әл-Фараби.

Үшінші топ- байлар. Байлар болмаса барлық өндіріс тоқтайды, алып зауыттар, қаптаған сауда дүкендер, дәмі тіл үйірген тамақ жайлар, көңіл ашар клубтар, аттам жердегі жанар май бекеттері, жеп-ішкен сан түрлі азық-түлікті кім дайындайды, кедейлерге кім жұмыс береді, әрине, кедей болмасада байдың жұмысы жүрмейді. Қазақ даласында байлар бүгінгі  холдингтер сияқты айналасынағы адамдарға жұмыс беріп, әлеуметтік қажетін шешіп отырған. Сондықтан да қазақтан ол кезде жетім-жесір, қайршы шықпаған, түрме болмаған. Сонымен бірге байлар еңбек ақысын толық беріп, молда-қожа ұстап, ауылы балларын оқытқан. Демек, ұлттың ағартушылық жұмысыда солардың мойнында болған.

Тәуелсіздіктен соң елімізде делдал(тәуелді) буржуазия, паразит(масыл) буржуазия қалыптасты. Соңғы жылдарда ұлттық буржуазия пайда болды, солар ғана отан үшін жұмыс жасауда, бірақ өте аз. Делдал буржуазия мен масыл буржуазия да ұлттық мүддеге жұмыс жасаса, еліміздің ертеңі нұрлы болып, келешек ұрпақ мәңгілік елде өмір сүрер еді.

Төртінші топ -тақулар. Олар өте маңызды ел үшін, жер үшін күн-түн дұға жасайды, ұрпақ тәрбиелейді. «Бір жапырақ та Алланың қалауымен жерге түседі» деп сенген қазақ үшін бұл топтың орны бөлек.

О, нұрлы таң, жұма күні балқыған азан үнімен, топырлай жиналған жастарды көріп қуанасың, жұбанасың, елдің ертеңіне сенесің, болашаққа көзқарасың түбегейлі өзгереді....

Болашақта қазақстан инабатты, ұяты биік, арманы асқақ, ары таза, білімді де иманды, нұрлы жүзді адамдардың ортасы боларына барылығымыз сенеміз...біздің ұрпақ соны жасайды... Қазақтың миы тұнық, басы таза, текті халық....біз жастарға сенеміз...

Төртеу түгел болса төбедегі келеді, жастар білімді, иманды, рухы биік болса ұлт болашағы жарқын болады.

Отан оттан ыстық. Ел деген ерен ұғым, сезінген жанға шексіз бақыт сыйлайтын, өлмес рух беретін, тамаша мінез қалыптастыратын шын дәрумен.

Осы жолда тоқтаусыз еңбек етуді барша отандасымызға жазсын!!! Ел ертеңі ертегідей!!!

 

Нұрхалық Абдырақын




Ұқсас тақырыптар