Мемлекеттік қызметкерлер бизнеске неге араласа береді?

photo1648821224.jpeg


Алматыдағы «Рахат» базары төңірегіндегі дау әлі аяқталмады. Әкімдер базарды жабу және "ТКМ" ЖШС-нен жер алу әрекеттерін жалғастыруда. Бұл жерде жүздеген кәсіпкер базардағы орнынан айырылып, жұмыссыз қалайын деп тұр. Осы мәселеге қатысты жер қатынастары жөніндегі заңгер Бақытжан Базарбек Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың атына үндеу жасады. 


«Құрметті Қасым-Жомарт Кемелұлы, қазір үлкен доданың алдында тұрмыз. Ол - сайлау. Сайлауға сіздің бағдарламаңыз бар. Бағдарламаны іске асыратын командамыз бар. Мен де сіздің комнадаңыздың құрамындамын. Бағдарламаның негізгі мақсаты - халықтың жағдайын жақсарту. «Рахат» базарында жұмыс істейтіндер - халық. Ешқандай ағасы, көкесі, Жәкесі жоқ, жәй ғана халық. Күнделікті күнкөрісін жасап жатқан халық. Салығын төлеп жатқан, отбасын асырып жатқан халық», - дейді заңгер.


Жер жөніндегі дауға келер болсақ, «Рахат» базары тұрған аумақты "ТКМ" ЖШС-і 20 жылдан астам уақыт бойы жалға алып келген, кенеттен әкімдік оларға жерді жалға беруден бас тартып, жиһаз жасайтын басқа кәсіпорынға бермек болады. Бірақ, сот бұл әрекеттің заңсыз, екенін, жерді жалға алуда оны бұрыннан пайдаланушылардың артықшылығы барын тайға таңба басқандай етіп көрсетіп береді. Бірақ әкімдік басқа сылтау тауып, базарды сүргілері келіп отыр.


Алматы қаласы ауданаралық экономикалық соты 2019 жылғы 09 қыркүйекте №7527-19-00-2/8852 шешімімен "ТКМ" ЖШС-і өтінішін қанағаттандырып, "Алматы қаласының жер қатынастары басқармасы" "ТКМ" ЖШС бұзылған құқықтары мен заңды мүдделерін қалпына келтірсін, "ТКМ" ЖШС-нің кадастрлық нөмірі 20-314-041-140 жер учаскесіне тиісті құқық беру туралы шешім  заңды күшіне енген күннен бастап 14 жұмыс күні ішінде  жол берілген құқық бұзушылықты толық көлемде жойсын туралы өтінішін қарауға қабылдасын деп шешті. Бұл шешім 2019 жылғы 11 желтоқсанда заңды күшіне енді. 

Алайда, шешім осы күнге дейін орындалмай келеді. Өткен жылдары жер учаскесі "Алматы CPS" ЖШС-нің жиһаз фабрикасына жер пайдалану құқығын алуға "ТКМ" ЖШС-нің басым құқығын өрескел бұза отырып берілген болатын. Бұл жайт Алматы қалалық сотының апелляциялық сот алқасының 2022 жылдың 25 қаңтардағы №14536 қаулысымен заңсыз деп танылып, экс-әкім Б. Байбектің "Almaty CPS" ЖШС жер пайдалану құқығын беру туралы 06.06.2019 жылғы қаулысы заңды күшін жойды. 


«2022 жылдың 25 қаңтарында Алматы қалалық соты Бауыржан Байбектің 2019 жылы шығарған қаулысын заңсыз деп таныды. Сот «Алматы CPS-ке» берілген уақытша өтеулі жер пайдалану  құқығын және сол қаулыны  заңсыз деп таныды. Осы  соттың шешімін алу үшін үш жылға жуық соттасуға тура келді. Енді Алматы қалалық сотының шешімі шыққаннан кейін біздің ойымыз бойынша бәрі орнына келеді, «ТКМ» ЖШС  «Рахат» базарына заңды түрде құқығын алады деп сендік. Бірақ, өкінішке орай проблема сол күйінде қалды. Әсіресе бұл жерде ең өкініштісі соттың шешімінің орындалмауы. Сәулет және қала құрылысы басқармасына және Жер қатынастары басқармасына тиісті  «ТКМ-нің» арызын қабылдап, қарау міндеттелген. Бірақ, өкінішке орай  соттың шешімі сол күйінде орындалмай кетті», - дейді Б. Базарбек


Заңгердің айтуынша, мұнда Жер кодексінің  43-ші бабы бұзылып отыр. Уақытша өтеулі жер пайдалану  құқығының мерзімі аяқталса, оны кейінгі мерзімін ұзарту мәселесін Жер комиссиясы қарамайды, құзіретіне кірмейді екен. Оны тікелей әкім қарау керек. Жер кодексінің 37-ші бабын қатаң түрде бұзу. Одан бөлек Жер кодексінің 44/1 бабы бұзылып отыр. Бұл іс бойынша ең ұзаққа созылған сот процесі саналады. 


«2018-ден бері кәсіпкерлер әкімдікпен соттасып келеді. 13 рет азаматтық іс қозғалды. Соның ішінде 8 рет талап-арыз,  6 рет аппеляциялық шағым бердік. Соның ішінде 3 азаматтық істе іс тоқтатылды, қайтарып жіберді. Жоғары сотқа екі кассациялық шағым бердік. Осы базарда жүздеген кәсіпкер бар. Әр кәсіпкердің отбасында кемінде 4-5 адам бар. Даладан келген кәсіпкер емес, ресми түрде қалалық салық комитетінде тіркелген адамдар. Президентіміз үнемі кәсіпкерлікті қорғау керек дейді. Европаның кез келген мемлекетін қарасаңыздар, ол елдердің экономикасы кіші бизнестің негізінде құрылып жатқан экономика. Франция, Австрия, Германияны алатын болсаңыз, кіші бизнестің алдында мемлекеттік қызметшілер тізерлеп барлық жағдайды жасайды. Ал бізде кіші бизнестің жағдайын жасамақ түгіл, кәдімгідей «өлтіріп», жоққа шығаруға тырысады. Бұл жеке  лауазымды тұлғалардың мүддесі, жүйелі түрде заңды бұзу, соттың шешімін  орындамау, жүйелі түрде Президенттің саясатына қарсы келу, жүйелі түрде өзге олигархтардың пайдасы үшін заңды белшесінен басу", -дейді ол.


Қазір әкімдер базарды жабу және "ТКМ" ЖШС-нен жер алу әрекеттерін жалғастыруда. 30.03.2022 жылы ешқандай ескертусіз базарда электр жарығы өшірілген. Оған себеп болған Алматы қаласы Жетісу ауданының әкімі Г.Көкебаеваның базарға келіп, кәсіпкерлердің алдында өз  билігін көрсету үшін жасаған әрекеті. Алматы қаласы Жетісу ауданының әкімі Гүлнара Ахметжанқызы Көкебаева "Рахат" базарын 1 ай мерзім ішінде босатуды талап етеді. Сөзі сенімді болу үшін Жер комиссиясы "ТКМ" ЖШС-не жерді жалға алу құқығын бермейтінін мәлімдейді! Мұндай мәлімдемені 2018 жылы қала әкімі Б.Байбек жасапты. Аудан әкімі неге сүйеніп өз құзырынан шығып аталған мәлімдеме жасағаны беймәлім. Бірақ, өтініш Жер комиссиясына жетпей ақ Жер қатынастары басқармасынан қайтарылады. Бұл ымыраның басында кім тұрғаны базар басшылығы мен кәсіпкерлерді алаңдатып отыр? Өйткені  Жетісу ауданының әкімі бизнеске араласып, бұл жерден кетпесеңдер, күреп тастаймын деп қорқытатын көрінеді. Базарды судан, электр энергиясынан ажыратқаны аздай, олар тоқты қосып алды ма деп күнделікті фото есеп сұрайды екен. Бұл жерде мемлекеттік қызметкердің бизнеске араласатын қандай қақысы бар?


Заңгер президентке жасаған үндеуінде жергілікті атқару органдары соттың шешімін орындамай, кәсіпкерлерге қоқан-лоққы жасап отырғанын да атап өтті.


photo1648821224 (1).jpeg


«Құрметті Президент! Ұзақ уақыт, төрт жыл бойы соттасып жүріп жеңіске жеттік. Бірақ соған қарамастан, жергілікті атқару органы, нақтылағанда Алматы қаласының әкімдігі соттың шешімін бұрмалап, соттың шешімін орындамай, кәсіпкерлерге қоқан-лоққы жасап отыр. Сіздің бағдарламаңызға, үндеуіңізге, саясатыңызға қарама-қайшы келіп қарама-қарсы іс-әрекет жасап отыр.  Құрметті Президент! Мен сіздің бір бағдарламаңыздың аясында жер құқықтық қатынастарында мынау заңдылықты қамтамасыз етуге үлес қосып жатқан азаматпын. Әлі де үлес қосуға дайынмын. Мен өзім қоғамда үлкен Жер қатынастарында елеулі үлкен қызмет жасап жатқан азаматпын. Мен «Жер аманаты» республикалық жер комиссиясы төрағасының орынбасарымын. Мен Президенттің сенімді тұлғасымын. Мынадай жағдайда Бір ғана өтінерім, бағдарламаңыздың аясында мынау Алматы қаласының әкімдігі тарапынан «Рахат» базарына жасап жатқан заңсыз іс-әрекетке тоқтау қойсаңыз! Заңсыз іс-әрекеттерге тоқтауға араласуыңызды өтінеміз.  Заңсыз іс-әрекетке жол берген лауазымды тұлғалар жауапкершілікке тартылуы тиіс», - деді үндеуінде Бақытжан Базарбек.


Әкімдік өкілдері базарды электр энергиясынан ажыратып тастағандықтан, осы жылдың 1 сәуірінен бастап қазіргі уақытқа дейін базар генератордың көмегімен жарықпен қамтамасыз етіп отыр. Базар басшылығы тиісті органдардың табалдырығын тоздырып бітірген. Мәселе шешімін тапқан жоқ. Өз қотырын өзі қасып, нәпақасын айырып отырған кәсіпкерлер Жетісу ауданының әкімі Г. А. Көкебаева мен оның орынбасары Д.Әкежанов қолдан жасап отырған әкімшілік тосқауыл кәсіпкерлерге 12 млн теңгеден астам шығын келтіріп отырғанын айтады. Бұл тосқауыл Қазақстан Республикасының Конституциясы нормаларыне  "Мемлекеттік қызмет туралы" және "Сыбайлас жемқорлық туралы" Заңдарының талаптарынан жоғары әкімдердің жеке амбицияларының салдары! Ал қала әкімі Е. Досаев бұл проблемалардан тысқары қалуды жөн санаған секілді.


Осы оқиғадан кейін "Рахат" базарының өкілдері қала әкімі Е.А. Досаевқа жеке қабылдау туралы бірнеше рет жүгінген. Осы уақытқа дейін қала әкімінің жеке қабылдауына кіру мүмкін болмай тұр. Қала әкімі аппаратының қызметкері Адиханов Асылхан, регламент бойынша орынбасарлар не басқарма басшылары не орынбасарлар қабылдау керек дейді. Регламент талаптарына сай ол сатылардан өткен. Базар жарықсыз деген мәселеге құлақ асқылары келмейді. 

"АЖК" АҚ-да электр қуатын қосу талаптары бойынша "ТКМ"ЖШС-де құқық белгілейтін құжаты жоқ, сондықтан, мәселе шешімін таппай отыр.


Біздің алдымызда жергілікті атқару органдарының бар есігі жабық, осы заңсыздыққа жол берген шенеуніктердің заңсыз әрекеттеріне қатысты барлық шағымдар орындау үшін солардың өздеріне жіберіледі, дейді кәсіпкерлер. 

Ал заңды күшіне енген 09.09.2019 жылғы сот шешімі орындалмай келеді. Полиция департаментінің анықтаушысы Б.Баймурзин Жер қатынастары басқармасы басшыларының іс-әрекетінде ҚР Қылмыстық кодексінің 430 бабында көрсетілген құқықбұзушылық әрекетінің құрамы жоқ деп тіркеуден бас тартып отырса, мемлекеттік сот орындаушысы М.Танкібаев «телефонмен УЗО-ның юристі Тұрлықожаева Мақпал қазір апелляциялық сот сатысында СМАС-тың 7 тамыздағы шешіміне шағымымыз қаралу керек. Ол жерде ұтылсақ, сол шешімді орындаймыз» деп айтты. Соны күтейік деп қарап отыр. Бұл екі бөлек шешім екенін және ҚР Конституциясының сот шешімдерін барлық органдар орындауға міндеттеген 76 бабының талаптарының қатысы жоқтай! Егер сот шешімдері мемлекеттік органдар үшін орындалуға жатпайтын мәртебеде болса, сот жүйесі қауқарсыз болғаны ма? Әлде жауапкер мемлекеттік орган болса сот шешімдері орындалмасын деген жоғарыдан келген нұсқау бар ма? Біреуін сауатсыз дейін десем, бәрі бір ауыздан қақылдап тұрған соң, еріксіз күмән туады екен.


«Мен нақты айтайын: Бұл жерде осы 2019-20 жылға дейін соттасқан кезде әрине бұл істің артында Бауыржан Байбектің өзі тұрғаны ешкімге құпия емес. Себебі бұл жерге тікелей  Бауыржан Байбектің өзі мүдделі болды. Және интернет жүйесінде мынау  «Алматы СПС-тің» құрылтайшылары,  құрылтайшылар мен Бауыржан Байбектің өзара байланыстығы көп азаматтарға құпия емес. Бірақ қазірдің өзінде Бауыржан Байбек әкім емес, бірақ кімнің мүддесі үшін атқарылып жатқан дүние?  Соттың шешімін  орындамау, кәсіпкерлерді шырылдату, олардық жарықтарын өшіріп тастау, олардың арыздарын мынау жер пайдалану  құқығын табыстау, беруге байланысты қарамау іс-әрекеті, Президенттің саясатына қарсы шығу әрекеті кімнің тарапынан болу мүмкін? Әрине, сол Бауыржан Байбектің командасы. Ол командасы Алматы қаласының әкімдігінде. Әкімнің орынбасарлары, қазіргі Ерболат Досаевтың командасындағы әкім орынбасарлары кезінде Бауыржан Байбектің орынбасарлары болды. Ал қазір Жер қатынастары басқармасының  басшылары мен орынбасарлары сол Бауыржан Байбектің командасы. Бауыржан Байбектің кезінде жұмыс жасаған. Сәулет және қала құрылысы басқармасының басшысы кім? ашып қарасаңыздар, Бауыржан Байбектің кезінде келген лауазымды тұлғалар. ГАСК басқармасында кімдер? Бауыржан Байбектің кезінде тағайындалған лауазымды тұлғалар. Сонда да сыбайлас жемқорлыққа қарсы агенттік, бас прокуратура тікелей осы кісілірмен ілінісуі тиіс», - дейді заңгер.


Халықтың дауысы өздеріне жатпейтін осындай шенеуніктер "жаңа Қазақстан" құра ала ма?! Президент жолдаулары мен  Үкімет бағдарламаларындағы халыққа жағдай жасаймыз деген ұстанымы бос сөз бе, әлде халықты көтеріліске мәжбүрлеген қитұрқылық па? Қазір елімізде Президент сайлауына қатысты іс-шаралар жүргізілуде. Мұрнының астындағыны көрмейтін, шенеуніктерге «Рахат» базары кәсіпкерлері мен олардың қызметкерлері, отбасы мүшелерін қосқанда Қазақстан Республикасының 1000-нан астам азаматының, ел Президентін сайлаушылардың дауысы ешкімге қажет емес пе?!



Ұқсас тақырыптар