Қазақстан СІМ Қытайдың Украинадағы дағдарысты шешуге байланысты ұсынысын қолдайды. Бұл туралы министрлік ресми мәлімдеме жасады.
«Қазақстан Республикасы украиндік дағдарысты саяси реттеу бойынша Қытай Халық Республикасының ұстанымын құптай отырып, Біріккен Ұлттар Ұйымының қағидаттары негізінде мемлекеттің аумақтық тұтастығы, тәуелсіздігі және егемендігі негізінде қантөгісті тоқтатуға көмектесу ретінде қолдауға лайық екенін білдіреді.
Біз бұл мәселені тек халықаралық құқық пен БҰҰ қағидаттары негізінде бейбіт жолымен шешуге балама жоқ деп санаймыз.
Біз әскери қақтығысқа қатысушы тараптардың ізгі ниет танытуын, ұрыс-қақтығысты тоқтатып, келіссөз үстеліне отыруын, ал әлемдік қоғамдастықтың жағдайды барынша дипломатиялық жолмен шешуге үлес қосуын жақтаймыз.
Сонымен қатар, Қазақстан Қытай Халық Республикасының Жаһандық қауіпсіздік бастамасының тұжырымдамасында айқындалған біздің мемлекеттеріміздің бүгінгі таңдағы өзекті мәселелерді шешуінің ұқсастығын атап өтеді»,-делінген хабарламада.
Бұған дейін Қытай сыртқы істер министрлігі Украинадағы соғысты аяқтау жоспарымен таныстырған болатын. Құжат 12 пункттен тұрады.
Бейжің бұл ұсыныс Ресей мен Украина арасындағы әскери қақтығысқа тосқауыл болады десе, Батыс елдері сенімсіздікпен қарады. Кейбір сарапшылар «бұл жоспар емес, жай ғана үндеу мен тілектер» деп баға берген.
Құжатта Ресейдің Украина жеріне басып кіріп, оның аумақтық тұтастығын бұзғаны туралы ештеңе айтылмаған.
Айта кетейік, өткен аптада Қазақстан Ресей әскерін Украинадан әкетуді талап ететін БҰҰ қарарына дауыс берген кезде қалыс қалды.
Қазақстан сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеуберді "қалыс қалу да – позиция", "біз ұлттық мүддемізді ескере отырып дауыс бердік" дейді.
Mezgil.kz