Украинадан кейінгі нысана – Молдова мен Қазақстан!

Украинадан кейінгі Ресейдің нысанасында біз тұрмыз. Бұл туралы саясаткер, қоғам қайраткері Дос Көшім «Қасқа жол» бағдарламасында айтты.

аптап.jpg

«Украина соғыста жеңсе, бұл Қазақстанға жағымды әсер етеді. Себебі, Украинадан кейінгі нысана – Молдова мен Қазақстан. Ресейдің агрессиялық күштері екі елді қарауылға алып отыр. Қазақстан соғысқа дайын болуы керек. Ең ұзақ шекарамыз бар ел – тілі бір, діні бір, рухани-тарихи қатынасы бір туысқанымен соғысып жатқан уақытта, бізді аяп қалмайтыны айдан анық. Бұл Путиннің империялық бағыттағы жүргізіп отырған саясаты. Біз бұдан тыс қаламыз деп ойламауымыз керек», - деді Дос Көшім.


Саясаткердің ойынша, Қазақстанның әскери күші Ресеймен текетірес бастала қалған уақытта төтеп бере алатындай мықты емес.


«Біздің әскери күшіміз жақсы, өзімізді қорғай аламыз деп мақтана алмаймыз. Мүмкін бір-екі жыл уақытымыз бар шығар. Сол уақытты бос жібермей, әскерді дамытуға күш салуымыз керек», - дейді ол.

Қоғам қайраткерінің айтуынша, Ресей Қазақстанға кіріп келер болса, елін тастап қашатын ол – қазіргі билік.


«Биліктің «Бәрібір қарсы тұра алмаймыз, адамдарды қырып-жойып қажеті қанша?» дегенге алып келуі әбден ықтимал. Бұл менің субъективті пікірім. Өйткені билікте отырған бірде-бір адам Қазақстанның тәуелсіздігі үшін күрескен жоқ. Оларға қажеті жоқ-тұғын. Тәуелсіздік үшін күресу, осы мемлекетті құру, қазақ мемлекеті боламыз деген ой жоғарыда отырған адамдардың басына келмеген. Оларды 90 жылдары біз тәуелсіздік үшін күрескен уақытта баррикададан көрген жоқпыз.


Сондықтан мен оларға сенбеймін. Олар сол уақытта Коммунистік партияның мүшелері болып, Мәскеуге қызмет етіп жүрді. Сондықтан олар Отанды дәл Зеленский сияқты, украиналықтар сияқты қорғай алады дегенге өз басым сенбеймін», - деді спикер.

https://www.youtube.com/watch?v=46S6CAdjDIA


Mezgil.kz



Ұқсас тақырыптар