Күдебаевқа халықаралық іздеу жарияланды

Алматы облыстық полиция департаментінің бұрынғы басшысы Серік Күдебаевқа халықаралық іздеу жарияланды.


0a0fb6317060451085cf03aa5584c030.jpeg


«Прокуратура Қырғыз Республикасының шекара қызметінен алған ақпаратқа сәйкес, Күдебаев 23 наурыз күні Бішкек қаласындағы Манас халықаралық әуежайынан Түркияның Ыстамбұл қаласына ұшып кеткен. Бұл шекара қызметінің деректер базасымен дәлелденген. Сотталушының мұнан ары өзге елдерге жүріп-тұруының алдын алу және тұрғылықты жерін анықтау үшін шұғыл түрде Күдебаевқа халықаралық іздеу жариялап, оған бұлтартпау шарасын тұтқынға алуға өзгерту қажет», - деді әлеуметтік желіде тараған видеода судья.


Бүған дейін Серік Күдебаевқа қатысты сот отырыстары бірнеше рет шегерілген болатын. Кейін сот Күдебаевты мәжбүрлі түрде сотқа әкелуге қаулы шығарды.


Прокурор күдіктіні алып келу туралы қаулыны орындау барысында С.Күдебаевтың елден кетіп қалғаны туралы мәлімет ұсынды.


«Бүгінгі таңда Қылмыстық-процестік кодекстің 324-бабына сәйкес, іс іздеу жариялануына байланысты тоқтатылды. Іс іздеуді қадағалау үшін Жетісу облыстық прокуратурасына жіберілді», - делінген сот хабарламасында.


Еске салсақ, Алматы облыстық полиция департаментінің бұрынғы басшысы Серік Күдебаев қаңтар оқиғасы бойынша күдікті деп танылған .


Сот талқылауы барысында прокурор судьядан Серік Күдебаевқа 9 жылға бас бостандығынан айыру жазасын тағайындауды сұраған болатын.



Mezgil.kz


Ұқсас тақырыптар