Қорғаныс министрі қайта сайланды: Әскердегі заңсыздық әлі жалғасуда

2022 жылы 19 қаңтарда Қорғаныс министрі қызметіне келген Руслан Жақсылықов бүгін Президенттің жарлығымен қорғаныс саласының басшысы болып қайта сайланды. Білікті министр ретінде танылып, орнын басар ешкім жоқ дейтіндей Жақсылықовтың Қарулы күштер саласына өткен «жақсылығын» әзірге ести қоймадық. Керісінше халықтың қарсылығына тап болған министрдің бірі болып келеді. Бұл туралы Abai.kz порталында жаңа да ескі Қорғаныс министрінің тұсында болған қасіретті жайттар туралы егжей-тегжейлі бұған дейін де жазылған еді.


Ruslan_Jaqsylyqov,_2022.jpg


2022 жылы шілдеде Қазақстанның Қорғаныс министрі Руслан Жақсылықовты орнынан босатуды талап еткен петиция жарияланды.


«Alash.online» сайтына шыққан петицияда халықтың әскерде болатын өлім-жітімнің көптігіне байланысты уайым-қайғысы көрініс тапқан.


«Қасым-Жомарт Тоқаев Қаскелеңнің тумасы Руслан Жақсылықовты Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрі қызметіне тағайындау туралы Жарлыққа 2022 жылғы 19 қаңтарда қол қойды. 2022 жылы 6 мамырда оған «Генерал-полковник» атағы берілді.


Содан бері бұқаралық ақпарат құралдарында жарияланатын жас сарбаздардың өлімі туралы деректер толастаған емес. Қазақстан әскерінде сұмдық тәртіпсіздік орнаған. Ата-аналар балаларын әскерге жібергісі келмейді. Жастарды ұрлап, оларды еріксіз әскерге жөнелткен жағдайлар да болды. Біз, петицияға қол қойған азаматтар, ел Президентінен Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрі Руслан Жақсылықовты отставкаға жіберуді табанды түрде талап етеміз», - делінген болатын петицияда.


2022 жылы бірінші наурызда Жамбыл облысы «Андас батыр» әскери бөлімінің жоғалып кеткен сарбазы Ұлықбек Бердешевтің өлі денесі  Қырғызстаннан табылды. 18 жастағы жігіттің әкесі «ұлының соңғы кезде жиі хабарласып, ақша сұрағанын» айтқан.


22 сәуір күні Маңғыстау облысының тумасы қатардағы жауынгер Әлібек Қалбай қайтыс болды. Оның Жамбыл облысы Гвардейский кентіндегі әскери бөлімге шақырылғанына төрт күн ғана болған еді. Марқұмның туыстары, Әлібектің соққыға жылғылғанын, оның денесінің көгеріп кеткенін айтқан.


4 маусым айында Маңғыстау облысының Бейнеу шекара қызметінде мерзімді әскери  қызмет атқарған 19 жастағы Тешебаев Еділ қайтыс болды. Оның өлімі туралы әскери қызметкерлер біресе «аяқ киімінің бауына асылып қалды» десе, біресе « белбеуіне асылып қалды» деген. Оның хат жазып кеткені туралы да әртүрлі ақпарат берген.


8 Шілдеде Нұр-Сұлтан қаласы маңындағы «Кіші Майлан» оқу-жаттығу алаңында әскери жаттығу кезінде сарбаз Дархан Мәлік көз жұмды. Ол «Айбын» президенттік полкында әскери борышын атқарған. Полк басшылығы «Сарбаздар өзара әзілдесіп, ойнап, Дарханды әріптесі қауіпсіздікті сақтамай тапаншамен атып жіберген», деп түсінік берді. Марқұмның туыстары бұған сенбейді.


29-30 шілдеде 2022 жылы  ұлттық ұланның екі сарбазы өзін-өзі өлтірді. Степногорск қаласындағы әскери бөлімнің қызметкері Оразбай автопарктегі қоймада асылып тұрған күйінде табылған. Ол 1995 жылы туған, Жетісу облысы Қорғаныс істері жөніндегі Панфилов басқармасынан 2021 жылдың күзінде шақырылған екен. Ал, Аға сержант Мерғалиев Абылай 30 шілдеде Ақтаудағы үйінде дәретханада асылып өлген. Ол 1990 жылы туған, ұлттық ұланда 2015 жылдан бастап қызмет еткен.


2022 жылдың 19 тамызында асылып көз жұмған Тараз қаласындағы «Шөлдала» шекара бөлімінің сарбазы 2004 жылғы Бекбол Мираш туралы 5 айдан кейін сұмдық шындықтың беті ашылды. Адвокат Сержан Пралиев марқұм сарбаздың бірнеше ер адамның тарапынан жыныстық зорлыққа ұшырағанын айтты. Бірақ Бас әскери прокуратура зорлық-зомбылықтың анықталмағанын мәлімдеді.

Қоғамда резонанс тудырған қайғылы оқиғаға байланысты қазіргі Жақсылықов басқарып отырған Қорғаныс министрлігі «бұл жағдайдың ҚР Қарулы Күштеріне қатысы жоқ» деп басын ала қашты. Айтуларынша бұған жауапты ҰҚК Шекара қызметі екен.


«Қазақстан Республикасы күштік құрылымдарының қатарына шақырылған ел азаматтары Қарулы күштердің бөлімшелерінде ғана емес, Ұлттық ұланның (ІІМ), ҰҚК Шекара қызметінің, Төтенше жағдайлар министрлігінің және Мемлекеттік күзет қызметінің әскери бөлімшелерінде де қызмет атқаратынын естеріңізге саламыз», - деді білдей министрлік.


Журналистер Қорғаныс министрінен «әскердегі сарбаздар өлімі неге жіилеп кеткенін сұрағанда», министр: «Бірінші кезекте жастар өз өмірін не себепті қиып жатқанын түсіну керек. Бұған тек әскер ғана кінәлі емес. Әскерге келген жігіттің өмірі үшін жауапкершілік командирге жүктеледі. Дегенмен олар әскерге азаматтық қоғамнан келеді және бұл жастардың өздерінің проблемалары да болады. Әскердің мақсаты – бізге ақыл-ойы жетіліп келген адамның проблемаларын шешуге жәрдем жасау», - деп жауап берген Жақсылықов әскердегі заңсыздықтың нақты себебін айтудан жалтарған еді.


Сондай-ақ 2022 жылы қарашада 305 қазақстандық шенеуніктің казиноға 507 миллион теңге жұмсағаны белгілі болған. Оның ішінде 95 қорғаныс министрлігінің қызметкері де бар болып шықты.

Бұған түсінік берген Жақсылықов «олардың қорғаныс министрлігі қызметкерлері емес – әскери қызметкерлер екенін айтқан.


«Бұлар орташа құрамдағы әскери қызметкерлер, жоғары лауазымдылары жоқ. Жоғары құрамдағылардың оған уақыты да жоқ, себебі біз әрдайым сыртта жүреміз, жұмыстамыз»,- деген болатын ол.


Руслан Жақсылықов Қорғаныс министрі болмай тұрып, әскери саладағы лауазымды қызметтерді атқарған.


2007 және 2008 жылдар аралығында Қазақстан Республикасы ІІМ Ішкі әскерлері Қолбасшысының бірінші орынбасары – Қазақстан Республикасы ІІМ Ішкі әскерлер Бас штабының бастығы,  2008 жылғы 4 қыркүйектен бастап Қазақстан Республикасы ІІМ Ішкі әскерлерінің Қолбасшысы,  2013 жылғы 22 қантардан бастап Қазақстан Республикасы ІІМ Ішкі әскерлерінің Бас қолбасшысы, 2014 жылғы 24 сәуірінен бастап Қазақстан Республикасы Ұлттық ұланынының Бас қолбасшысы, 2021 жылғы 29 қыркүйектен бастап Қазақстан Республикасы Ішкі істер Министрінің орынбасары – Ұлттық ұланының Бас қолбасшысы болып жоғары дәрежелі қызметтер атқарған.


Жақсылықовтың алдында Қорғаныс министрі болған Мұрат Бектанов 2022 жылы 19 қаңтарда «қаңтар оқиғалары кезінде командирлік қабілетін көрсете алмағаны» үшін сөгіс алып, орнын босатқан. Артынша оның үстінен қылмыстық іс қозғалып, кейін 12 жылға сотталды.



Mezgil.kz



Ұқсас тақырыптар