Қашырып жіберіп, қуалау: Күдебаевқа қырғыздар да іздеу салуда

Қазақстан Алматы облыстық Полиция департаментінің бұрынғы басшысы Серік Күдебаевты ұстап беру туралы Түркиямен келіссөз жүргізіп жатыр. Бұл туралы Бас прокурордың орынбасары Жандос Өмірәлиев айтты.

photo_2023-03-01-00.03.03-1440x810-1.jpeg

«Біздің қырғыз әріптестеріміздің айтуынша, Күдебаев Манас әуежайы арқылы Ыстанбұлға ұшып кеткен. Олар осындай ақпарат берді. Бізде Түркиямен келісімшарт бар және қазір олармен жұмыс істейміз. Барлық ақпаратты бере алмаймыз, өйткені ол әлі қашып жүр. Яғни барлық деректерді ашып айта алмаймыз, себебі іздеу нәтижесіне кері әсер етуі мүмкін», - дейді ол.


Сонымен бірге, Жандос Өмірәлиев қашқын шенеуніктің үстінен Қырғызстанда да іс қозғалып жатқанын айтты.


«Қырғыз тарабы да Күдебаевтің мемлекеттік шекараны заңсыз кесіп өтуіне қатысты қылмыстық іс қозғады. Яғни, қылмыстық іс оны іздестіру бойынша ғана емес, мемлекеттік шекараны заңсыз кесіп өту фактісіне қатысты да қозғалып отыр. Біз Күдебаевтің мемлекеттік шекараны заңсыз кесіп өтуін ұйымдастырғандарды да анықтамақпыз. Сондықтан қырғыз тарапының көмегі қажет. Мемлекеттік шекарадан заңсыз өтуіне кімнің және қалай көмек көрсеткені маңызды», - деді Бас прокурордың орынбасары.


Еске сала кетсек, қаңтар оқиғасы бойынша күдікті болып танылған Алматы облыстық Полиция департаментінің бұрынғы басшысы Серік Күдебаев 3 сәуір күні сағат 10:00-де сотқа жеткізілуі тиіс еді. Көп ұзамай оның елден қашып кеткені белгілі болды.


«Прокуратура Қырғыз Республикасының шекара қызметінен алған ақпаратқа сәйкес, Күдебаев 23 наурыз күні Бішкек қаласындағы Манас халықаралық әуежайынан Түркияның Ыстамбұл қаласына ұшып кеткен. Бұл шекара қызметінің деректер базасымен дәлелденген», - делінген еді Талдықорған қалалық сотының хабарламасында.


Ал Шекара қызметі оның елден қашып кеткенін 27 наурызда білген.


Mezgil.kz



Ұқсас тақырыптар