Қазақстанның мемлекеттік борышы жылдан жылға өсе түсуде. Бұл әсіресе коронавирус кезінде байқалды. Былтыр, яғни 2022 жылы Қазақстанның мемлекеттік борышы 15.2%-ға өсіп, 25.3 трлн теңгені құрады (немесе 54.7 млрд АҚШ доллары). Бұл Жалпы Ішкі Өнімнің (ЖІӨ) 24.9%-ны тең. Jusan Analytics зерттеу орталығы Қазақстанның мемлекеттік борышына қатысты өзінің зерттеу жұмысында осы деректерді жариялады.
«Қазақстанның мемлекеттік борышының басым бөлігі – 66%-ы орта есеппен соңғы 5 жыл ішінде ішкі қарыздан құралған. Бұл әрине, икемге келетін, басқаруға көнетін, қауіп-қатері төмен қарыздар. 2022 жылы оның үлесі 69%-ға жетіп, 17.5 трлн теңгені құрады. Ал сыртқы борыштың көлемі 7.8 трлн теңгеге жетті. Қарыз ақшаның жартысынан көбісі еурооблигациялдар шығару арқылы алынған. Бұл жерде халықаралық ұйымдар да Қазақстанның экономикасын белсенді түрде қаржыландырып келеді», - дейді мамандар.
Мемлекеттік борыш өскен сайын, оны өтеуге кететін шығындар да (пайызын төлеу) арта түседі. Айталық, 2022 жылы ол 1.3 трлн теңгені құрады. Бұл 2021 жылмен салыстырғанда 32.7%-ға жоғары.
«Бүгінде мемлекеттік борышты өтеуге кететін шығындар республикалық бюджеттің ең ірі 5 шығыс баптарының біріне айналған. Яғни бұл шығындар қазір бюджет шығындарының шамамен 7%-ын құрайды. Соңғы 5 жылда борыштарды өтеуге кетіп жатқан шығындардың үлесі жалпы мемлекеттік борыш сомасының 5.2%-ын құрады. Бұған қарап, қарыз ақшалар айтарлықтай арзанға алынған деп айтуға болады», - дейді сарапшылар.
Айта кетелік, Қазақстанның мемлекеттік борышын өтеу бойынша төлемдердің құрылымы ҚР Қаржы министрлігінің деректеріне сәйкес 2022 жылы былайша сұрыпталған: алынған қарыздың 78%-ының пайыздық мөлшерлемесі нақты, тиянақты бекітілсе, 17%-ында – құбылмалы пайыздық мөлшерлемелер және тек 5%-ы инфляцияға индекстелген, яғни инфляцияның өзгеруіне қарай ол да өзгеріп отырады.
Mezgil.kz