Ұлттық құндылық: Ұрпақ тәрбиесіндегі ертегілердің орны ерекше

Қазақ халқы баланың тәрбиесіне ерекше мән берген. Халқымыздың бала тәрбиелеудегі дәстүрі ауыз әдебиетімізден анық көрінеді. Ата-бабаларымыз ұрпағының  болашағы ұлттың болашағы екенін түсінген. Қазақ даласында ерте заманда бала тәрбиелейтін балабақша, мектеп болмаса да,  тәлім мен тәрбие беретін ерекше дәстүр болған. Ең жақсысын балаға   арнаған, ең жақсы сөзді балаға айтқан, баланы жөнімен еркелетіп, баққан.

162304558260bdb5cea2d230.64321204.jpg

Халық ғұлама ғалымдарды, суырып салма ақындарды, Төле бидің сөзімен айтқанда  «Тура биде туған жоқ, туғанды биде иман жоқ» сынды билерді, «Ақ найзаның ұшымен, ақ білектің күшімен» ел қорғаған батырларды тәрбиелеген. Балаға бесіктен  бастап  бесік жыры, ертегі, батырлар жырын айтып берген. Сәби кезінен ертегі, жыр тыңдап өскен баланың есте сақтау қабілетінің жоғары болатындығын білген. Ертегілер, жаңылтпаштар, жұмбақтар арқылы баланың сөздік қорын байытып, логикалық ұшқырлығын шыңдаған. Дұрыс әрі терең ойлауға үйреткен.


«Ертегі» халық арасында кең таралған ұғым. Қазақ халқының бала тәрбиелеу дәстүрінде ертегі ерекше орын алған, алады да. Ертегі көбінесе халықтың тұрмысы, кәсібіне байланысты, қоғам өмірінің шындығынан туындаған.  Ертегі арқылы балаға «жақсыдан үйренуді, жаманнан жиренуді» үйреткен. Ертегі айту  балалардың сөздік қорын байытуға, ауызекі сөйлеуге, ойлау қабілетін дамытуға ықпал еткен. Қазақ ауылдарында ертегі айтатын адамды жоғары бағалаған. Ертегінің мазмұнына аса  жауапкершілікпен қараған. Қазақ халқының ертегілерінің мазмұнына үңілгенде, бір жаман ой, жаман сөзді кездестірмейміз.


Балалар әдебиетін ғылыми мазмұнда  зерттеген қазақтың  ұлы жазушысы, белгілі  академик Мұхтар Әуезов ертегі туралы «...ертегі деп баяғы  замандағы  елдің дүниеге көзқарасын  білдіретін, я сол  көзқарастың белгілі ізін көрсететін, онан соң  белгілі  елдің салтын  білдіретін, арнаулы үлгі айтатын; жамандықты жерлеп, жақсылықты көтеріп айтқан, ойдан шығарған  көтерме әңгімені айтады»- деп жазған еді [1].


Ертегілердің халық өміріндегі маңызы жоғары. Мәселен, Шоқан Уәлиханов алғашқы зерттеу жұмысы ертегіні жинақтаудан бастап, қазақ ертегілерін алғаш зерттеді. Ал,  Мәшһүр Жүсіп Көпеев қазақ ертегілерін мол қорын жинақтап кетті. Қазақ халқының  фольклорын зерттеген көрнекті ғалым Ә.А. Диваев Мәшһүр Жүсіп Көпеев туралы: «Көпеев бүкіл дерлік қазақ даласын, Түркістан өлкесін аралап, көптеген адамдармен, суырып салма жыршылармен кездесті... Өзінің белгілі адамдармен әңгімелерін, олардың айтқандарын, маңызды нақылдарын, ұтымды өткір сөздерін өзінің дәптеріне, күнделігіне жазып отырады... Оның үстіне ол орыс, татар ғалымдары мен жазушыларының қазақ жайындағы жазбаларын зейін қоя зерттеді. Қазақтың әдебиеті мен тарихы жөнінде бағалы материалдар жинады», - деп айтып кеткен-ді[2].


Ертегілердің көбісі XIX ғасырда Омбы мен  Орынборда шығатын газеттерде жарияланған. Мәселен, көптеген ертегілер «Дала уалаяты» газетінде, «Тургайские областные ведомости», «Акмолинские  областные ведомости», «Оренбургские губернские ведомости», «Астраханские ведомости» т.б. басылымдарда жарық көрген. Қазақ жеріне келген саяхатшылардың, зерттеушілердің көбісі халықтың фольклорына ерекше назар адарған. Сол арқылы ұлттың рухани болмысына баға берген.


Сондай зерттеушілердің бірі  белгілі ғалым  А.В. Васильев 1890 жылдардан бастап халық арасынан  ертегілерді жинай бастаған. Ол көбінесе ертегілерді  Торғай облысында тұратын қазақтардан жазып алған [3].     


Белгілі ғалымның «Образцы  киргизкой народной словесности » еңбегіне халық арасынан жазып алған қазақ ертегілері енген. Сонымен қатар В.В.Радловтың  «Образцы народной литературы тюркских племен» атты 10 томдық жинақтарында қазақ халқының  эпостық жырлары мен ертегілері  басылған. В.В.Радлов қазақ ертегілерін зерттей келе  «Өзге туыстас елдерінен қазақтың ерекшелігі- сөз орамына шебер және тамаша шешен»- деп жоғары баға берген [4]. Сондай-ақ, 1952 жылы профессор  В.Сидельниковтың басқаруымен «Казахские народные сказки» еңбегі де жарық көрген.


Ертегі халық арасында ауызша тараған. Сонымен қатар, халық ертегілерінің  ағартушылық қызмет атқарғандығын да ескеру шарт.  Қазақ даласында ақ жаулықты аналарымыз бен көкірегі асыл қазына әжелеріміз арқылы ертегілер де ұрпақтан-ұрпаққа беріліп, сақталып отырған. Ертегі айту арқылы  ұрпағының   бойында  ізгі қасиеттерді қалыптастырып, толық адам болудың іргетасын қалаған. Кез-келген қазақтың баласы жастайынан ертегі тыңдап өскен. Сондықтан да, халықтың өміріне, халқына жақын болған.


Шоқан «Қазақ шежіресі» еңбегінде: «Ұлағатты ескі сөздерде Жәнібек ақылдылығымен Әз атанған, қазақтар оны Әз-Жәнібек дейді. Әз-Жәнібектің дана, білгір, шешен биі-Жиренше Шешен болған. Жиренше Шешен айтыпты деген қанатты сөздер қазақ арасында  өте көп. Жиренше есімінің  ел арасында  тапқырлық пен шешендіктің символы болуы, Жәнібек хан мен Жиренше Шешеннің  қосарлана  айтылуы тегін болмаса керек» -деп те жазған[1]. Ақылдылықтың, тапқырлықтың, шешендіктің  символына айналған Әз-Жәнібек пен Жиренше Шешен бейнесі арқылы талай ұрпақ тәрбиеленген-ді.


Мұхтар Әуезов ертегілерді  оқу құралы екендігін айтқан еді. Мұхтар Әуезов балалардың жас ерекшеліктеріне сәйкес ертегінің маңыздылығына тоқатала келіп:  «...Хайуанат жайында бір алуаны – «Күшік пен мысық», «Қотыр торғай» сияқты  кішкене  жануарлар  жайындағы  ертегілер.  Ақылсыз  күшік, айлакер мысық,  балаға жәндікті, әр кейіпті танытушы бірге баланың өз мінезіндей ойнақы күйде күлкілі, көңілді әңгімеленеді,»-деп жазып кетті[5].  


Қазақтың  қиял-ғажайып ертегілерінде кейіпкер ретінде төрт түлік малдың ішінде көбінесе  жылқыны қасиетті жануар деп санаған.  «Ер Төстік» Шалқұйрық, «Керқұла атты Кендебай» ертегілерінде тұлпар кейіпкері  «айшылық алыс жерлерден» үнемі көмекке келетін дос, ақылшысы ретінде сипатталады. Желаяқ, Таусоғар, Көлтаусар кейіпкерлері мейрімділік пен жанашырлықты, достықты  насихаттайды. Сондай-ақ, «Тазша бала» ертегісі ақылдылыққа алғырлыққа, тапқырлыққа, батылдыққа тәрбиелейді. Ақыл-парасатымен  қиындықты жеңіп шығып, әділеттілік орнатады. Осылайша,  халық даналығы ұлтты тәрбиелеген. Нәтижесінде, бір сөзді, турашыл, өтірік айтпайтын, елжанды адам қалыптасқан.


Аса көрнекті ағартушы – педагог Ы. Алтынсарин еңбектерінде де халық ауыз әдебиетінің туындылары жинақталған. Ағартушы-педагогтың «Қазақ хрестоматиясы» еңбегінде «Таза бұлақ», «Жиренше шешен» «Тазша бала», «Қара батыр», «Алтын Айдар», жыл санауға байланысты «Жан-жануарлардың дауласқаны» т.б. аңыз-әңгімелер, ертегілер жинақталған. Әрбір ертегі мазмұнының тәрбиелік маңызы зор болған.     


Көрнекті әдебиет зерттеушісі, жазушы Шеген Ахметовтың 1966 жылы жазған «Қазақ халқының бала тәрбиелеу дәстүрі» мақаласында: «Тәрбие басы алдымен әдептілікке үйретуді көздеген.  Мейрімді болуға тәрбиелеген. Тіл алғыш елгезек бол деп үйреткен. Бұл еңбекке баулудың алғашқы көрінісі болатын. Адалдықпен пен шындыққа баулуды көздеген. Білгір бол, ұстаз бен  ғалымның, көпті көрген  данышпан қарияның сөзін тыңда, ақпа құлақ болма, құйма құлақ бол дегенді  бойларына сіңіре берген. Үлкенді, ата-ананы  сыйлауға  үйретуді басты міндет етіп қойған. «Кісі айыбын  бетіне баспа», - дейді халық тәрбиесі. Бұл кемшілікті айтпа деген сөз емес, қарып-қасерлердің табиғи кемдігін көрсетпе деген сөз. ...ел қорғаны  батыр бол, халық алдында  қызмет ет,  бар өнеріңді соған жұмса дегенді үйретеді » -деп атап көрсетеді[6].  


Ұлт ұстазы атанған Ахмет Байтұрсынұлы «Әдебиет танытқыш» еңбегінде ертегіге қатысты ғылыми ойларын жазған-ды. «Ертегілер өтірік болғанмен, мағынасыз болмайды. Көбінесе ішкергі астарлы мағынасымен өнегелі келеді. Жақсылық, жамандық, достық, қастық, арамдық, адалдық, батырлық, қорқақтық, ептілік, шорқақтық, қулық, аңқаулық, тағысын тағы сондай жақтан өнеге болу, тәлім-тәрбие беру мақсатымен шығарған әңгімелер екендігі сезіледі. Бірақ ертегі дүниедегі қалыптың жағдайына қарамай, бәрінен қиял бетімен өтеді. Сондықтан ертегіде жаны жоқтар жанды болады, тілі жоқтар тілді болады. Бір нәрсе екнінші нәрсенің түріне түсіп кетеді.


Ертегінің қадірі қанша деп сұрағанда керектігіне қарай жауап беріледі. Ертегінің керек орындары: 1. Халықтың ұмытылған сөздері ертегіден табылмақ. Олай болса, ертегі тіл жағына керек нәрсе. 2. Бала әдебиеті жоқ жерде ертегі баланың рухын, қиялын тәрбиелеуге зор керегі бар нәрсе. Баланы қиялдандыруға, сөйлеуге үйретеді. 3.Бұрынғылардың сана-саңлау, қалпы-салты жағынан дерек берумен керегі бар нәрсе» [7] ,-дей келе ертегіге қарап, ертеде болған аталарымыздың өткен тіршіліктерін жорамалдауға болатындығын, осыған орай елде тұрған адамдар ертегілерді жинап, жоғалмасына қызмет қылу борышым деп білу керектігін де жазды. Одан әрі қазақта ертегі көп дей келе, ертегілердің бірнешеуін атап өтеді: «Қара батыр», «Тазша бала», «Алтын айдар», «Хан», «Шынтай», «Еркем Айдар», «Әжігелді», «Арам бейіл, ақ бейіл», «Хан қызы», «Тазша», «Түлкі алдауы», «Дуадар қыз», «Үш ұл», «Балықшы жігіт», «Қара көз сұлу».


Сондай-ақ, Ахмет Байтұрсынұлы ертегісімек ұғымын түсіндіріп кеткен еді. «Ертегісімек деп ертегіге ұқсас, бірақ ертегіден гөрі әдемірек, шынға бейімірек, тұрмысқа жақынырақ, дүниеде болуға ықтималы молырақ түрде шығарған әңгіме айтылады. Мәселен, «Алдар көсе», «Жиренше шешен», «Қожанасыр», «Атымтай жомарт» сияқты адамдар турасындағы әңгімелер»,-дей келе, ертегісімектің шынға жақын әңгіме екендігін ұғындырған. Қазіргі таңда балаларға осы ертегі мен ертегімісектің ара – жігі ажыратылып, айтылады ма екен? Сәбиге ертегі айтпай, ертегі айтуға ерініп, тарс-тарс музыкаларды тыңдатып ұйықтатқан кейбір аналар, балаларының болашағына үлкен зиян жасауда деген пікірдеміз. Қазіргі кезде балалар, жасөспірімдер арасындағы қатыгездіктің көбейіп кетуі де осы сәби кездегі тәрбиеден кеткен кемшілікте болса керек-ті.  Жалпы ертегі тыңдаған баланың (қыз бала болсын, ер бала болсын-автор) көңіл-күйі жақсы, жаны жайсаң азамат болып өсетіндігін ғалымдар талай мәрте айтып та, жазып та жүр.


Мектеп жасына дейінгі балаларды тәрбиелеу мен оқытуда  көркем әдебиетке, кітаптарға деген қызығушылықтарын оятуда ертегілердің, жұмбақтардың, жаңылтпаштардың  атқаратын рөлі зор. Кітаптағы суреттерді балалармен бірге қарау, ертегі кейіпкерлері әрекеттерін талдау, жанашырлық таныту, баланың пікірін тыңдау баланың болашағына ықпал етері сөзсіз.


Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2021 жылғы  15 наурыздағы № 137 қаулысымен бекітілген «Мектепке дейінгі тәрбиелеу мен оқытуды дамыту моделі» 34-тармағында: «Бала тәрбиесіндегі халық ауыз әдебиетінің маңызын ескере отырып, баланың ертегілер мен кітаптарға қызығушылығын қолдау қажет»-деп атап көрсетілген


Қорыта айтқанда, балаларды рухани  құндылықтарға тәрбиелеуде ертегілердің атқаратын рөлі зор. Қазіргі күні балаға жырды айтпасақ та, ең болмаса баланы ертегілерден кенде қылмауымыз керек. Жаны жайсаң, тұлғалық қасиеттері мол адам-ұлттың тірегі. Біздің болашағымыз.

 

Қолданылған әдебиеттер:

1. Қанафияұлы Н. Шоқан-әдебиетші, публицист. - Алматы: Қазақстан, 1998 -184 б.38 б.

2. Смирнова Н.С., Гумарова Г.М., Сильченко М.С., Сыдыков Т.С. Казахская народная поэзия.- Алма-Ата.- 1964. – 256 с.

3. Матыжан Кенжехан. Рухани уыз (Казахский детский фольклор).- Алматы.- 1995. -140 с.

4.  Әуезов М. Ертегілер.- Алматы. -1957

5. Әуезов М. Жиырма томдық шығармалар жинағы. Т.17. Мақалалар, зерттеулер.- Алматы: «Жазушы», 1985. – 350 б.

6. Марғұлан Ә. Ежелгі мәдениет куәгерлері.-Алматы.-1966

7. Байтұрсынов А. Әдебиет танытқаш.-Алматы: «Атамұра», 2003.-208 б.


Бақыткүл Сарсембина


Mezgil.kz



Ұқсас тақырыптар