Абай облысындағы өрт: Облыс әкімі Ұранхаев не дейді?

Маусымның 8-інен басталған Абай облысындағы Орман өрті әлі толық сөндірілірген жоқ. 60 мың гектар жерді шарпыған орман өртінің көлемі қазір 43 мың гектарға азайды. Өрті сөндіру жұмыстары белсенді жүргізіліп жатыр. Бұл туралы Абай облыстық әкімдігі хабарлады.  


1686640838144312.jpg

«Өртті сөндіруге ТЖМ, Орман шаруашылығы комитетінен, жергілікті атқарушы органдардан және Қорғаныс министрлігінен 1 800-ден астам адам, 350-ге жуық техника жұмылдырылған», - делінген ресми ақпаратта.


Кеше тікұшақтар өрт орындарына 546 рет 1 500 тоннадан астам су төкті. Жалпы өрт басталғалы әуеден 1 323 рет 4000 тоннаға жуық су төгілген. 


Бүгін облыс әкімі Нұрлан Ұранхаев өңірдегі ахуал туралы есеп берді. Оның айтуынша, жалын әлі басылмаған, дегенмен жақын аумақтағы елді мекендерге қауіп жоқ. 


 «Біріншіден, облыс территориясындағы алапат өрт әлі басылған жоқ. Өрт сөндірушілер арнайы техникаларды қолданып, тілсіз жаумен күндіз-түні күресіп жатыр. Жақын аумақтағы ауылдарға қауіп жоқ, бұл біздің бақылауымызда. Жақын елді мекендердің тұрғындарын эвакуацияладық, азаматтарымызға қажетті азық-түлік жеткілікті.


1686640698354057.jpg

Екіншіден, Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау үшін қажетті шараларды қолға алудамыз. Үкіметпен бірлесіп, өрт кезінде қаза тапқан орманшылардың отбасыларына материалдық жағынан толық көмектесуді қамтамасыз етеміз», - деді Нұрлан Ұранхаев.


Әкімнің сөзінше, өртті қазір үш бағытта сөндіріп жатыр. Шығыс бағытта өртті үзу үшін ағаштарды кесіп жатыр. Қалған екі бағытқа техниканың жетуі қиын. Сондықтан жаяу күш пен тікұшақтар пайдаланылуда. Өртті сөндіруге 1788 адам, 345 техника мен 15 тікұшақ жұмылдырылған. Қазірге дейін 463 адам эвакуацияланған. Олар: Бұлақ, Тлаица және Половники елдімекендерінің тұрғындары. Эвакуацияланған ауылдарды полиция күзетке алған. Эвакуацияланған тұрғындар Семейге және Бородулихаға жеткізілген. Алапат өртпен алысып жатқан өрт сөндірушілерге азық-түлік, құрал-жабдықтар жеткізіліп жатыр. Сондай-ақ өрт сөндіруге өз тракторымен барып, жоғалып кеткен азамат - С. Архипов іздестірілуде. Қаза тапқан 14 адамның отбасыларына (соның ішінде Успенский орман шаруашылығының қызметкерлеріне) материалдық көмек ұйымдастырылуда. Мемлекет уәде еткен барлық әлеуметтік төлемдер толық көлемде, уақытылы жасалады. Әрбір отбасыға жеке қажеттіліктеріне сәйкес көмек картасы әзірленген. «Ақ Ертіс» қайырымдылық қоры арнайы шот ашқан. Көмек ұсынушылар осы арқылы аударым жасауға болады. 


Бүгін Үкімет өрттен қаза тапқан азаматтардың отбасыларына 7 млн теңгеден және сол отбасылардағы әрбір балаға 2 млн теңгеден материалдық көмек көрсетілетінін жариялады. 


1686640733879573.jpeg


Айта кетсек, бұған дейін мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Абай облысының әкімі Нұрлан Ұранхаевқа өз міндетін тиісті деңгейде атқармағаны үшін сөгіс жариялаған болатын. 


«Қателік көп. Шұғыл әрекеттің жетіспеуі, мәселеден сырт қалуыңыз осы апатқа әкелді. Өзіңіз де оқиға орнына кеш жеткеніңізді маған баяндадыңыз. Сондықтан жергілікті атқарушы органның жұмысына көңілім толмайды. Түсінемін, облыс енді құрылды, сіз – жаңа әкімсіз. Осы себепті ғана сізге сөгіс жариялаймын. Негізі мұндай қателік үшін бірден қызметтен босату керек. Он төрт адамнан айырылып қалдық.Олар қызметтік борышын атқара жүріп қаза тапты. Қазір сіздің міндетіңіз – Үкіметпен бірге менің азаматтарға берген барлық уәдемнің орындалуын қадағалау. Сөз бен іс қабысу керек. Иә, мен көңіл айттым. Бірақ адамдарға нақты көмек көрсетілуге тиіс», - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.


Абай облысы әкімдігі Президент сөгісінен тиісті қорытынды шығарды ма? Оны шетін оқиғаны аузыдықтау және осы мақсатта қабылданып жатқан жедел шараларға қарап бағалауға болады. Ал облыстық әкімдік Жедел штабтың отырысынан кейін әрекетке көшкен секілді. Аймақтағы атқарылып жатқан жұмыстар мен облыс басшысы  тарабынан қабылданып жатқан шешім-шаралардың бір легін жоғарыда айттық. Қазір қазақ қоғамы түгел дерлік Абай облысына алаңкөңіл болып отыр. Ел –халық: «Қызыл өрт тез ауыздықталса», - дейді. 


Mezgil.kz



Ұқсас тақырыптар