БАҚ: АҚШ пен Иран астыртын келісуде. Ресей ше?

АҚШ-тың әлемге әйгілі The Wall Street Journal мен The New York Times басылымдары Байден әкімшілігі мен Тегеран арасында құпия келіссөз жүріп жатқанын жазды. АҚШ-тың басты мақсаты Иранда отырған американдықтарды босату және Тегеранның ядролық бағдарламасын тоқтату. Өткен жылдың желтоқсанында Нью-Йоркте АҚШ пен Иран шенеуніктері келіссөз бастады, артынша АҚШ шенеуніктері Оманға үш мәрте келіссөзге барып, Иран шенеуніктерімен кездесті. Басылымның жазуынша екі ел арасындағы келіссөз нәтиже берсе, онда тараптар 2015 жылғы келіссөздерге қайта оралуы мүмкін.

 

Ал Foundation for Defense of Democracies (FDD) жазуынша АҚШ пен Иран өткен жылы бейресми келіссөздер бастап, тұтқын алмасуды талқылаған. Ол бойынша Иран АҚШ азаматтарын Вашингтонға беруі тиіс, ал АҚШ Иран азаматтарын Тегеранға бермек. Сонымен бірге АҚШ Оңтүстік Кореяда бұғатталған Иранның 7 млрд доллар қаржысын қайтарып бермек.

 

Жақында Иранның Иракта бұғатталған 2.7 млрд доллары қайта Тегеранға беріле бастады. Бұл АҚШ-тың араласуымен іске асты дейді сарапшылар.

 

АҚШ Иранға бірнеше талап қойып отыр. Оның ішінде Иран қамауда отырған АҚШ азаматтарын босатуы тиіс, Иран уран байытуды тоқтатуы тиіс, Иран Ресейге зымыран беру, қару жеткізуді доғаруы міндетті. Бұл талаптарды орындаса АҚШ Иранға салынған санкцияны жеңілдетіп, бұғатталған қаржысын беруді бастайды.


Mezgil.kz



Ұқсас тақырыптар