Ельцин кешірген Суровикинді Путин кешіре ме?

Пригожиннің сәтсіз аяқталған бүлігінен кейін Ресей билігінде «жүйені тазалау» жұмыстары басталып кеткендей. Мәскеу «жақтастар» мен «сатқындарды» нақты анықтап, кінәлілерді жазаламақ дейді сарапшылар. «Пригожин әскери төңкерісті жалғыз жасауы мүмкін емес, оны қолдаған шенеуніктер мен олигархтар және әскерилер болды» дейді кей сарапшы. Ресей билігі вагнерліктерге кешірім берсе де, бұл бүлікке қатысы барларды жазалауды үнсіз жүзеге асыратын сыңайлы.


nBkSUhL2hFchm820Lr6BrNOp2Z3z8Zj21iDEh_fH_nKUPXuaDyXTjHou4MVO6BCVoZKf9GqVe5Q_CPawk214LyWK9G1N5ho=wk2BsIOWFgopw4AQuCRZVw.jpg

 

Күні кеше ғана The Moscow Times Украинадағы Ресей әскерін басқарған қолбасшы Сергей Суровикиннің тұтқындалғаны жайлы ақпарат таратты. Ресми түрде бұл ақпаратты Ресей билігі не растамады, не жоққа шығармады. Басылымның жазуынша билікке жақын инсайдерлік ақпарат көздері «Суровикинді бүлікке қатысы бар деп айыптауы мүмкін» екендігін айтқан. Суровикин Пригожин бүлік бастап, Ростовты басып алған сәтте видеоүндеу жасап, ұрыс даласынан келгенін айтып, вагнерліктер дереу арада бүлікті тоқтату тиіс деген еді.  Әлеуметтік желі қолданушылары видеода Суровикиннің мас екенін жазса, енді бірі «соққыға жығылған сияқты» деп жазды.

 

Суровикиннің тұтқындалуына қатысты алғашқы ақпараттар пропагандист Владимир Романовтың телеграм арнасында пайда болды. Оның сөзінше Суровикинді билік 25 маусымда қамауға алған. Қазіргі уақытта Суровикин «Лефортово» уақытша тергеу изоляторында отырған көрінеді-міс. Блогер бұл ақпаратты қайдан алғанын айтпады.  

 

28 маусымда The New York Times Суровикин Пригожиннің бүлік бастайтынын алдын-ала білгенін жазған еді. Суровикиннің тұтқындалуына Батыстық басылымдарда жарияланған ақпараттың қатысы да бар дегенді айтушылар саны артты.

 

Жалпы Суровикин бүлікті басуда үлкен тәжірибеге ие. 1991 жылы ол "Тамыз бүлігінде" арнайы әскери бронды техника колоннасын басқарған болатын. Ол басқарған бронды техника колоннасы наразылыққа шыққан үш белсендіні таптап өлтірген. Артынша билік осы қылмысы үшін оны тұтқынға алып, «Матросская тишина» уақытша тергеу изоляторына қамаған еді. Алайда Ельцин оны босатуға бұйрық берді. 1995 жылы Суровикинге Ресей билігі тағы бір қылмыстық іс ашты. Онда рұқсатсыз қару ұстау, жемқорлыққа бару сынды айыптар тағылды. Ол бойынша 8 жылға сотталуы тиіс Суровикин 1 жылдық шарты мерзіммен оңай құтылды. 2014 жылы Навальный офисі Суровикин Ростов облысындағы танктік бөлімшелерді Донбасстағы сепаратистерді қолдауға жіберді деген ақпаратты таратты. 2017 жылы Путин Суровикинді аэроғарыш күштерінің қолбасшысы етіп тағайындады. Артынша ол Сириядағы операцияны басқарушы болып Дамаскке аттанды. Сирия жерінде қалаларды бомбалап, бейбіт тұрғынды қырғынға ұшыратқаны үшін «Сирия қасапшысы» деген лақап атқа ие болды. 2022 жылы Суровикинді Путин Украинадағы әскердің қолбасшысы етті. Алайда «Сирия қасапшысы» Украинада айтарлықтай нәтиже көрсете алмай, Харьков облысы мен Херсон қаласынан айырылды.


Mezgil.kz


 

 



Ұқсас тақырыптар