Қостанайлықтарды Ресей үшін соғысуға шақырған...

Ресейдің Украинаға агрессиясы посткеңестік елдердің ішкі тұрақтылығына да әсер етуде. Соғыс басталғалы бері үшінші ел азаматы болып саналатындардың ішінде Ресейді қолдап соғысушылар мен Украинаны жақтап, қару алушылар саны артқан. Ресейдің агрессиясын жақтаушылар сепаратистік ұрандарды да қолдайды. Әлеуметтік желінің мүмкіндіктерін пайдаланып, жабық топтарда Ресейді қолдап соғысқа аттануға үндейтін парақшалар жеткілікті. Құқық қорғау өкілдері ондай парақшаларды ұдайы бұғаттап, парақша иесін заң аясында жазалауға тырысса да, парақшалар саны жаңбырдан кейінгі саңырауқұлақша қаптауда. Әдетте ондай парақшалар Ресей аумағында ашылып, қашықтықтан басқарылады.


6305fbb3bd885524500204.jpg

 

Күні кеше ғана Қостанай облысындағы жағдайға байланысты прокуратура арнайы үндеу жариялады. Бұған дейін Қостанай облысының тұрғындарын Украина жеріне аттанып, соғысуға үндейтін жазбалар әлеуметтік желіде тараған болатын. Әлеуметтік желіде ұлтараздықты туындатып, өзге аумақтағы қарулы қақтығысқа шақыратын жазбалар орналастырылған.

 

"Әлеуметтік желі қолданушылары (оның ішінде Қазақстан азаматтары да бар) болып жатқан геосаяси оқиғаларға пікір білдіре отырып, еліміздің тұтастығына қарама-қайшы келетін үндеулер жазып, сепаратизмге шақыратын жайттар байқалуда.  Біздің облыс аймағында Ресей Федерациясы аумағына өтіп, Украина соғысына қатысуға шақыратын әрекеттер де көрініс тапты", - делінеді Қостанай облысы прокуратурасының хабарламасында.

 

Прокуратура өкілдері Қазақстан азаматтарының шет мемлекет аумағындағы әскери іс-қимылдарға қасақана заңсыз қатысуы, сол сияқты ұлттық араздықты қоздыруға бағытталған қасақана іс-әрекеттер, бұқаралық ақпарат құралдарын немесе телекоммуникация желілерін пайдалана отырып, Қазақстанның тұтастығын, оның аумағына қол сұғылмаушылық пен бөлінбеушілікті бұзуға жария түрде шақыру қылмыстық жазаланатын іс-әрекеттер болып табылады және оған 10 жылға дейінгі бас бостандығынан айыру жазасы қаралатынын ескертті.  

 

Бұған дейін әлеуметтік желіде сепаратизмге шақырып, тікелей эфир барысындағы стримдерде Қазақстан облыстарын Ресей аумағына қосуға үндеген бірнеше азамат сотталған болатын.


Mezgil.kz



Ұқсас тақырыптар