Түркіменстандағы тапшылық: Ұн үшін таласта көпбалалы әйел көз жұмды

Түркіменстандағы әлеуметтік жағдай көңіл көншітер емес. Түркіменстан билігі әлеуметтік жағдайы төмен отбасы мүшелеріне нан, май, жұмыртқаны мемлекеттік субсидия бағдарламасы аясында таратады. Алайда бұл көпшілікке жете бермейді. Елдегі әлеуметтік жағдайдың нашарлығынан сыртқа жұмыс іздеп кетушілер саны соңғы бес жылда үздіксіз артқан. Билік сыртқа кетушілер санын азайту үшін шекарадан өтуге тыйым салу, құжат бермеу сынды әрекеттерге барады.


0232274a-35a4-4619-87d6-28b5dea463ea.jpeg

 

Азаттық радиосының Түркіменстан бойынша бөлімшесі Дашоғыз уәләятының Кероғлы аймағында субсидияланған бағдарлама аясында таратылатын ұнға талас барысында әйел адамның көз жұмғанын жазды. Оқиғадан кейін мемлекеттік дүкеннің сатушысы қамауға алынған. Қайғылы оқиға 14 шілдеде болған. Оқиға Кероғлы елді-мекенінен 3 шақырым жерде орналасқан Ягтылык ауылының №19 мемлекеттік дүкені алдында болғаны анықталды. Ұн алуға кезекке тұрған сәтте жанжал шығып, 45 жастағы әйел баспалдақтан құлап, көз жұмған.

 

«Өткен жұмада Кероғлы аймағында 44 градусқа дейін ыстық болды. Ыстыққа қарамастан дүкен алдында 300-ге жуық адам ұнды бөлуді күтіп, кезекке тұрды. Дүкен маңында көлеңке болмағандықтан адамдар 4 сағатқа жуық күн астында тұруға мәжбүр болды», - дейді Азаттық радиосына есімін жасырып пікір білдірген азамат.

 

Дүкен сатушысы ұнның аз қалғанын айтып, барлығына жетпейтінін жеткізген сәтте адамдар бір-бірін итеріп, жанжал шыққан. Жиналған халық тізім бойынша кіруді ұмытып, дүкенге бірінші болып кіруге ұмтылған. Арты жанжал мен төбелеске ұласқан. Сондай сәттің бірінде 45 жастағы әйел құлап, ауыр жарақаттан көз жұмған. Көз жұмған әйелдің алты баласы болғаны анықталды. 

 

Түркіменстан билігі мемлекеттік субсидиямен жұмыс істейтін дүкендердегі азық-түлік түрін азайтуда. Соңғы үш жылда берілетін азық-түлік саны мен көлемі екі есеге азайған.


Mezgil.kz

 



Ұқсас тақырыптар