Министр жоғалды: Партиядағы талас па, мемлекеттік қылмыскер ме?

Қытайдың СІМ басшысы Цинь Ган міне төртінші апта қатарынан БАҚ пен халық алдында көрінбеді. Қытай интернетінде министрдің тағдырына қатысты түрлі алып-қашпа әңгіме тарауда. Бұған дейін саяси цензура ретінде қауесетке тыйым салынса, бұл жолы әлеуметтік желі жазбалары өшірілмеген. Бұл назар аударарлық жайт дейді Батыстық медиа.


2023-07-11t042637z_1430267116_rc20x0aeiuke_rtrmadp_3_china-politics.jpg

 

Ұлыбританияның Guardian басылымы 57 жастағы дипломаттың «жоғалып кетуі» АҚШ пен Қытай арасында қатынасты жақсарту бағытында кездесулер басталар сәтке тұспа-тұс келгеніне назар аударған. Қытай СІМ министрдің қайда кеткеніне қатысты мардымды жауап бермей отыр. Министрлік өкілдері «министрдің қайда екеніне қатысты нақты ақпаратты білмейтінін» айтса, енді бірі ол еңбек демалысында дейді.

 

Қытайда шенеуніктердің БАҚ алдына шықпай, жоғалып кетуі көбіне олардың тұтқындалуын білдіреді. Әдетте Қытай билігі шенеуніктерді тұтқындағаннан кейін, олардың кінәсін толық мойындаған соң барып хабарлама таратады.

 

Цинь Ган соңғы рет 25 маусым күні Шри-Ланка СІМ басшысымен кездесу өткізген, Содан кейін БАҚ алдына шықпаған. Ол АҚШ қаржы министрлігімен болған келіссөзде көрінбеді. Джон Керримен  климатқа қатысты болған келіссөздер барысында да бой көрсетпеді. Өткен аптада Цинь Ган бастаған топ Индонезияда өтетін АСЕАН саммитіне қатысуы тиіс еді, алайда оның орнына басқа адам барды. Қытай СІМ-і «саммитке министрдің бара алмауы оның денсаулық жағдайына байланысты» деген ақпарат таратты. Қытай мен ЕО арасында келіссөз өтуге тиіс шара да кейінге қалдырылды. Бейжің оның себебін түсіндірмеді, алайда талап бойынша оған СІМ басшысы қатысуы тиіс болатын.

 

Қытай саясатында шенеуніктердің аяқ астынан жоқ болып кететін жайттары аз емес. Араға уақыт салып олардың басым бөлігі мемлекеттік қылмыскер ретінде айыпталып жатады. Кей жағдайда олар ұзақ уақыт ақпарат алаңында болмағанын түсіндірместен қайта пайда болып, бұрынғы лауазымын жалғастыра беретін сәттер де кездеседі. Си Цзиньпиннің өзі бірнеше апта БАҚ құралдары алдында көрінбей кеткен сәттер болған. Батыс сарапшылары көп жағдайда бұл коммунистік партия ішіндегі өзара билікке таласты білдіреді дейді.  

 

Қытайдың Baidu желісінде соңғы аптада министрді іздеушілер саны күрт артқан. «Цинь Ган» деп іздеу жолағына жазу 5000%-ға көбейген. Тіпті министрді іздеушілер саны кино актерлерін іздеушілер санынан да асып түскен. Бір ақпарат көздері министрдің екінші заңсыз некесі болғандығын, сол бойынша оның үстінен тексеріс жүріп жатқандығын айтады.


Mezgil.kz

 



Ұқсас тақырыптар