Татар студенттері тұтқын-құлға айналған: Дрондар құрастыруда

Татарстанда колледж студенттерін ирандық дрондарды құрастыруға күштеп жұмсап жатыр.

1690272758942993.jpg

Тhe Wall Street Journal-дың жазуынша, Ресей мен Иран билігі бірігіп, Қазан қаласынан 200 шақырым қашықтықта орналасқан Елабуга қаласында ирандық камикадзе-дрондар Shahed-136-ны шығаратын ірі зауыт салуды жоспарлап отыр. Зауыт алдағы жылдары кем дегенде 6000 дрон жасап шығара алады.

«Протокол» басылымы мен «РЗВРТ» Youtube арнасының хабарлауынша, қазірдің өзінде Иранның Shahed дрондарын құрастыруға Татарстандағы «Алабуга Политех» колледжінің жүздеген студенті жұмысқа тартылған. Алдымен 15-17 жастағы жасөспірімдер жұмыс істесе, қазір барлық курстың студенттері дрон құрастырумен айналысады.

Басылымның хабарлауынша, студенттерге жасап жатқан жұмысы туралы айтуға тыйым салынған. Ережені бұзған жағдайда ірі мөлшерде айыппұл салынады. Айыппұл көлемі – 1,5-2 млн рубль. Ал еңбекке күштеп жегілген студенттерге айына 30-40 мың рубль еңбекақы төленеді екен.

Студенттер қатаң бақылауда. Олардың мобильдік құрылғылары тыңдауға қойылған. Өздері бейнебақылаудың астында жұмыс істеп жатыр. Егер студенттер жұмыс істеуден бас тартса, олар оқудан шығарылатыны айтылған.

Аталған шартқа көнбегендерді жазалаудың да арнайы формалары енгізілген. Пейнтбол ойыны арқылы Екінші дүниежүзілік соғыс эпизодтарын реконструкциялап, жазаланушы студенттерді резеңке оқтарман атқылайды, жауынды күні жертөле қаздырады, соққыға жығады делінген БАҚ-тағы ақпаратта. Мұндай талапқа шыдамаған 2 студент өз-өзіне қол салған.

Осыған дейін Ресей Мемлекеттік Думасы бюджет есебінен оқитын студенттерді тылдағы еңбекке жегу туралы заң талаптарына өзгерісті қарастырған.

Mezgil.kz


Ұқсас тақырыптар