Қытай СІМ-і ауысты: Елішілік саяси тартыс күшейді

Қытайдың Сыртқы істер министрі Цин Ган қызметінен босатылып, оның орнына бұрынғы сыртқы істер министрі болған Уаң И қайта жайғасты. Бұған дейін Цин Ган бір айдан бері жұрт көзінен таса болған.

1690359998257528.jpg

Сейсенбі күнгі отырыста Қытайдың жоғарғы заң шығарушы органы Уаң Иді Сыртқы істер министрі етіп тағайындауға дауыс берді. Цин Ган Сыртқы істер министрі қызметінен босатылды, деп хабарлады Синьхуа агенттігі.

Жарлыққа Ши Жинпиң қол қойған. Хабарламада Цин Ганның не үшін орнынан алынғаны жайлы ештеңе жазылмаған.

Цин Ган Ши төрағаның ең жақын серіктесінің бірі ретінде белгілі. Оның мансап жолында тез көтерілуіне сарапшылар Қытай басшысымен жақсы қарым-қатынасы себеп болғанын айтады.

Соған қарамастан Цин Ганның қызметтен шеттетілуі «Қытайда билікке талас жүріп жатқанын білдірмей ме?» деген болжам бар.

57 жастағы бұрынғы Қытайдың сыртқы істер министрі Цин Ган 25 маусымда соңғы рет көпшілік алдына шыққан. Ол Бейжіңнің Америкамен қарым-қатынасын жақсартпақ болған уақытында жоғалып кетті. Кейінірек Сыртқы істер министрлігі «ол денсаулығының нашарлап кеткеніне байланысты жұмысқа шықпай жүр» деп түсіндірді. 

Қытай интернет сегментінде оның жоғалуына байланысты әртүрлі болжамдар айтылды. Қызық болғанда, ешқандай пікір бұғатталмады.

Қытайдың тәжірибесі көрсеткендей, егер шенеунік еш себепсіз ұзақ уақытқа көрінбей кетсе, оның үстінен қылмыстық іс қозғалып жатуы мүмкін немесе ештеңе болмағандай билікке қайтып оралады.

Ши төрағаның өзі сайлау кезінде екі аптаға жоғалып кеткен. Сол кезде екі нұсқа қарастырылды, бірі-оның денсаулығы күрт нашарлады, екіншісі - Қытай Коммунистік партиясында билікке талас жүріп жатыр.

Бұрынғы СІМ басшысының жоғалып кетуіне байланысты Сингапур Ұлттық Университетінің қызметкері Ян Чун әр түрлі нұсқаның шындыққа айналуы мүмкін екенін айтқан.

«Интернетте цензураның болмауы, билік үшін талас, болмаса сыбайлас жемқорлық, билікті асыра пайдалану не болмаса жұмыстағы романтикалық қарым-қатынастың болуы мүмкін екенін аңғартады», - деген болатын сарапшы.

Цин Ган 2022 жылдың желтоқсанында Сыртқы істер министрі болып тағайындалған. Оған дейін АҚШ-та елші болады.

Ол Ши төрағамен етене жақын болып, оның шетелге сапарларын ұйымдастыруға көмектесіп жүрген.

Mezgil.kz


Ұқсас тақырыптар