"ФСБ өрте деді": Кеше Ресейде 9 военкоматқа от қойылды

31-шілде күні Ресейдің түрлі аймақтарында 9 военкоматты өртеу фактілері тіркелді. Бұл туралы ресейлік Baza телеграм арнасы жариялады.


Россиянин пытался сжечь военкомат в Новосибирске, но ничего не удалось - 24  Канал

 

Санкт-Петербург қаласында 53 жастағы ер азамат орталық аудандардың бірінде орналасқан военкоматқа от қойып, артынша көлігімен ғимараттың қақпасын бұзып кірмек болған. Ол лақтырған Молотов коктейлі дұрыс жанбай, күзетшілер военкоматтың шатырындағы өртті жылдам сөндірген. Ол военкоматты өртеуге «ФСБ қызметкерлері» хабарласып, нұсқаулық бергенін айтады. Оған Ресей заңнамасы бойынша бес жылға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалуы мүмкін. Ал ФСБ "военкоматты өртеуге қатысты украин тыңшылары жаңа әрекетке көшті" дейді. 

 

Шілденің соңғы күнінде Калуга, Подольск, Можайск, Омбы, Верхнеуральск, Копейск және Россошь қалаларындағы военкоматтарды да өртеуге талпыныс болған. Өртеуге тырысқан азаматтардың барлығы да белгісіз нөмірден ФСБ қызметкерлері хабарласып, военкоматтарды өртеуге көндіргенін айтады.

 

Россошь қаласында тәртіп сақшылары 24 жастағы әйел адамды ұстады, ол тарих пәнінің мұғалімі болып шықты. Военкоматты өртеуге телефон алаяқтары көндірді дейді. Ол белгісіз адам хабарласып, военкомат ғимаратында мұғалімнің үстінен несие рәсімдеуге тырысып жатқанын, сондықтан ғимаратты жылдам өртеу керектігін айтты дейді.  Омбы мен Можайск қалаларындағы сценарийлер де дәл осыған ұқсас.

 

Подольск қаласында военкоматты өртеуге екі зейнеткер талпынған. Оларды военкомат маңында тәртіп сақшылары ұстаған. Ал Калуга қаласында 77 жастағы жергілікті тұрғын Суворов көшесіндегі военкоматты өртемек болған. Тәртіп сақшылары 77 жастағы әйелді ұстамақ болған сәтте, ол сөмкесінде граната барын, барлығын жарып жіберетінін айтқан. Алайда сөмкесінен тек қана жанармай құйылған бөтелке табылған.

 

Ресейдің Украинаға басып кірген сәтінен бастап Ресей жерінде 121 военкоматты өртеуге талпыныс болған. Өртеу фактілері көбіне терроризм бабы бойынша тергеліп, кінәлі деп танылғандар ұзақ жылға сотталуда. Осы уақытқа дейін Ресей соты военкоматты өртеуге тырысқан, өртеген 31 істі қарап, 37 адамды 5-19 жыл аралығында бас бостандығынан айырған.


Mezgil.kz

 



Ұқсас тақырыптар