АҚШ Конгрессмені Жеймс Комер жуырда АҚШ президенті Байденге қатысты баяндама жасап, Қазақстанның терең қалталы олигархтары берген қыруар ақша жайлы айтты.
АҚШ саясатшысының сөзінше, 2014 жылы Жо Байден мен оның отбасы Қазақстан, Ресей мен Украина бизнесмендерінен 20 млн доларға жуық ақша алған. Ол кезде Жо Байден АҚШ-тың вице-президенті болған. Бұл туралы «Forbes» жазды.
«Комитет Жо Байден мен оның отбасының банктік шотына бірқатар шет мемлекеттерден миллиондаған долларлардың аударылғанын әшкереледі. Қаражаттар Қытай, Қазақстан, Ресей, Украина мен Румыниядан аударылған. Бұл соманың Байден отбасына не үшін аударылғаны, қандай қызмет түрлері үшін аударылғаны Комитетке беймәлім», - делінген баяндамада.
Комитет бұл ақпаратты банктер берген төлем дерегінен алғанын айтты. Комитет төрағасы, конгрессмен Жеймс Комер президент Жо Байденге қатысы болуы мүмкін халықаралық қаржы операциялар туралы есеп жариялады. Құжатта Жо Байденнің ұлы Хантер Байден негізін қалаған фирмалардың үшеуі жөнінде сөз болады. Олар: «Rosemont Seneca Partners»; «Rosemont Seneca Thornton» және «Rosemont Seneca Bohai».
Азаттықтың жазуынша, Кеңес Рақышев сингапурлық «Novatus Holdings» компаниясының көмегімен 142 300 доллар қаражатты «Rosemont Seneca Bohai» есепшотына аударған. Ертесіне дәл осы көлемдегі ақша Нью-Джерсидегі автосалонға Хантердің спорт көлігі үшін аударылған.
Кеңес Рақышев Қазақстанның 2023 жылғы ең ауқатты 50 адамының рейтингінде 15-ші орында тұрған адам. «Forbes»Рақышевтың дүние-мүлкін 570 млн доллар деп көрсеткен. 2021, 2022 жылдары Рақышевтің ауқаты 1 млрд долланға жуық болған.
Mezgil.kz