Ұлттық идеология: Үкімет «Алашқа тағзым» шеруін қолдады...

Биыл маусымда Мәжілістегі «Ақ жол» депутаттары Үкімет басшысы Әлихан Смайыловтың атына депутаттық сауал жолдап, Ұлттық мемлекет ретінде Ұлттық идеологиямыздың концепциясын қабылдау қажеттігін айтқан болатын.

1692600163739233.jpg

Онда нақты ұсыныс ретінде 6 мәселе көтерілген. Олар:

1. Ұлттық мемлекет ретінде Ұлттық идеологиямыздың концепциясын қабылдау қажет!

2. Алаш арыстарының аттарын ұлықтау мемлекеттік деңгейде жолға қойылып, еліміздің мектептері мен ЖОО-ларда толыққанды Алаштану пәні оқытылуы тиіс.

3. Ел тәуелсіздігі жолында құрбан болған Алаш қайраткерлерінің асқақ рухын қастерлеп, есте қалдыру шаралары (көшелерге, мектептерге, елді мекендерге есімдерін беру, ескерткіштер қою, т.б.) елорда мен өңірлерде тиісті дәрежеде жүзеге асуы қажет.

4. Алаш көсемі Әлихан Бөкейхан бастаған қазақтың мемлекет қайраткерлері атылған - 27 қыркүйекті (1937 жыл) Қанды репрессия құрбандарын, Алаш арыстарын еске алуға арналған және «Алашқа тағзым» күні ретінде белгілеу керек.

5. Қасиетті Тәуелсіздікті жариялаған Қазақ Республикасы Жоғарғы Кеңесің тарихи киелі ғимаратын мемлекетке қайтару қажет.

6. «Ақ жол» фракциясы барлық облысқа жолдаған жергілікті Алаш қайраткерлерінің қасиетті есімдерін ұлықтау шараларын қайта көтеріп, бақылауға алу қажет.

Жуырда Үкімет басшысы аталған депутаттық сауалға жазбаша жауап беріпті. Онда былай дейді...

Құрметті депутаттар!

«Ақ жол» фракциясы мүшелерінің депутаттық сауалын қарап, келесіні хабарлаймын.

Ұлттық идеология тұжырымдамасын қабылдау туралы…

Үкімет отансүйгіштік құндылықтарды қалыптастыру мен қазақстандық бірегейлікті дамыту бойынша кешенді жұмыс жүргізуде.

Ағымдағы жылдың маусым айында Түркістан қаласында өткен Ұлттық құрылтайдың кезекті отырысында Президент жаңа құндылықтар мен жалпыұлттық бірегейлікті нығайту үшін жүйелі жұмыстың негізгі идеологиялық бағыттарын айқындады.

Бүгінгі таңда қолданыстағы тұжырымдамалар мен бағдарламаларда қазақстандық бірегейлікті сақтау үшін ұлттық идеологиялық құндылықтарды ілгерілететін бағыттар көзделген.

Бірінші. 2023 – 2029 жылдарға арналған мәдени саясат тұжырымдамасы қабылданды («Қазақстан Республикасының 2023 – 2029 жылдарға арналған мәдени саясат тұжырымдамасын бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2023 жылғы 28 наурыздағы № 250 қаулысы).

Бұл тұжырымдамада отбасылық, дәстүрлі, ұлттық және қоғамдық құндылықтардың өзара іс-қимылына негізделген өскелең ұрпақты мәдени адамгершілік тәрбиелеудің жаңа тетіктері айқындалған. Іске асыру дәстүрлі құндылықтарды қолдау, адамгершілік бағдарларды қалыптастыру және тілді дамыту, қоғамдық сананы жаңғырту, ұлтты нығайтуға ықпал ететін мәдени тарихи құндылықтар мен дәстүрлерді сақтау арқылы жүзеге асырылатын болады.

2023 – 2029 жылдар кезеңіне идеологиялық ескірген атауларды кезең кезеңімен өзгерту бойынша іс-шаралар жүргізілуде. 2025 жылға дейін өңірлерде 2296 идеологиялық ескірген атауларды өзгерту жоспарлануда. 2030 жылға дейінгі кезеңде бұл көрсеткіш шамамен 6460-қа дейін артады.

Екінші. 2023-2029 жылдарға арналған мемлекеттік жастар саясатының тұжырымдамасы бекітілді («Қазақстан Республикасының Мемлекеттік жастар саясатының 2023 - 2029 жылдарға арналған тұжырымдамасын бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2023 жылғы 28 наурыздағы № 247 қаулысы).

Тұжырымдама жастар арасындағы заманауи құндылықтарға және патриоттық тәрбиеге арналған арнайы бөлімді анықтады. Атап айтқанда, жастар арасында ұлттық құндылықтарды насихаттауға, азаматтық белсенділікті, патриоттық тәрбиені, салауатты өмір салтын, мәдениет пен білім беруді дамытуға ерекше көңіл бөлінеді.

Жалпы, интернеттегі контентті белсенді пайдаланатын жастар қазақстандық идеологияны заманауи медиа құралдар арқылы ілгерілететін жаңа пікір көшбасшыларының әлеуетті аудиториясын ұсынады.

Үшінші. Мемлекет пен қоғамның одан әрі дамуына ықпал ететін, халықтың мүдделеріне сай келетін құндылық-идеологиялық бағдарларды айқындайтын ақпараттық доктрина бекітілді (Қазақстан Республикасы Президентінің «Қазақстан Республикасы Ақпараттық доктринасын бекіту туралы» 2023 жылғы 20 наурыздағы. № 145 Жарлығы).

Доктринада қабылданатын шаралар отандық ақпараттық өнімнің бәсекеге қабілеттілігін арттыруға ықпал жасап, ақпараттық өрістің идеологиялық бағыттарында ұлттық құндылықтардың үстемдігін қамтамасыз етеді.

Доктринаның мақсаты елдің ақпараттық қауіпсіздігі мен идеологиялық егемендігін қамтамасыз ету, қазіргі заманғы үрдістерді қалыптастыру және қоғамды шоғырландыруға және азаматтық бірегейлікті нығайтуға бағытталған сын-қатерлерге жауап беретін ақпараттық саясатты құру болып табылады.

Жалпы, жоғарыда аталған бағдарламалық құжаттар мен тұжырымдамалар ел дамуының ұлттық идеологиясының стратегиялық бағыттарын қамтиды.

Алаш қайраткерлерін еске алу және еске алу бойынша қабылданып жатқан шаралар туралы.

Өздеріңіз білетіндей, жыл сайын 31 мамыр күні саяси қуғын-сүргін құрбандарын Еске алу күні атап өтіледі. Бұл күні өткізілетін іс-шаралар (ғылыми-практикалық конференциялар, семинарлар, көрмелер, кездесулер, жинақтар, кітаптар шығару, ғылыми мақалалар жариялау, ескерткіштерге гүл шоқтарын қою рәсімдері және т. б.) ұлттық идеологияны дамытудағы маңызды рөлді айқындайды, оларға мемлекет және қоғам қайраткерлері, шет мемлекеттердің елшілері, азаматтық қоғам, жастар және БАҚ өкілдері қатысады.

Сондай-ақ, Парламент Мәжілісі депутаттарының бастамасымен жыл сайын «Алашқа тағзым» іс-шаралары өткізіледі. Іс-шаралар республикалық және өңірлік БАҚ-та, әлеуметтік желілерде кеңінен жарияланады (ағымдағы жылғы қаңтардан бастап БАҚ-та барлығы 721 материал жарияланды: телеарналарда – 321, баспа БАҚ-та-218, интернет-ресурстарда-191).

«Алаш» қайраткерлерінің құрметіне олардың есімдерімен елді мекендер (ауыл, аудан – 5), объектілер (көше, даңғыл, алаң және т.б. – 328), мекемелер аталды.

Қазақстан Республикасының 2025 жылға дейінгі «Білімді ұлт» сапалы білім «Ұлттық даму жоспарын іске асыру шеңберінде уәкілетті орган орта білім беру мектептерінің 9-сыныбына арналған «Алаштану» үлгілік оқу бағдарламасын әзірледі «Алаш» қозғалысы мен ұлттық мемлекет идеясын қамтитын «Қазақстан тарихы» жалпы білім беретін пәнінің үлгілік оқу бағдарламасы өзектендірілді.

Қазақ Республикасы Жоғарғы Кеңесінің бұрынғы ғимаратын мемлекет меншігіне беруге қатысты.

Қолданыстағы заңнамаға сәйкес Қазақстан-Британ техникалық университетінің ғимараты мемлекеттің қорғауында («Тарихи-мәдени мұра объектілерін қорғау және пайдалану туралы» Қазақстан Республикасының 2019 жылғы 26 желтоқсандағы № 288-VI Заңы).

Бұдан басқа, бұл ғимарат Республикалық маңызы бар тарих және мәдениет ескерткіштерінің мемлекеттік тізіміне енгізілген («Республикалық маңызы бар тарих және мәдениет ескерткіштерінің мемлекеттік тізімін бекіту туралы» Қазақстан Республикасының Мәдениет және спорт министрінің 2020 жылғы 14 сәуірдегі № 88 бұйрығы).

Жалпы, депутаттық сұрау салуда көрсетілген өзекті мәселелер бойынша жүйелі жұмыс жолға қойылған және уәкілетті органның тұрақты бақылауында.

Әлихан Смайылов

Mezgil.kz


Ұқсас тақырыптар