Украина қарсы шабуылы: Көк ұлдар Мелитопольді бетке алып барады...

Украинаның 47-ші бригадасы оккупациядағы Запорож облысының Работино елдімекеніне кіргені белгілі болды. Бұл туралы Украина қорғаныс министрінің орынбасары Анна Маляр мәлімдеді.

1692700304563232.jpg

Работина Запорож облысындағы қуықтай ғана елдімекен. Халқының саны 500 адамды құрайды. Басқыншылар 2022 жылдың наурызында басып кірген. Работина Украина әскері үшін несімен маңызды?  Биыл жазда Украинаның қарсы шабуылы дәл осы нүктеден басталған. Осы шағын ауыл үшін 2-3 айдан бері кескілескен шайқас жүріп жатыр. Соңғы 2-3 күнде Ресей әскері шегінуге мәжбүр болғаны айтылуда.

«Біздің әскер Работинода алға жылжуда. Маңызды нүктелерді бағындырдық. 2 ай қанқасап шайқас жасадық. Біздің бригада көп эшелонды жау қорғанысын бұзды», - делінген 47-ші бригаданың мәлімдемесінде.

Бұл стратегиялық маңызды нүкте. Себебі: Работино Ореховадан Токмакқа қарай созылып жатқан автожолдың бойында орналасқан. Работинодан Ресей армиясының логистикалық хабына дейін 20 шақырым ғана. Әрі қарай, Токмактан оңтүстікке қарай Мелитополь. Мелитополь Украина әскерінің басты межелерінің бірі.

Сол үшін де Украина әскері 2023 жылдың маусымында қарсы шабуылды дәл осы Работино бағытында бастаған еді. Бұл бағыттағы қарсы шабуылдың басты локомотиві «Магура» дейтін механизацияланған 47-ші бригаданың құрылуы. Бригаданың басты міндеті: Работиноға дейінгі жыпырлай миналанған даланы бұзып өтіп, елдімекенді бағындыру, сосын Работинодан шыға берістегі Ресей әскерінің негізгі қоршауына шығу болған.

Алайда әуелгі жоспарланған тактика сәтсіздікке ұшырап, Украина әскері Ресей әскерінің қарсылығына тап болды. Техникалар миналарға түсіп, жүріс кідірістеді. Алайда, Украина әскери басшылығы амал тапты. Біріншіден, бронды танктердің ірі колонналарымен шабуылдаудан бас тартты. Екіншіден, Работиноны шығыстан батысқа қарай айналып өтетін жол тапты. Дәл осы шешім іске асып, Украина әскері Работино мен Вербовое елдімекендерінің арасына орналасты. Сөйтіп, Ресей әскері тығырыққа тіреліп, жартылай қоршауда қалды. Ал Украина әскері Ресейдің негізгі қорғаныс шебіне шығып үлгерді.

Mezgil.kz


Ұқсас тақырыптар