Ұлттық идеологияның негізі - Мемлекеттік тіл туралы заң, Әлихан мырза!

Ұлттық идеология және ҚР Жоғарғы Кеңесінің бұрынғы ғимаратын мемлекетке қайтару туралы...

1693296476267926.jpg

2023 жылы 27 маусымда өткен ҚР Парламенті Мәжілісінің жалпы отырысында Мәжіліс депутаты, «Ақ жол» фракциясы мүшесі Қазыбек Иса Алаш идеясын Ұлттық идеологиямыз етіп, Ұлттық мемлекет ретінде дамудың уақыты жеткенін мәлімдеген депутаттық сауалын жариялаған еді.

ҚР Премьер-Министрі Ә. Смайыловқа жолдаған сауалда «Ұлттық мемлекет ретінде ұлттық идеологиялық концепция қабылдау қажет!» - деген талап қойылды.

Сонымен бірге халық қазынасын халыққа қайтару мақсатында қасиетті Тәуелсіздікті жариялаған Жоғары Кеңестің тарихи киелі ғимаратын отбасыдан отанға қайтару керектігін көтерген еді.

Жақында «Ақ жол» фракциясының осы сауалына Премьер-министр Ә.Смайыловтың жауабы келді.

*Мақсат - елдің идеологиялық егемендігін қамтамасыз ету!

*Қабылданған тұжырымдамалар ұлттық идеологияның стратегиялық бағыттарын қамтиды!

*2025 жылға дейін 2296 идеологиялық ескірген атаулар өзгертіледі!

*Жыл сайын «Алашқа тағзым» іс-шаралары өткізіледі!

*Орта білім беру мектептерінің 9-сыныбына арналған «Алаштану» үлгілік оқу бағдарламасын әзірледі.

*«Алаш» қозғалысы мен ұлттық мемлекет идеясын қамтитын «Қазақстан тарихы» жалпы білім беретін пәнінің үлгілік оқу бағдарламасы өзектендірілді!

*Қазақстан-Британ техникалық университеті иеленген ҚР Жоғарғы Кеңесінің бұрынғы ғимараты мемлекеттің қорғауында, делінген ресми жауапта.

Алдымен Қазыбек Иса жариялаған аталмыш депутаттық сауалдың өзін еске сала кетейік.

2022_11_12_220916115657926e.jpg

ҰЛТТЫҚ МЕМЛЕКЕТ РЕТІНДЕ ҰЛТТЫҚ ИДЕОЛОГИЯЛЫҚ КОНЦЕПЦИЯ ҚАБЫЛДАУ ҚАЖЕТ!

Биыл 32 жылдығы аталып өтетін Қазақ Елі Тәуелсіздігі жолындағы ғасырлар бойғы жанқиярлық күрестердің ішінде Алаштың орны айрықша! Әлихан Бөкейхан бастаған Алаш арыстары Азаттық жолындағы ұлы майданда ұлт болашағы үшін саналы түрде құрбандыққа бара білуімен қандай жоғары құрметке де лайықты.

Басты Ұраны - Жерді сатпау, Елді сақтау,Тілді сақтау болған Алаш арыстарын аттарын Қазақ парламенті тарихында ең алғаш 2007 жылы “Ақ жол” партиясы атап, мәселе көтерді. 2012 жылы парламентте «Ақ жол» фракциясы құрылғалы бері Алашқа байланысты 30-дан астам депутаттық сауал жасады.

Биыл «ХХІ ғасырдағы Алаштың Ақ жолы» жалпыхалықтық байқауы 12-ші рет өтеді. Алашқа арналып бес рет халықаралық мүшәйра өткіздік.

«Ақ жол» партиясының Саяси бағдарламасында Алашқа басым бағыт беріліп, «Алаш идеясы - Ұлттық идеямыз!» - деп атап көрсетілген!

Кезінде айтуға тыйым салынған Алаш тақырыбы соңғы кезде кең тарала бастағаны қуанышты тенденция. Кешегі «Алаштың атын айтқызбаймыз» деген идеология тізгінін ұстаған шенеуніктер бүгінде Астанадағы Алаш көсемдері ескерткішін айналып өтіп жатқан болар...

Еліміздің түкпір-түкпіріндегі Алаш ұстанымын насихаттаған, сол үшін құрбан болған жергілікті Алаш қозғалысы қайраткерлерінің ерліктері ескерілмей, есімдері әліге дейін белгісіз болып отырғаны өкінішті. Бұлардың бәрі Тәуелсіз Қазақ Елі үшін құрбан болғандар! «Әруақ риза болмай, тірі байымайды» деген дана халқымыздың сөзін ұмытуға болмайды.

Сол себептен, 2019 жылы «Ақ жол» партиясы «Алаш» институтымен бірлесіп, бұрын белгісіз болып келген 700-ден астам жергілікті Алаш қайраткерлерінің тізімін дайындады. Әрбір облыс, қала әкімдеріне сол жерге қатысы бар, сол жерден шыққан Алашшыл азаматтардың тізімі жіберіліп, олардың аттарын жергілікті жердегі көше, мектеп, т.б. нысандарға беруді ұсынған болатынбыз.

Алайда, нәтиже шамалы. Бір ғана мысал, біз Шығыс Қазақстан облысы әкімдігінің өзіне ғана Алаш арманы үшін айқасқан 125 адамның тізімін жібердік! Осы 125 батырдан бір адамның аты да ескерілген жоқ.

Ең өкініштісі - осындай жағдай барлық облыстар мен қалаларда да қалыптасып отыр.

Жалпы, бізде мемлекет тарапынан бекітілген тізім бар, соған енген тұлғалар ғана әлгідей құрметке ие бола алады. Ол тізімге көп Алаш қайраткерлері кірмеген. Ал Кеңес империясына қызмет еткендер әлі төрден түспей келеді.

Тәуелсіздіктің 30 жылдығында: «Біз кезінде елге қызмет етудің озық үлгісін көрсеткен Алаш қайраткерлерінен тағылым аламыз. Олар өткен ғасырдың басында Тәуелсіздік идеяларын халық арасында дәріптеуге зор еңбек сіңіріп, азаттық жолында құрбан болды. Осындай біртуар тұлғаларды еске алып, олардың мұрасын жастарымызға және бүкіл әлемге паш етуіміз керек», - деп, атап көрсеткен ҚР Президенті Қ.Тоқаев таяуда Түркістанда өткен Ұлттық Құрылтайда: «Шын мәнінде, қазақтың қайсар рухы ешқашан сынбаған. Керісінше, әрбір қиындық жұртымыздың жігерін жанып, халықты шыңдай түскен. Алаш рухы Қазақ мемлекетімен бірге мәңгі жасайды», - деп мәлімдеді. Сонымен қатар: «Ономастика саласы тарихи сана-сезімді жаңғыртудың маңызды идеологиялық құралы екені белгілі. Кейбір адамдардың қалауымен жалған өмірбаяны әдейі қолдан жазылған Кеңес дәуірінің қайраткерлері бар. Ондай жасанды тұлғалардың есімін түрлі нысандарға беруді доғару қажет!» - деп, турасын айтты.

Яғни, мемлекет басшысының сөзін іске асырып, кешегі кеңес дәуірі қайраткерлерінің бәрінің аттарының орнына Алаш қайраткерлерінің аттарын беру қажет!

Біз отыз жыл бойы арамшөпті тамырымен жоймай, тіпті шөбін де шаппай, оның үстіне дән сеуіп келдік. Енді ғана «еккен егініміз қайда?» деп, есімізді жиып жатырмыз.
Яғни, Ұлттық идеология отарсыздану саясатымен қатар жүруі қажет!

Мәскеудегі Әлихан Бөкейхан бастаған Алаш арыстары жатқан жерді жаңғыртып, барғандар тағзым ететіндей киелі орынға айналдыру үшін Сыртқы істер министрлігіміз сындарлы саясат жасап, қайрат көрсетуі қажет.

Алаш көсемі Әлиханның басын жаңғырта алмай, Қазақ көсемі Хан Кененің басын қайтара алмай жүруіміз де ұлттық идеологиямыздың жоқтығынан екені анық.

«Ақ жол» партиясы талай ұсынғандай, 2016 жылы Әлихан Бөкейханның 150 жылдығында Қарағанды қаласындағы Октябрь ауданы Алаш көсемінің атына берілуі тиіс еді. Ақорда келісім беріп қойған мәселе Қарағандыдағы бес коммунист кемпір-шалдың қарсы болуына бола, 5 жыл кешігіп, 2021 жылы берілді. «АЛАШ ақыры Октябрьді жеңді! Октябрьдің аты өшіп, ӘЛИХАН ауданына айналды!» - деп жаздық сол кезде.

«Мың өліп, мың иірілген» Қазақ Елі қанша ғасыр күресіп жеткен қасиетті Тәуелсіздік ұғымын еліміздің ең басты ұлттық құндылығы ретінде қастерлей білуіміз қажет! Ал бабаларымыз талай рет қанын төгіп, жанын қиып, армандап кеткен Тәуелсіздікті қабылдап, ең алғаш әлемге жариялаған Қазақ Республикасы Жоғары Кеңесінің киелі ғимаратын отыз жыл бойы ойына келгенін істегендер иеленіп алып, қазақша атын жаза алмайтындар қазақтың қасиетті орнының шаңын шығарып жатыр.

Яғни, Отанымыздың тарихи ордасы отбасының меншігіне айналып кетті!.. Әділетті Қазақстанда қашан әділеттілік орнап, қасиетті ғимаратымызды қайтарып аламыз? «Ақ жол» партиясы 10 жылдан бері көтеріп, жақында қабылданған заңсыз иеленген активтерді қайтарып алатын заңымызды осы ең басты тарихи ғимаратымызды мемлекетке қайтарудан бастау керек!

«Ақ жол» партиясы 10 жылдан бері «Алашқа тағзым» шеруін өткізіп келеді. Былтыр бұл бастамамызды және Қазақстан Азаматтығын алу үшін мемлекеттік тілден емтихан тапсыру керек деген ұсынысымызды Үкімет Премьер-министрі Әлихан Асханұлы, өзіңіз қолдадыңыз. Сондықтан енді бұл «Алашқа тағзым» күнін мемлекеттік деңгейде өткізетін уақыт жетті. Биыл 21 сәуірде «Ақ жол» партиясы Ұлттық кеңесінде ұсынғанымыздай, 1937 жылы қазақтың қос премьері - Алашорда үкіметінің төрағасы болған Әлихан Бөкейхан мен Қазақ автономиялы республикасы үкіметінің төрағасы болған Нығмет Нұрмақұлы екеуін Мәскеуде бір күнде атқан - 27 қыркүйекті қазаққа қарсы жасалған зобалаң - Қанды репрессия құрбандарын еске алуға арналған «Алашқа тағзым» күні ретінде белгілеу керек.

Өткенін ұлықтай алмаған елдің болашаққа қадамы әлсіз болады. Тәуелсіздігіміздің бастауында тұрған Алаш қозғалысы тарихына мектеп оқулықтарында кешеге дейін бір жарым бет қана беріліп келді. Соның салдары Алаш жайлы анық ақпараттар жеткіліксіз болғандықтан, қазір әлеуметтік желілерде негізсіз, дәлелсіз айыптаулар мен қате тұжырымдар кездесіп қалады. Сондықтан еліміздің мектептері мен ЖОО-ларда толыққанды Алаштану пәні оқытылуы керек.
Алаш арыстарын ұлықтау Мемлекеттік деңгейде жолға қойылуы қажет.

Тәуелсіздігіміздің баянды болуы үшін енді бізге ұлт болып ұйысу – ең маңызды міндет. Алаш идеясы – ұлттық мемлекет құру еді. Ендеше, Ұлттық идеологиялық концепция қабылдап, Ұлттық мемлекет ретінде дамыйтын уақыт жетті!

Нақты ұсыныстарымыз:

1.Ұлттық мемлекет ретінде Ұлттық идеологиямыздың концепциясын қабылдау қажет!

2. Алаш арыстарының аттарын ұлықтау мемлекеттік деңгейде жолға қойылып, еліміздің мектептері мен ЖОО-ларда толыққанды Алаштану пәні оқытылуы тиіс.

3. Ел тәуелсіздігі жолында құрбан болған Алаш қайраткерлерінің асқақ рухын қастерлеп, есте қалдыру шаралары (көшелерге, мектептерге, елді мекендерге есімдерін беру, ескерткіштер қою, т.б.) елорда мен өңірлерде тиісті дәрежеде жүзеге асуы қажет.

4. Алаш көсемі Әлихан Бөкейхан бастаған қазақтың мемлекет қайраткерлері атылған - 27 қыркүйекті (1937 жыл) Қанды репрессия құрбандарын, Алаш арыстарын еске алуға арналған және «Алашқа тағзым» күні ретінде белгілеу керек.

5. Қасиетті Тәуелсіздікті жариялаған Қазақ Республикасы Жоғарғы Кеңесінің тарихи киелі ғимаратын мемлекетке қайтару қажет.

6. «Ақ жол» фракциясы барлық облысқа жолдаған жергілікті Алаш қайраткерлерінің қасиетті есімдерін ұлықтау шараларын қайта көтеріп, бақылауға алу қажет.

Енді Премьер-Министр Ә. Смайыловтың жауабымен танысыңыздар.

2023_01_19_053320025900.jpg

ҚАБЫЛДАНҒАН ТҰЖЫРЫМДАМАЛАР ҰЛТТЫҚ ИДЕОЛОГИЯНЫҢ СТРАТЕГИЯЛЫҚ БАҒЫТТАРЫН ҚАМТИДЫ

Құрметті депутаттар!

«Ақ жол» фракциясы мүшелерінің депутаттық сауалын қарап, келесіні хабарлаймын.

Ұлттық идеология тұжырымдамасын қабылдау туралы.

Үкімет отансүйгіштік құндылықтарды қалыптастыру мен қазақстандық бірегейлікті дамыту бойынша кешенді жұмыс жүргізуде.

Ағымдағы жылдың маусым айында Түркістан қаласында өткен Ұлттық құрылтайдың кезекті отырысында Президент жаңа құндылықтар мен жалпыұлттық бірегейлікті нығайту үшін жүйелі жұмыстың негізгі идеологиялық бағыттарын айқындады.

Бүгінгі таңда қолданыстағы тұжырымдамалар мен бағдарламаларда қазақстандық бірегейлікті сақтау үшін ұлттық идеологиялық құндылықтарды ілгерілететін бағыттар көзделген.

Бірінші. 2023 – 2029 жылдарға арналған мәдени саясат тұжырымдамасы қабылданды.

Бұл тұжырымдамада отбасылық, дәстүрлі, ұлттық және қоғамдық құндылықтардың өзара іс-қимылына негізделген өскелең ұрпақты мәдени-адамгершілік тәрбиелеудің жаңа тетіктері айқындалған. Іске асыру дәстүрлі құндылықтарды қолдау, адамгершілік бағдарларды қалыптастыру және тілді дамыту, қоғамдық сананы жаңғырту, ұлтты нығайтуға ықпал ететін мәдени-тарихи құндылықтар мен дәстүрлерді сақтау арқылы жүзеге асырылатын болады.

2023 – 2029 жылдар кезеңіне идеологиялық ескірген атауларды кезең-кезеңімен өзгерту бойынша іс-шаралар жүргізілуде. 2025 жылға дейін өңірлерде 2296 идеологиялық ескірген атауларды өзгерту жоспарлануда. 2030 жылға дейінгі кезеңде бұл көрсеткіш шамамен 6460-қа дейін артады.

Екінші. 2023-2029 жылдарға арналған мемлекеттік жастар саясатының тұжырымдамасы бекітілді.
Тұжырымдама жастар арасындағы заманауи құндылықтарға және патриоттық тәрбиеге арналған арнайы бөлімді анықтады.

Атап айтқанда, жастар арасында ұлттық құндылықтарды насихаттауға, азаматтық белсенділікті, патриоттық тәрбиені, салауатты өмір салтын, мәдениет пен білім беруді дамытуға ерекше көңіл бөлінеді.

Жалпы, интернеттегі контентті белсенді пайдаланатын жастар қазақстандық идеологияны заманауи медиа құралдар арқылы ілгерілететін жаңа пікір көшбасшыларының әлеуетті аудиториясын ұсынады.

Үшінші. Мемлекет пен қоғамның одан әрі дамуына ықпал ететін, халықтың мүдделеріне сай келетін құндылық-идеологиялық бағдарларды айқындайтын ақпараттық доктрина бекітілді.

Доктринада қабылданатын шаралар отандық ақпараттық өнімнің бәсекеге қабілеттілігін арттыруға ықпал жасап, ақпараттық өрістің идеологиялық бағыттарында ұлттық құндылықтардың үстемдігін қамтамасыз етеді.

Доктринаның мақсаты елдің ақпараттық қауіпсіздігі мен идеологиялық егемендігін қамтамасыз ету, қазіргі заманғы үрдістерді қалыптастыру және қоғамды шоғырландыруға және азаматтық бірегейлікті нығайтуға бағытталған сын-қатерлерге жауап беретін ақпараттық саясатты құру болып табылады. Жалпы, жоғарыда аталған бағдарламалық құжаттар мен тұжырымдамалар ел дамуының ұлттық идеологиясының стратегиялық бағыттарын қамтиды.

Алаш қайраткерлерін еске алу және еске алу бойынша қабылданып жатқан шаралар туралы.

Өздеріңіз білетіндей, жыл сайын 31 мамыр күні саяси қуғын-сүргін құрбандарын Еске алу күні атап өтіледі. Бұл күні өткізілетін іс-шаралар (ғылыми-практикалық конференциялар, семинарлар, көрмелер, кездесулер, жинақтар, кітаптар шығару, ғылыми мақалалар жариялау, ескерткіштерге гүл шоқтарын қою рәсімдері және т. б.) ұлттық идеологияны дамытудағы маңызды рөлді айқындайды, оларға мемлекет және қоғам қайраткерлері, шет мемлекеттердің елшілері, азаматтық қоғам, жастар және БАҚ өкілдері қатысады.

Сондай-ақ, Парламент Мәжілісі депутаттарының бастамасымен жыл сайын «Алашқа тағзым» іс-шаралары өткізіледі. Іс-шаралар республикалық және өңірлік БАҚ-та, әлеуметтік желілерде кеңінен жарияланады (ағымдағы жылғы қаңтардан бастап БАҚ-та барлығы 721 материал жарияланды: телеарналарда – 321, баспа БАҚ-та-218, интернет-ресурстарда-191).

«Алаш» қайраткерлерінің құрметіне олардың есімдерімен елді мекендер (ауыл, аудан – 5), объектілер (көше, даңғыл, алаң және т.б. – 328), мекемелер (кітапхана, мектеп, колледж, ЖОО – 101) аталды.

Қазақстан Республикасының 2025 жылға дейінгі «Білімді ұлт» сапалы білім «Ұлттық даму жоспарын іске асыру шеңберінде уәкілетті орган орта білім беру мектептерінің 9-сыныбына арналған «Алаштану» үлгілік оқу бағдарламасын әзірледі «Алаш» қозғалысы мен ұлттық мемлекет идеясын қамтитын «Қазақстан тарихы» жалпы білім беретін пәнінің үлгілік оқу бағдарламасы өзектендірілді.

Қазақ Республикасы Жоғарғы Кеңесінің бұрынғы ғимаратын мемлекет меншігіне беруге қатысты.

Қолданыстағы заңнамаға сәйкес Қазақстан-Британ техникалық университетінің ғимараты мемлекеттің қорғауында.

Бұдан басқа, бұл ғимарат Республикалық маңызы бар тарих және мәдениет ескерткіштерінің мемлекеттік тізіміне енгізілген.

Жалпы, депутаттық сұрау салуда көрсетілген өзекті мәселелер бойынша жүйелі жұмыс жолға қойылған және уәкілетті органның тұрақты бақылауында.

ҰЛТТЫҚ ИДЕОЛОГИЯНЫҢ НЕГІЗІ - МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛ ТУРАЛЫ ЗАҢ

Ең алдымен Премьер-министр Әлихан Смайылов мырзаға барынша жауап беруге тырысқаны үшін рахмет айтамыз.

Бірақ, Ұлттық идеологиялық концепция қабылдау керек деген ұсынысымызға осы уақытқа дейін қабылданған тұжырымдар мен доктриналарды мысалға келтіріпті.

Бірден айтарымыз, ол көп тұжырымдардың, бағдарламалардың барлығы қағаз жүзінде ғана, ешқайсысы іске аспай келеді.

Мысалы осы уақытқа дейін қабылданған Тіл саясаты туралы мемлекеттік бағдарламалар және енді талқыланып жатқан 2023-2029 жылдарға арналған Тіл саясаты туралы тұжырымдама!

Тіл тұжырымдамасы қабылданбай жатып-ақ, шу шықты. Тәуелсіздік алса да, отыз жылдан астам көлеңкесінен қорқып, мемлекеттік қызметкерлері мемлекеттік тілді білмегендіктен және қажет етпейтін, қарсылықтарын солтүстіктегі көрші елге деген үреймен жасырып-жауып келе жатқан билік Тіл тұжырымдамасындағы «Мемлекеттік тіл туралы заң қабылдауды әзірлеу қажет» деген жалғыз нақты, ең басты тұжырымды алып тастады.

Бұған қарсы біз «Қазақ тіліне Қазақ үкіметі тағы да қарсы шықты!» деп мәселе көтеріп, 11 депутат қарсы үн қаттық.

Сол кездегі вице-премьер А.Көлгінов парламентке кабинетімізге келіп кездесіп, бұл тұжырымды Тұжырымдамаға қайта қосу үшін Үкіметке келіссөзге шақырған еді.

Бірақ өзі қызметінен кетіп қалды. Кейін оның орнына вице-премьер болып келген Тамара Дүйсенованы парламентте бекітерде оған да бұл міндетті жүктегенбіз. Енді алдағы қыркүйектен бастап қызу жұмыс басталады.

Сондықтан «Ақ жол» партиясы парламенттегі бір топ депутаттармен, қоғамдық ұйымдармен бірігіп, Мемлекеттік тіл туралы заң жобасын әзірледік. Енді соны парламентте қабылдау үшін іске қосу керек. Бұл жолда Үкімет қолдай ма, тағы қарсы бола ма, оны кезінде бүкіл ел білетін болады.
Барлық Ұлттық идеологияның, мәдениет пен руханияттың негізі, қайнар көзі - Мемлекеттік тіл - Қазақ тілі! Тіл тек идеологиялық, рухани күш қана емес, әлеуметтік-экономикалық та қуат! Бұл әлемдік тәжірибеде айқын дәлелденген.

Қазыбек Иса және «Ақ жол» партиясының депутаттары

Mezgil.kz


Ұқсас тақырыптар