Елге жексұрын екеу: Біз бірікпесек, басқа ешкім бізбен бірікпейді!

Ресейге Солтүстік Корей басшысы Ким Чен Ын барды. Бүкіл әлемдік БАҚ екеудің кездесуін аңдып қарап отыр.  Оған себеп те жоқ емес. Осыған дейін Солтүстік Корей Ресейге әскери көмек беруге бара жатыр деген болжам айтылған.

1694598538879057.jpg

Ресей президенті Путин мен Ким Чен Ынның кездесуі Амур облысында орналасқан «Восточный» ғарыш айлағындағы «Союз-2» ғарыш зымыраны кешеніндегі техникалық қосынның инженерлік корпусында басталды. Ертеден оқшауланған елдің (Солтүстік Корей) басшысы енді оқушаланған елден (Ресей) не іздеп жүр деген сауал әлемдік БАҚ-тың басты тақрыбына айналды.

Путин мен Ким келіссөздерге дейін 2023 жылы осы айлақтан ұшырылуы жоспарланған зымыран тасушы «Ангараның» құрастыру цехында болды. Бұл зымыран тасушы 24 тонна жүкті жер маңындағы орбитаға жеткізе алады.

Журналистер сауалына жауап берген Путин өз кезегінде: «КХДР  басшысы зымыран техникасына зор қызығушылық танытып, олар өздерінің ғарышын дамытатын болады», - деп мәлімдеп, Мәскеудің Пхеньянға өз жер серігін құрастыруға көмек қолын созатындығын алға тартты.  

КХДР басшысы Ким Чен Ын кездесу алдында: «Біз президент Путин мен Ресей үкіметінің барша шешімін құптаймыз», - деп ашық мәлімдеді.

Бұған дейін президенттің баспасөз хатшысы Дмитрий Песков: «Кездесудің нәтижесі жөнінде ешқандай баспасөз конференциясы болмайды», - деп мәлімдеген болатын.

Ресей Қорғаныс министрі Сергей Шойгу қатысқан келіссөздің жабық бөлігі біржарым сағатқа созылды. Солай десек те кездесу алдында журналистер тарапынан қойылған «әскери-техникалық ынымақтастық сөз бола ма?» деген сауалға президент Путин: «Барша сауалдарды асықпай сөз етеміз. Оған бізде уақыт бар», - деп жауап берді.

«The New York Times» газеті: «Кимнің көздегені Путиннен ғарыш саласы мен сүңгуір кеме флоты үшін заманауи технология және азық-түлік көмегін алу», - деп жазды. Батыс барлаушылары Ресей кәріс жағынан соғыстағы әскері үшін оқ-дәрі алуға құлықты деген болатын.

Кездесуде Ресей президенті Путин: «Солтүстік Корей нағыз көрші. Ол әріптестікті, бейбет көршілік қарым-қатынастарды нығайтқысы келеді және әрқашан бейбітшілік үшін әрекет етеді», - деп сөйледі.

Өз кезегінде Ким Чен Ын: «Сыртқы жаулармен соғыста сөзсіз Ресей армиясы мен халқы жеңіске жетеді. Себебі, Ресей империализмге қарсы күрес жүргізуде», - деді.

Mezgil.kz


Ұқсас тақырыптар