Қырғызстандағы шу: Жапаровтың әйелі Қытай елшілігінен млндаған доллар алған

«Эне-балаға тірек» қайырымдылық қоры 2022 жылы донорлардан өз жобасына 123 млн доллар алған. Аталмыш қордың басшысы Қырғызстан президенті Садыр Жапаровтың әйелі Айгүл Жапарова болып табылады. Бұл туралы ақпаратты Temirov Live зерттеу командасы жария етті. Команданың негізін журналист Болот Теміров қалаған.


Айгуль Жапарова

 

Зерттеу авторларының айтуынша қоғамдық ұйымның ең көп қаржы алған донорының бірі Қырғызстандағы Қытай елшілігі. Temirov Live ұсынған қордың есептік құжатына сәйкес, Қытайдың дипломатиялық өкілдіктерінен 102 млн долларға жуық қаржы түскен. Сонымен бірге қорға техникалық және гуманитарлық мақсатта «Ас-Сафа орталығынан» 14,6 млн долларға жуық қаржы аударылған. Бішкектегі жеке клиниканың иесі саналатын Чакмак Мемет есімді азамат қорға 6,3 млн долларға жуық қаржы аударған. Бұл ақпараттарды журналистік зерттеу барысында Temirov Livе ұсынған.

 

«Эне-балаға тірек» қоры аталмыш ақпаратқа байланысты жауап қатып, шындыққа жанаспайтынын айтты. Қордың айтуы бойынша Қытай елшілігінен 9 млрд сомға жуық қаржы емес, 9 млн сомға жуық қаржы алдық дейді. Ол қаржыларды Баткен облысындағы әлеуметтік жобаларды іске асыруға бағыттадық дегенді айтуда. Чакмак Мемет млндаған доллар емес, 563 мың сом аударды десе, Ас-Сафа орталығы 1,3 млн сомды мүмкіндігі шектеулі жандарға арба алу үшін берді дейді. Қор журналистерге осы бір шулы ақпаратқа байланысты толыққанды мәлімет беруге дайынбыз деп отыр.  

 

Бұған дейін Temirov Live, OCCRP және Kloop тәуелсіз басылымы Қырғызстан президентінің ұлы Рустам Жапаровтың достары ірі жобаларға қатысы барын айтып, зерттеу жариялаған болатын. Зерттеуде Орталық Азияға заңсыз негізде жүк тасымалдау маршруттарын ашқаны жайлы айтылады.  

 

Болот Теміров 2022 жылдың қарашасында Бішкек сотының шешімі бойынша Ресейге шығарылған еді. Оны сот жасанды әскери билет жасады деп айыптаған болатын. Жақында Қырғызстанның Жоғарғы соты шешімді өзгертпестен өз күшінде қалдырды. Жалпы Болот Теміровке қатысты қылмыстық қудалау 2022 жылдың қаңтарында басталды. Ол сәтте Теміров өзінің Temirov LIVE ютуб арнасында «Қырғызмұнайгаз» мемлекеттік компаниясының мазут тасымалдаудағы күдікті схемасына байланысты зерттеу жариялап, оның артында Қырғызстан Ұлттық қауіпсіздік басшысы Қамчыбек Ташиевтің туыстары тұруы мүмкін екенін айтқан-ды.


Mezgil.kz



Ұқсас тақырыптар