Путин үшін тағы бір есік жабылды. Армения Путинді тұтқындауға міндеттелді

Армения парламенті Халықаралық қылмыстық соттың Рим статусын ратификациялады. Бұған Кремль өкпелі.

20211004023443.jpg

Армения Ұлттық жиыны (Парламенті) ХҚС-тың Рим статусын ратификациялап, оның талаптарын орындауға міндеттелді. Армения парламентінің оппозициялық – «Армения» және «Честь имею» партиялары дауыс беруден бас тартып, залдан шығып кеткен.

Ереван билігінің бұл қадамына Кремль бұлқан-талқан болуда. Арменияның Рим статусын мойындаған елдер тізіміне қосылуын Ресей Президентінің баспасөз хатшысы Дмитрий Песков: «Ресейге қарсы дұшпандық әрекет», - деп бағалаған. «Мәскеу Ереванның ХҚС-тың Рим статусын мойындауына наразы. Бұл өте-мөте Ресейге қарсы жасалған қадам», - деген еді.

Песков Ресей президенті Путиннің жуық арада Арменияға сапарлап бармайтынын да айтқан.

Ал Армения премьері Пашинян: «Арменияның Рим статусын мойындауына себеп бар. ҰҚШҰ (ОДКБ) мен Ресей-Армения әріптестігі еліміздің қауіпсіздігін қамтамасыз етуге жеткіліксіз болып отыр», - деген.

Рим статусын мойындау – Арменияға бірқатар міндеттер жүктейді. Соның ең маңыздысы – Халықаралық қылмыстық сот тұтқындауға бұйрық шығарған Ресей президенті Путин Арменияға аяқ бас қалған жағдайда, Ереван оны тұтқындауға міндетті болады.

Мысалы, Рим статусын мойындаған және Путинді тұтқындауға міндетті болған Оңтүстік Африка Республикасында биыл өткен БРИКС саммитіне Ресей президенті бармай қойған.

Ереван: «Армения Рим статусын Ресейге қарсы қабылдап жатқан жоқ. Біз Таулы Қарабақ мәселесі бойынша қабылдап жатырмыз», - деп түсіндірген. Алайда, бүгін Армения парламенті Рим статусына ресми түрде қосылу туралы шешімге келді.

Ары айт та, бері айт, бүгін Кремль қожайыны үшін тағы бір есік жабылды. Ресейдің «әскери одақтастарының» бірі (ОДКБ бойынша) Путинді тұтқындауға міндет жүктеп алды.

Mezgil.kz


Ұқсас тақырыптар