Қазақстанға АЭС-ті Ресейдің «Росатомы» сала ма?

Қазақстан «Росатом» және тағы үш компаниямен АЭС бойынша келіссөздер жүргізіп жатыр.

1696501671809714.jpg

Энергетика министрлігінің баспасөз қызметі Қазақстанның «Росатом» және тағы үш компаниямен атом электр станциясы бойынша тереңдетілген келіссөздер жүргізіп жатқанын хабарлады.

«Кездесу барысында Қазақстандағы АЭС құрылысы жобасына қатысты мәселелер, АЭС құрылысының нормативтік-құқықтық базасын жетілдіру; атом энергетикасы үшін кадрлар даярлау мәселесі; «Радиоактивті қалдықтармен жұмыс істеу туралы» Қазақстан Республикасы Заңының және тұжырымдамасының жобасы қаралды. Әлеуетті жеткізушілер ретінде CNNC (ҚХР, hpr-1000 реакторы), «Росатом» (РФ, ВВЭР-1200, ВВЭР-1000 реакторлары), KHNP (Оңтүстік Корея, APR-1400 реакторы) және EDF (Франция, epr1200 реакторы) компаниялары қарастырылды. Қазіргі уақытта жоғарыда аталған жеткізушілермен АЭС құрылысы жобасын іске асырудың ұсынылған шарттарын талқылау бойынша терең келіссөздер жүргізіліп жатыр», – делінген атом саласы мәселелері талқыланған отын-энергетика кешені мәселелері жөніндегі Қоғамдық кеңес отырысының қорытындысы бойынша хабарламада.   

Естеріңізге сала кетейік, 19 мамырда белгілі экономист-энергетик, «KEGOC» корпорациясының бұрынғы басшысы Әсет Наурызбаев атом электр станциясын қолдаушыларға болашақта жасыл энергия үшін Т30 емес, кВт/сағ үшін 70 теңге төлеуді ұсынған болатын. Сарапшы АЭС бойынша президент уәде еткен референдумды ашық дауыс беру арқылы өткізу қажет деп есептейді. Бұған дейін Мемлекет басшысы АЭС салу қажет болса, бұл мәселені референдумға шығарамыз деп уәде еткен болатын. Алайда шілденің 15-і күні Энергетика вице-министрі Жандос Нұрмағанбетов АЭС салу мәселесі референдумға шығарылмайтынын айтты.

Қыркүйек айының 1-і күні Президент Тоқаев кезекті Қазақстан халқына жолдауында: «Атом электр станциясын салу немесе салмау мәселесі – еліміздің болашағына қатысты аса маңызды мәселе. Сондықтан оны жалпыұлттық референдум арқылы шешкен жөн деп санаймын», – деді.

Ал 6 қыркүйекте Орталық сайлау комиссиясы АЭС-ке қатысты референдумды 2023 жылдың өзінде-ақ өткізуге дайын екенін мәлімдеді.

Mezgil.kz


Ұқсас тақырыптар