Газадағы қылмыстық шабуыл: Орталық Азия елдері не дейді?

Қазанның 18-не қараған түні Газа секторындағы Әл-Ахли ауруханасына зымыран соққысы жасалып, жүздеген адам опат болды. Ақпарат көздері 500-800 адам қаза тапты дейді, ал кейбір БАҚ өкілдері көз жұмғандар саны мыңнан асты дегенді айтуда.


Число погибших в секторе Газа палестинцев превысило 700 человек — РБК

 

Тараптар бір-бірін айыптауда. Палестина «соққыны Израиль әскері қасақана жасады» десе, Израиль тарапы «шабуылды Газа секторындағы лаңкестік ұйымдардың өзі іске асырды» деген нұсқаны айтуда. Израиль билігі Газа аймағынан атылған зымыран Әл-Ахли ауруханасына түсіп, жарылды дейді. Осыған дейін ХАМАС атқан зымыранның бірнешеуі Израиль аумағына жетпей, Газаның өзінде жарылып кеткен фактілер тіркелген болатын.

 

Алайда сарапшылар ХАМАС зымырандарының қуаты тұтастай бір аурухананы жоятындай емес дейді. Ал Әл-Ахли ауруханасына жасалған соққының қуаттылығы соншалық, қаза тапқан азаматтардың денесінде сау тамтығы қалмаған.

 

Әлем елдері бұл соққыны айыптап, өз үндеулерін жасауда. Орталық Азия елдері де қайғылы оқиғаға байланысты позицияларын білдіріп жатыр.

 

Тәжікстанның СІМ-і жүздеген бала мен әйелдер, жазықсыз жандар қаза тапқан шабуылды қатаң айыптады. «Қандай жағдай болса да, аурухана іспеттес азаматтық нысандар ешқашан шабуыл нысанына айналмауы тиіс. Бұл қиналған халыққа қызмет көрсетер мекемелер саналады. Тәжікстан қылмыстық шабуылды айыптай отырып тараптарды дереу ұрыс қимылдарын тоқтатып, жағдайды тұрақтандыру үшін диалогқа келуге шақырады», - деп мәлімдеді.

 

Өзбекстанның СІМ-і де мәлімдеме жасады. «Зымыран соққысынан жүздеген адамның қаза тапқаны жайлы қайғылы ақпаратты ауыр күрсініспен қабыл алдық. Халықаралық құқықтың өрескел бұзылу фактісі ретінде біз аталмыш қылмысты қатаң айыптаймыз. Қаза тапқандар мен жараланғандардың жақындарына көңіл айта отырып, ұрыс қимылдарын дереу арада тоқтату керектігін айтамыз», - дейді Өзбекстан СІМ-і.

 

«Қырғызстан Сыртқы істер министрлігі жүздеген жазықсыз жанның қазасына себепкер болған Газа аймағындағы Әл-Ахли ауруханасына жасалған шабуылды қатаң айыптайды. Халықаралық құқықты өрескел бұзған бұл әрекетті мұқият тексеруге шақырамыз. Қырғызстан бейбіт тұрғындар арасындағы өлім-жітімді тоқтату мақсатында тараптарды ұрыс қимылдарын тоқтатып, келіссөз үстеліне отыруға шақырады», - дейді Бішкек.

 

Қазақстан билігі де күні кеше ХАМАС-тың бейбіт тұрғындарға шабуылы мен Израильдің бейбіт нысандарды атқылағанын айыптап, тараптарды келіссөз үстеліне отыруға шақырған еді.


Mezgil.kz

 



Ұқсас тақырыптар