Бүгінгі уақытта қоғамымызда отбасы құндылықтары өткір талқыға айналған тақырыптың бірі. Отбасындағы әлеуметтік жағдайдан бастап мемлекеттік бағдарламаларға дейінгі аралықты қамтитын маңызды тақырып аясында саясаттанушы Мақсат Жақаудан сұхбат алып, ой өрбіттік.
- Отбасы құндылықтары жайлы сөз етсек деп едік. Отбасы құндылықтарын әр адам әр түрлі түсінеді. Материалдық және рухани тұрғыдан да қарастырып жататындар бар. Жалпы сіз үшін отбасы құндылықтары неден тұрады?
- Отбасы құндылықтары қазіргі уақытта өте өзекті. Себебі, сол құндылықтардың сақталмауынан, ажырасу, озбырлық, агрессия, зорлық-зомбылық өте көп. Зардап шегушілері балалар, отбасы мүшелері соңында.
Сондықтан ең алдымен отбасы құрудағы жауапкершілік жоғары болуы тиіс. Егер отбасы құрушылар осыны миларына компьютерлік бағдарлама есепті қойып алмаса, бәрі бекершілік. Отбасыңның алдындағы, балаларыңның, туған-туыстарыңның алдындағы үлкен жауапкершілік болуы тиіс.
Екінші, бір-бірін түсіну, бір мақсатта өмір сүру, сыйластық сияқты қасиеттер керек. Онсыз отбасы құндылықтары орнамайды.
Үшінші, өнегелі деңгейге талпыныс. Ол үшін, дұрыс тәрбие, еңбек пен білім алуға мінез таныту, спорттық мінез керек болса, ол да отбасының саулығына әсер етеді. Және жоспарлау әрдайым, тәуекелшілдік ол жоспары жоқтарда, мақсатсыз жүргендерде көбіне болады. Ол қателігі көп бағыт. Сондықтан, уақыт, бюджет, күш-қайрат, білім-қабілет, мүмкіндіктер сияқты дүниелер отбасылық жоспарлауға кіреді. Сонда ғана отбасы шайқалмай, қиналмай, толық отбасы форматында өмір сүреді, әрі айналасына үлгі-өнеге көрсетеді.
- Мемлекетімізде отбасы құндылықтарын берік ету үшін қандай шаралар қабылданып, бағдарламалар іске асуда? Балабақша, мектеп, ЖОО-да отбасындағы татулық, береке-бірлікті сақтау үйретіле ме?
- Меніңше, мемлекеттік бағытта бұл бағыттар бар, бірақ әлсіз, аймақтық деңгейлері әртүрлі. Сондықтан кешенділігі аз болып көрінеді. Ақпараттық саясатта әлсіз науқаншылдығы төмендемеген. Ал азаматтық қоғам жобалары стратегиядан гөрі бір жылдық қысқа мерзімдерге жоспарланған, одан керемет болып кетпейді. Білім мекемелерінде мектепке дейінгі бағытта бар, әрі өте жоғары деңгейде. Ал мектептерде әртүрлі көрініс тапқан. Бәлкім онда отбасыдан гөрі мемлекеттік-патриоттық бағыт басым болуы мүмкін. Негізі ұрпаққа айтуындай айтылып жатыр бұл бағыттар. Мәселе, оларды әлеуметтік желідегі ақпарат көбіне тартып әкетеді. Бұрын көше тәрбиелейтін, қазір оған әлеуметтік желі қосылды. Сондықтан оффлайндағы көп айтылатын ақпаратты, онлайндағы жүйе жұтып қояды. Дегенмен, бұл жерде отбасы, мектеп, қоғам үнсіз отырмай, күнделікті бағыттауды тоқтатпауы тиіс. Дәстүрлі тәрбие, дін, мәдениет өз дәрежесін түсірмеуі тиіс. Кітап оқу, спортпен шұғылдану, достарымен жүру, адамгершілік идеялары, ұлттық тәрбие дәстүрлері үнемі мемлекеттік деңгейде де, отбасы деңгейінде де тұрақты жүру қажет. Басқа балама жоқ.
- Соңғы жылдары «ата-әже», «әке» институты құлдырап кетті дегенді жиі естиміз. Сіз бұл пікірмен келісесіз бе?
- Келісем, ата-әжелер институты керек. Оларсыз дәстүр, ұлттық құндылықтар, отбасылық-туысқаншылдық идеялары тұрақты жүрмейді. Бәрі-бір өзінің қажеттілігін көрсетіліп тұрады. Ата көрген оқ жонар, апа көрген тон пішер деген тұтас тұрмыс-салттық дүниеден отан, қоғам, азамат, тұлға деген ірі дүниелерге бағыттайды. Қанша алыс жүрсе де, үлкендердің ықпалынан ұрпақты айырмау керек. Олар әке-шеше бере алмаған тұстарын толтырады. Жетпеген тәжірибені көрсетеді. Сондықтан отбасындағы туысқандық баллансты дәл осы үлкендер буыны сақтап, тұрақты дамуына әсер етеді.
- Отбасы құндылықтарын сақтауда «жеті ата» принципі қаншалықты маңызға ие?
- Бұл ғасырлар бойы жүзеге асқан бағыт. Ғалымдар жеті ата қағидаларын бағзы әлімсақтан бері, протосақ, скиф, үйсін, қаңлы дәуірлерінен басталғанын дәлелдеген. Егер дерек керек болса, ғалым, филолог Ақселеу Сейдімбектң «Ауызша қазақтың тарихы» мен этнограф Жамбыл Артықбаевтың «Қазақ отбасы» деген еңбектерінен көруге болады. Қан тазалығын кешегі ғасырдың елуінші жылдары Израиль ғалымдары да анықтаған екен, соның ішінде қазақ, корей, қытай халықтарының әлемдегі ең қаны таза ұлттар қатарына енгізген. Бұл қан тазалығы дәл осы жеті атаға дейін кыз алыспаудың салдары. Біздің ұлтымыздың жүзден астам рулары бар. Соның ішінде жеті атадан бастап, он екі, жиырма төрт атаға дейін мүлдем қыз алыспайтын үрдістері бар. Сондықтан қарқа тамырлы қазақтың ата-бабасынан келе жатқан тазалық тектілік ұғымына бір-ақ барып тіреледі. Ал тектілік бұл қадір-қасиеті, бойындағы қабілет-қарымы өмірде, қоғамда ең жоғары істерде байқалатын феномен. Өйткені, тектіліктен аттағанда тексіздікті қоғам өзі бірден ажыратып алады. Қоғамға, тәртіптке, сатқындыққа, кесір-кесапатқа апарғанды бірден тексіз деген ұғыммен, бүкіл руына таңба басылып, оның жуып шайылу ұзақ мерзімге баратын болған. Сондықтан қазақта тексіздік сирек құбылыс та, тектілік жаппайы жиі көрініс табатын құбылыс болды. Қазақтың қаны да, жаны да текті болатыны осы «жеті ата» идеясының нәтижесі.
- Қоғамда жарнама үлкен рөл ойнайды. Теледидар мен көше билбордтарындағы отбасы құндылықтарына арналған жарнамаларға көңіліңіз тола ма?
- Жарнама қашан да әсері бар әрекет. Жарнамасы жоқ жер жабық қоғам іспетті. Отбасы жарнамалары - бұл әлеуметтік жарнамалар. Әлеуметтік жарнама көшеде, ақпараттық толқында, әлеуметтік желіде жүре бергеннен ұтылмайды. Мәселе оның көркемдігі мен мазмұнында. Кейде қылмысқа бара жатқан адамды осы жарнамалар қайтаруы мүмкін. Кейде азып-тозып, құлазып жүргенге ерік-жігер беруі мүмкін. Жарнама дегеніміз ақыл-кеңес, насихат. Қоғамда әрине әлеуметтік жарнамалар өте аз. Ал қылмыс атаулы, зорлық-зомбылық жиырма миллиондық халыққа шаққанда өте көп. Соңғы жылдардың статисикасының өзінде қылмысқа бару үш есе көбейген, ажырасу екі есе өскен. Осыдан байқауға болады, бізде әлеуметтік үгіт-насихаттың деңгейін.
- Елімізде ажырасу көбейді. Бұл да отбасы құндылықтарын дұрыс түсінбеудің әсері ме?
- Әрине, ажырасудың себебі әлеуметтік жағдайлар мен отбасы құндылықтарының әлсіздігінен. Жоғары да бұлар жайында толық ашып айтып кеттім. Қазір ауырдың астымен, жеңілдің үстімен, еңбексіз, бірден шалқып-тасып кетем деген ұғым басым. Оған әлеуметтік желідегі желөкпе блогерлерді үлес қосуда. Халқымыздың 85 пайызы күніне әлеуметтік желіде 3,5-4,5 сағатын құртады. Яғни оның ойлау машинасын иемеденді деген сөз. Ол өзінің ықпалымен емес, көрген-білгенін әлеуметтік желіден түйіп шешім шығарады. Оңай ұрсыса салу, оңай кредит ала салу, оңай ақшасын онлайн ақша тіге салу ертеңгі қиындықтарды ескерместен қадамға барады. Нәтижесінде, есін жимастан бәрінен айырыла салады. Оның үстіне қазіргі қоғамда кітап оқымайды, дүниетанымы өте тар, ақылдан гөрі ашуға жақын жүреді. Бұл психиологиялық жағынан ұтылып тұрған жағдайлар. Сол себепті, отбасында бір-бірін естімеу, түсінбеу, ойласпау орын алады да, ақыры өтірікке, ашуға, тез шешім қабылдауға жақын болады. Содан тез ажырасу, бір-бірін көрмей кету болады. Бұның зардабын балалары татады. Болашақ отбасын құратындар бұлар, осыны көріп өседі, содан түрлі психологиялық-материалдық көмплекстері әбден қалыптасқан буыннан болашақта толық отбасы құрай алатын топ шығады деп ойлайсыз ба? Әрине, өте қиын жағдай. Толық емес отбасылардың жарасы бәрі-бір бойларында сақталады, оның өмірінде қайта сыр бермейтініне ешкім дөп басып кепілдік бермейді. Сондықтан, отбасы құрудың алдында жүз рет ойланып, бір шешім қабылдау керек. Жүз жауапкершіліктің болатынын, бір ғана ажырасудың болатынын түсіну керек. Егер олай болмаса, ажырасудың саны төмендемейді. Бұл әлеуметтік қоғамда деградацияға, күйзеліске, ұсақ мақсаттылыққа, ірі реформаларға әкелмейтін феномен ретінде есептеледі. Бұған ғалымдарда үнсіз отырғанына таң қаламын. Қазір дабыл қағатын мәселе бұл.
Mezgil.kz