Венгрия премьері Астанада: Қазақ пен мажар - туыс халық!

Қазақстанға Венгрия премьері Виктор Орбан келді. Франция басшысының ұшағы әуеге көтерілген сәтте, Орбанның ұшағы әуежайға қонып жатты. Осылайша Қазақстанның көпвекторлы саяси бағытының тереңдететін кезекті маңызды кездесу, салмақты келіссөзге жол ашылды.


 

Оны Астана әуежайында Қазақстан Республикасы премьер-министрінің орынбасары Серік Жұманғарин күтіп алды. Қазақстан басшылығымен келіссөздер барысында сауда-саттық, экономикалық, инвестициялық және мәдени-гуманитарлық салалардағы Қазақстан-Венгрия ынтымақтастығын одан әрі кеңейту мәселелері талқыланады.

 

Венгрия премьері Орбанның Еуропадағы саясаты соңғы уақытта сын астында қалуда. Ол Украинаға ЕО тарапынан берілетін көмекті бұғаттап, Швецияның НАТО-ға қосылу туралы келісімін әлі Парламент деңгейінде ратификацияламады. Алайда Қазақстан мен Венгрия арасындағы қарым-қатынас екі жақты сенім мен келісім аясында өрбуде.

 

Венгрия Түркі мемлекеттері ұйымында бақылаушы рөлінде. Ұйымға мүше болып, түркі әлемімен экономикалық, мәдени байланыстарды арттыруды ойлауда. Тарихи тұрғыдан өздерін «ғұн ұрпағымыз» дейтін мажарлар, бүгінгі кездесу барасында да туысқандық пен бауырластық жайлы сөз етті.

 

Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан мен Мажарстанның тарихи тамырластығы және тығыз байланыстары бүгінде екі ел арасындағы ынтымақтастықтың тереңдей түсуіне негіз болғанын атап өтті.

 

«Қазақ пен мажар – ежелден сыйластығы жарасқан туыстас, достас халықтар. Екі елдің тілі, салт-дәстүрі мен мәдениеті ұқсас. Орта ғасырларда Торғай даласынан Еуропаға қоныс аударған қыпшақ тайпаларының ұрпақтары бүгінде Мажарстан аумағында өмір сүріп жатыр. Біз мұны мақтан тұтамыз. Бірлескен күш-жігеріміздің арқасында қазақ-мажар ықпалдастығы барлық салада қарқынды дамуда. Бұған, құрметті Премьер-министр мырза, Сіз өлшеусіз үлес қосып келесіз. Біз бауырластығымызды, өзара тиімді қарым-қатынасты одан әрі тереңдетуге мүдделіміз. Бүгінгі келіссөздер екіжақты стратегиялық серіктестікті одан әрі дамытуға тың серпін береді деп сенемін», – деді Президент.

 

Ал Венгрия президенті өз кезегінде Қазақстан тарапына алғыс айтып, жылы лебізін білдірді. «Құрметті Президент мырза! Біз Қазақстанға әрқашан ерекше қуанышпен келеміз. Біз мұнда соңғы рет пандемияға дейін болған едік. Сол кездің өзінде екіжақты қарым-қатынасымыз өте табысты дамыды. Бірақ коронавирус барлық байланыстарымыздың қарқынын тежеді. Біз бүгін өзара ықпалдастығымызға тың серпін беру үшін келдік. Орта Азия аймағында бізді Қазақстанмен ғасырлар бойғы тарихымыз байланыстырады. Сондықтан сіздердің әрбір жетістіктеріңізге қуанамыз. Қазақстан – табысты дамып келе жатқан ғажап ел. Мен әрқашан Қазақстаннан үлкен әсермен қайтамын», – деді Мажарстан Премьер-министрі.

 

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Мажарстан Премьер-министрі Виктор Орбанға I дәрежелі «Достық» орденін табыс етті. Екі ел арасындағы кездесулер барысында бірнеше маңызды құжатқа қол қойылмақ.  


Mezgil.kz



Ұқсас тақырыптар