«Біз ҰҚШҰ-дан шықпаймыз!» Кеше журналистердің Қазақстанның ҰҚШҰ-дан шығуына қатысты сауалына Сауда министрі мен Сыртқы істер министрінің орынбасары осы сарында жауап берді.
Сыртқы істер министрінің орынбасары Қайрат Омаров:
«Бұл ұйымға мүше болуға қатысты көптеген пікір айтылды. Бірақ бүгінге дейін бірде-бір мемлекет мүшелігін тоқтатуға ресми түрде жүгінбеді. Сондықтан біз ҰҚШҰ құрамында қандай да бір өзгерістерді қарастырмаймыз. Сыртта болғаннан гөрі іште болған жақсы. Қазақстанның [ҰҚШҰ-дан шығу бойынша] жоспары жоқ. Бұл ұйымды құрудың бастауында біз де тұрдық. Ол біздің мүдделерімізге жұмыс істейді деп санаймыз. ҰҚШҰ шеңберіндегі барлық шешім консенсус принципі негізінде қабылданады», - деді.
Ал Сауда және интеграция министрі Арман Шаққалиев: «Одақтан шығу туралы ресми инициатива болмады. [Одақтан шығу] туралы сарапшылар көп айтып жатыр. Бірақ бізде ешқайдан шықпаймыз. Бұл – біздің ресми позициямыз. Одақтан шығуға ешқандай экономикалық, саяси жағынан себеп жоқ», - деді.
Осындайда, әуелі Гүржістанмен, одан кейін Украинамен соғысқан Ресеймен әскери одақтасу – ҰҚШҰ құрамында болудың жалпы қазаққа керегі бар ма деген ой келеді. Путиндік құндылықтар елімізді геосаясатта кері тартатынын қазақтың көзі ашық жұртының бәрі біледі.
Осы тұста Армения алғашқы болып есін жиды. Есін жиды дегеніміз олар барлық саяси-экономикалық кіріптарлықты қаперге ала отырып, сенімді одақтастықтан – сенімді әріптестікке көшудің қилы нұсқасын Мәскеуге ұсынды. Бірақ жұртың бәрі «кіші іні», ал өзін «үлкен аға» санайтын Кремль бұған еш көнбек емес.
Айта кетейік, ҰҚШҰ-ның кезекті басқосуы бүгін Минскте өтеді. Оған ұйымға мүше мемлекеттердің басшылары барды. Армения премьері Пашиняннан басқасы әрине. ҰҚШҰ-ның бүгінгі басқосуында не мәселелер талқы болатынын кейінірек жазатын боламыз.
Mezgil.kz